Понедельник, Апрель 22, 2019
Басты > БАҚ біз туралы > Ақтөбеде стартап академиясы ашылды

Ақтөбеде стартап академиясы ашылды

Астана, BAQ.KZ. Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік өңірлік университетінде Стартап академиясы ашылды. Алаңның ашылу салтанатына Алматы менеджмент университетінің ректоры Гүлмира Қорғанбаева, облыстық кәсіпкерлік басқармасының басшысы Анар Даржанова, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» Ақтөбе филиалының директоры Берік Нұрғалиев және университет студенттері мен жас ғалымдар қатысты.

Стартап академиясы – бизнес жүргізуді, кәсіпкерлік дағдыларын университет көлемінде ғана емес, сондай-ақ өңірлік деңгейде үйретуді іске асыратын, стартап-жобаларын идеядан бастап жоғары сатылымдарға дейін жетілдіруді көздейтін алаң.

Университет ректоры Бауыржан Ердембековтің идеясымен жасақталған алаңда тігін цехы, биологиялық зертхана, мүсін жасау кабинеті және асхана бөлмесін аралаған қонақтар студенттердің айналысып жатқан кәсіптеріне ризашылығын білдіріп, бұл жастар үшін жаңа мүмкіндіктердің бастауы екенін айтты. Асханадағы студенттер ұн өнімдерінен өздері дайындаған тағамдарын ұсынды. Университет ректоры облысымыздың бренд тауарларын көбейтіп, оны тиімді пайдалануға болатынын айтты.

ӘАйталық, біздің брендіміз — тары. Одан жасалатын өнімдерді көбейтуіміз керек. Басты мақсатымыз — осы алаңнан болашақ кәсіпкерлерді даярлап, бизнестің қыр-сырын үйрету. Бұл жерде идеялар мен жобалар тоғысып жатуы керек. Біз студенттеріміздің 50 пайызын осы алаңнан өткізетін болсақ, жақсы нәтижеге қол жеткізгеніміз», — дейді университет ректоры.

Шараға қатысқан «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» Ақтөбе филиалының директоры Берік Нұрғалиев жалпы еліміз бойынша кәсіпкерлік саласында шағын және орта бизнестің үлесі аз екенін айтып, ісін жаңадан бастап жатқан жас кәсіпкерлерге берілетін 6 пайыздық жеңілдетілген несие мен әр жас пайдалана алатын мүмкіндіктерді атады.

Стартап – жастар кәсіпкерлігін дамытудың негізі. Осы салада өз жұмысын Құдайберген Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университеті 2017 жылдың аяғында «StartUp – 2017» байқауынан бастаған болатын. Алғашқы стартап-жобалар байқауының жеңімпазы «Ақылды балабақша» жобасы өткен жылы іске қосылып, «Zerek» балаларды дамыту орталығына айналды.

Университеттің әлеуметтiк кәсiпкерлiктi дамыту бағытындағы жұмыстарының нәтижесі – студенттердiң әлеуметтiк стартаптары. 2018 жылдың мамыр айынан бастап республикада жастарды әлеуметтік-пайдалы жұмысқа тартуға бағытталған «Жас проджэкт» байқауы өткізілді. Университеттен 11 өтінім беріліп, оның ішінде 6 стартап грант иегері атанып, жалпы 7 миллион теңгені ұтып алды, — дейді университеттің инновация мен кәсіпкерлікті дамыту орталығының директоры Әсел Шетиева. Оның айтуынша университет шеңберінде ғана емес, мектеп оқушылары, колледж студенттері де түрлі жобаларын ұсынып қатыса алады. Мұндай жұмыстар облыстық кәсіпкерлік басқармасымен бірлесе отырып аудандарда да іске асады.

Шара барысында «Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университеті өңірдің интеллектуалды ресурстарының шоғырлану орталығына айналдыру» жобасының аясында «Самұрық Қазына» әлеуметтік қарым-қатынас және коммуникациялар орталығының бас директоры Ербол Исмайылов және оның спикері, композитор, «Doma Doma Production» дыбыс жазу студиясының лейблін құрушысы Самсон Аракелян студенттерге арнап мотивациялық сессия өткізді.