Пятница, Март 29, 2024
Басты > Жаңалықтар > Туындыларын сыйға тартты

Туындыларын сыйға тартты

Ақтөбедегі Жұбанов университетінде грек суретшісі Янис Кириакидистің жеке көрмесі өтіп жатыр. Сексеннің сеңгіріне шыққан суретшінің қолынан осы кезге дейін 2000-ға жуық туынды жарық көріпті. Оның арасында бояуы кеппегендері де бар. Ол ксилография, акварель, май, линогравюра, офорт, литография сынды әр түрлі шығармашылық техникаларда жұмыс жасайды.

Суретшінің коллекциялары Греция Мемлекеттік өнер мұражайы, Акрата қалалық мұражайы, Менсолонги қаласының заманауи өнер мұражайы, Афины,  Мәскеу, Санкт-Петербург, Белгород, Түркия, Беларусь, Чехия, Өзбекстан, Болгария, Кипр, Польша, Қытай, АҚШ және көптеген елдердегі жеке мұражайларында орналасқан.

Ал, Студенттер сарайының фойесіндегі бірер күн бұрын ашылған қылқалам шеберінің жүзден астам картинасын тамашалауға бүгін  университет басшылары жиналды.

Суретші Янис Кириакидистің: «Ақтөбе жеріне алғаш рет келіп, көрме өткізіп отырмын. Бұл көрменің ерекшелігі мұнда тек кескіндеме және графикалық үлгіде салынған шығармалар қойылған. Зер салып қарасаңыздар әр туынды аса ыждағаттылықпен, дәлдікпен салынған. Ақтөбеде бұл өнердің деңгейі емес, оны түсіне, бағалай білетін халықтың жоғары бағалайтынына көзім жетті. Көрмеге келуші жастардың санында шек жоқ. Жастар шеберліктерін әрі қарай дамытып, шыңдауын қалаймын. Сондықтан бастаған әрбір игі істеріңізге сәттілік тілеймін», — деп, қолдау білдірген   университет басшылығына алғысын жеткізді.

Сөз соңында қылқылам шебері жиналған университет басшыларын көрмеге қойылған әрбір туынды суреттерін салудағы ішкі жан дүниесімен, суреттердің тақырыптарымен таныстырып өтіп, көрмеге қойылған туындыларын университетке сыйға  тартты.

Өз кезегінде университет ректоры, профессор Бауыржан Ердембеков  мұндай көрмелердің жастар үшін тәрбиелік мәні жайында берері мол екенін айтып, тәрбиелік мәні зор істі алдағы уақытта да жалғасын табатынын жеткізді. Сондай-ақ, Бауыржан Аманкелдіұлы сөз соңында суретшінің шығармашылығына мол табыстар тілеп, сый-сыяпатын табыстады.

Айта кетейік, грек  суретшісінің көрмесі Жұбанов университетінде келесі айдың соңына дейін жалғасады.