Вторник, Март 19, 2024
Басты > Жаңалықтар > Ұлт тарихының жанашыры

Ұлт тарихының жанашыры

«Көптеген халықтар өз елінің ерекше елшісі

сынды ұлы бабаларының есімдерін мақтан тұтады»

Н.Назарбаев

  

Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінде Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында анықталған идеяны жүзеге асыру мақсатында 2017 жылдан бастап «Атамекен» кіші бағарламасы аясында 15 кабинетке Құдайберген Жұбанов, Мұхтар Арын, Дербісәлі Беркімбаев, Нұрпейіс Байғанин, Тілеу батыр Айтұлы, Қабақ баба Айтұлы, Досжан Хазірет, Қаныш Сатпаев, Нұрсұлу Тапалова, Роза Жаманова, Өтежан Нұрғалиев, Рабиға Сыздық және т.б. сынды ұлт өміріндегі әйгілі тұлғалардың есімі беріліп, жанадан жасақталды. Оның ішінде Дербісәлі Беркімбаев, Тілеу батыр Айтұлы, Қабақ баба Айтұлы атындағы кабинеттер меценаттар қаржысына жасақталды. Университет басшылығы ұрпақ тәрбиесіне көп мән беріп, жастарға, олардың ұлттық саналарының берік болуына зор ықпал жасауда. Өлкеміздің танымал тарихи тұлғаларына, өнер мен мәдениет және қоғам қайраткерлерінің атына арнаулы кабинеттердің ашылуы — соның айғағы.

Сонымен қатар, 23 ақпанда тарих факультетінде осындай танымал есімдердің бірі — тарихшы Бегежан (Бек) Сүлейменовтың атындағы оқу кабинетінің ашылу салтанаты өтеді.

Революцияға дейінгі қазақ тарихын терең және жан-жақты зерттеген ғалым, Қазақ КСР ҒА кор­рес­пон­­­­дент-мүшесі, тарих ғылымдары­ның док­торы, профессор, Ш.Ш.Уәли­ха­нов атын­­дағы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, ХVIII-ХХ ғ.ғ. Қазақстан тарихының көр­­­нек­ті зерттеушісі Бегежан (Бек) Сүлейменов 1912 жылдың 12 желтоқсанында сол кездегі  Торғай облысы (қазіргі Ақтөбе облысы — Д.Абенов) Ақтөбе уезі Шалқар болысының №13 ауылында дүниеге келген. Үлкен атасы Нияз би қабақ руының белді де беделді биі, старшыны болған. Хиуа хандығына қарсы өз елінің тәуелсіздігі үшін қол бастаған. Шекті руындағы көтерілістерді бас­қар­ған Көтібар батыр­дың туысқаны – жиені (анасы жағынан).

Алғашқыда Мү­ба­рак Низамуддиновтің бастауыш мек­тебіне түсіп, кейін Шалқар ауданы орта­лығындағы жетіжылдық мектепте оқиды.

1934 жылы Мәскеудегі Карл Либкнехт атындағы Москва мемлекеттік педагогикалық институтының тарих факультетіне оқуға түседі. 1938 жылы оқуы аяқталғаннан соң, қазақтың тұңғыш білім ордасы, Абай атындағы Қазақ мемлекеттік педагогикалық институтына (қазіргі Абай атындағы ҚазҰПУ) қызметке орналасады. Осында қызмет атқара жүріп, 1941 жылы ашылған шетел тілдері институтының директоры қызметінде болады.

1945 жылы 9 сәуірде ҚазМУ-де ҚСРО Кеңес Халық Комиссариаты жанындағы (Жоғары мектеп ісі бойынша Бүкілодақтық комитеттің» рұқсатымен «Қазақстандағы 1867-68 жылдардағы реформалар» тақырыбында кандидаттық диссертациясын қорғайды. Ресей империясының отаршылық саясатының көрінісі – қазақтарды басқару туралы 1867-1868 жылдардағы әкімшілік реформаның негізгі мақсаты қазақ өлкесінде отаршылдықты нығайтуға бағытталғанын, оның  мәнін жан-жақты талқылап, отарлау саясатының бұрмаланған тұстары жөнінде өзінің батыл пікірлерін айтқан. Патша өкіметінің қазақ мемлекеттілігін жою мақсатын нақтылы дәлелдермен көрсеткен.

Соғыстан кейінгі жылдары Москва мен  Ленинградта  “Лениградтық іс”, “Дәрігерлер ісі” жүргізіліп жатқанда Қазақстанда талантты тарихшы “Бекмахановтың ісі” ұйымдастырылды. Е.Бекмахановтың 1947 жылы жарық көрген “Қазақстан XІX ғасырдың 20-40 жылдарында” деген көлемді еңбегі де сынға ұшырады. 1950 жылы “Правда” газетіндегі “Қазақстан тарихының мәселелерін маркстік-лениндік тұрғыдан жазу үшін” деген мақалада Е.Бекмаханов еңбегі айыпталды. 1951 жылы 10 сәуірде Қазақстан Компартиясының Орталық Комитеті “Правда” газетіндегі мақала бойынша қаулы қабылдап, “Бекмахановтың буржуазиялық-ұлтшылдық көзқарасын айыптады”. Қаулыны жүзеге асыру барысында тарих ғылымдарының докторы Е.Бекмаханов Ғылым академиясындағы қызметінен босатылып, барлық ғылыми атақтарынан айырылып, 1952 жылы 4-желтоқсанда 25 жылға сотталды.

Е.Бекмахановпен қатар республиканың көрнекті қоғамтану ғалымдары  А.Жұбанов, Х.Жұмалиев,Б.Шалабаев, Б.Сүлейменов, Е.Смайлов, жазушы Ю.Домбровский осындай жалған айыптармен жазаланып, сондай-ақ Ә.Марғұлан, Ә.Әбішев, С.Бегалин секілді ғалымдар мен әдебиет өкілдері саяси және буржуазиялық-ұлтшылдық қателіктер жіберді деп айыпталған болатын.

1952 жылғы 17 шілдеде ҰҚК Б.Сү­лей­ме­новті, ал 5 қыркүйекте Е.Бекмахановты тұтқындады.

Б.Сүлейменовке «1941-1952 жж. дейін кеңестік жүйеге қарсы ұлттық буруазиялық пиғылда болған»- деп, айып тағылып, бірнеше еңбектерін ғылыми айналымнан алып тастады.

Сібір лагерлерінде қазақтың аса ірі екі тарихшысы, бір-бірін қолдап, Бегежан Сүлейменов жұмсақ мінез­ді әрі өкпе дімкәсі бар Ермахан Бекмахановты өз қамқорлығына алып, қорғанышы бола білді. Оның қайсарлығы мен өржүректігі үшін айналадағылар оны «Бек» деп атап, сол уақыттан бастап Бек Сүлейменов болып халыққа танылды.

Қазақтың қос тарихшылары Е.Бекмаханов пен Б.Сүлейменовтың ақталып шығуына тарихшы А.Панкратованың үлесі мол екенін атап өткеніміз жөн.

Революцияға дейінгі Қазақстандағы аграрлық қатынастар тарихына үлкен, қомақты үлес қосқан еңбегі, 1963 жылы жарық көрген «ХІХ ғасырдың соңғы ширегіндегі Қазақстандағы аграрлық қатынастар» монографиясы болды. Жалпы, Б.Сүлейменов қазақ тарихының қилы кезеңдеріне өз зерттеулерін арнаған тарихшы.

1954 жылы Сібірден қамаудан босап келгеннен кейін Бегежан аға өмірінің соңына дейін Қазақ КСР ҒА Тарих, археология және этнография институтында революцияға дейінгі Қазақстан тарихы бөлімін бас­қарды.

Сонымен, Қазақстанның ХІХ ғасырдың соңы ХХ ғасырдың басындағы әлеуметтік-экономикалық және саяси дамуын зерттеуде Бек Сүлейменовтың еңбектерінің орны ерекше. Тарихшылар, магистранттар мен студенттер үшін таусылмас қайнар.

Дәулет Абенов

Тарих ғылымдарының кандидаты, доцент