Пятница, Апрель 26, 2024
Басты > Жаңалықтар > Атақты суретшінің көрмесін тамашалады

Атақты суретшінің көрмесін тамашалады

Жұбанов университетінің Студенттер сарайында афиндік суретші Янис Кириакидистің көрмесі өтті. Оған қылқалам шеберінің 100-ден аса төл туындылары қойылды.

Салтанатты жиында университеттің Ғылым және инновациялар жөніндегі проректоры Рахым Бекназаров суретшіні көрменің ашылу салтанатымен құттықтап, «Жастар жылы» аясында ұйымдастырылған көрменің мақсатын тілге тиек етті.

«Бұл менің бірнеше жылдық  шығармашылық жұмыстарымның жемісі деп білемін. Өнерде шекара жоқ демекші, бүгінгі көрмеге келген барлығыңызға алғысымды білдіремін», — деді Янис Кириакидис көрменің ашылу салтанатында.

Көрменің кураторы, танымал экслибрист, ҚР Суретшілер одағының мүшесі Мәрзия Жақсығарина суретші туралы өз естеліктерімен бөлісіп,  суретшіге алғысын жеткізді.

Янис Кириакидис — Грекия Суретшілер Одағының, ЮНЕСКО Пластикалық Өнер Халықаралық Ассоциациясының мүшесі. Ол май, акварель, ксилография, линогравюра, офорт, литография сынды әр түрлі шығармашылық техникаларда жұмыс істейді.

Янис Кириакидис — «Покаяние пилигрима», «Последний Апостол», «Долина Духов», «Театральный сезон», «Небеса грешников», «Мать собаки Динго», «Исповедь свечи» өлеңдер жинағының авторы.

Суретшінің иллюстрациялары Шекспирдің, Гете, Пушкин, Куприн, Авиценна, Дехлеви, Навои, Малларме, Стендаль, Горький, Хамид Гулям, Шараф Рашидов, Чингиз Айтматов, Эсхил, Ригас Фереостің және басқа да шығармаларда бар.

1956 жылдан бастап КСРО, Англия, АҚШ, Бразилия, Франция, Греция, Германия, Литва, Испания, Австрия, Италия, Эстония, Югославия, Финляндия, Чехословакия, Латвия, Чили, Португалия, Қытай, Норвегия, Моңғолия, Дания, Польша, Ресей, Чехия, Түркия, Болгария, Мексика, Словакия, Аргентина, Сербия, Румыния елдерінде 400-ден астам жеке және жалпы көрмелерге қатысты.

Жұбанов университеті басшылығының қолдауымен өткізілген шараға облыстың суретшілері, өнертанушылар, Ақтөбе қалалық оқушылар сарайының, Ақтөбе қалалық көркемсурет лицейінің, Бадамша ауылының балалар өнер мектебінің,  оқушылары мен университет студенттері қатысты.