Четверг, Март 28, 2024
Басты > Жаңалықтар > Бағдат Жұбаныш — Жұбановқа мақтаныш

Бағдат Жұбаныш — Жұбановқа мақтаныш

2019 жылдың 12-16 ақпан аралығында Алматы қаласында Қазақстанда жақында құрылған ММА біріккен қауымдастығының эгидасымен аралас жекпе-жектен ҚР Чемпионаты (ММА) өтті. Оған былтыр ММА-дан Бахрейнде өткен әлем чемпионатында Қазақстан қоржынына жалғыз алтын медальді салған Жұбанов университетінің 2-курс студенті Бағдат Жұбаныш қатысты.  Өңірлік іріктеу турнирлерінің жеңімпаздары қатысқан чемпионатта  жас спортшы 52,2 келі салмақ санатында өнер көрсетіп, жеңіске жетті.

ММА аралас жауынгерлік жекпе-жек (ағыл. Mixed Martial Arts) —  жекпе-жек күрестері үшін  тиімді техника элементтері, мектептері мен бағыттарын біріктіретін спорттың бірегей түрі.

Бүгін әлем чемпионын Жұбанов университетінің ректоры, профессор Бауыржан Ердембеков арнайы қабылдады.

Кездесуде әлем чемпионы: «Бұйырса осы ММА спорт түрінен қайта шығып, қайта өз атағымды қорғау ойда бар. Алдағы чемпионаттардан алтын жүлдені алғым келеді, сол себепті тынбай еңбек етудемін. Ол үшін  ММА-дан Қазақстан құрамасының бас бапкері Айбек Шоқпытовпен бірге  жаттығу жұмыстарымен айналысып  жатырмын», — деді.

 

 

 

 

Спортшымен кездесу барысында «Бізде оқуда, мәдениетте және спортта үлкен жетістіктерге жеткен студенттеріміз бар. Олар біздің мақтаныштарымыз! Осыған байланысты университет қабырғасында өскелең ұрпаққа өнеге болатын біздің чемпиондарымыздың суреттері бар стендтер орнатуымыз керек», — деді ректор.

Бүгінде Бағдат Жұбаныш университет дамуына белсене арласып, оқудан жеңілдік алған студенттердің бірі. Ректордың айтуынша, келесі оқу жылында Бағдаттың тегін білім алуға және университетке жұмысқа орналасуға толық мүмкіндігі бар.

Кездесу барысында Бауыржан Аманкелдіұлы әлем чемпионына шынайы алғысын айтып,  алдағы жеңісті күндердің көп болуына тілектестік білдірді.

Айта кетейік, жас спортшы  алдағы уақытта Тайландта өтетін Азия чемпионатында ел намысын қорғайды.