Вторник, Март 19, 2024
Басты > Жастар саясаты > Еңбекқор жастарға қолдау көрсетіледі

Еңбекқор жастарға қолдау көрсетіледі

Елбасының қолдауымен құрылған «Жасыл ел» бағдарламасы биыл 15-ші жыл ұйымдастырылып отыр. Осы жылдар ішінде аталмыш бағдарлама қарқынды дамып қана қоймай, қазақстандық жастарды еңбекпен қамтуда үлкен маңыздылыққа ие болып отыр.
Осыған орай Елбасының Жастар жылы аясында Жұбанов университетінде «Жасыл ел» студенттік жасақтарының жаңа кеңсесі салтанатты түрде ашылды. Бұл жерде студенттер мен мектеп оқушылары еңбек жасақтарына өту туралы қажетті ақпарат алып қана қоймай, құжаттарын да тапсыра алатын болады. Кеңсенің ашылу салтанатына облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Нұрлан Кунтуов, «Атамекен» студенттік отрядтары және облыстық «Жасыл ел» еңбек жасағының төрағасы Нұрылбек Мусин және университеттің профессорлық-оқытушылық құрамы, студенттер мен баспасөз өкілдері арнайы қатысты.
Мақсаты – облысымыздың жастарын біріктіріп, әлеуметтік-пайдалы процесске тарту. «Жасыл ел» – бұл тек құрылыс объектілерін тұрғызу мен ағаштар отырғызу, абаттандыру, көгалдандырумен шектелмей, жастардың бос уақытын тиімді пайдалануды ұйымдастыру, жастарды жұмыспен қамту, елжандылыққа, еңбекқорлыққа тәрбиелеу.
Жиынға қатысып, құттықтауын білдірген университет ректоры, профессор Бауыржан Ердембеков Жастар жылында жастарға мүмкіндіктердің мол екендігін айтып, жастар жасақтарының жұмысына сәттілік тіледі.
Университет қабырғасынан орын алған фронт-офистің комиссары болып аталмыш «Жаратылыстану» факультетінің 3-курс студенті Әділет Төремұрат тағайындалды. Оның сөзінше еңбекқор жастарды қолдау және «Жасыл ел» жасағының қатарына қабылдау фронт-офистің алға қойған басты міндеттерінің бірі.
Жасаққа қосылуға ниетті жастардың барлығы фронт-офиске қажетті құжаттарды тапсырады, ал отрядтар командирлері қабылданған құжаттарды «Жасыл ел» жасағының Ақтөбе бойынша облыстық штабына жөнелтеді.
«2018 жылы 5500 студенттер мен оқушылар жастар ұйымы қатарында еңбек етті. «Облыс әкімі Бердібек Машбекұлы Жастар жылында 6000-нан астам жастарды «Жасыл ел» жасағына қабылдау туралы мақсат қойып отыр» — деді, өз сөзінде облыстық жастар саясаты басқармасының басшысы Нұрлан Күнтуов.
Кеңсенің ашылу салтанатынан кейін Жұбанов университетінің студенттерімен кездескен жиында «Атамекен» студенттік отрядтары және облыстық «Жасыл ел» еңбек жасағының төрағасы Нұрылбек Мусин: «Еңбек маусымы негізгі үш бағыт бойынша жүргізіледі. Олар — көгалдандыру, абаттандыру және құрылыс жасақтарында жұмыс атқару. Жұмыс істеймін деген жасқа ешқандай кедергі жоқ. Бүгінде тіркелу жұмыстары жүріп жатыр. Яғни жазда еңбек еткісі келетін азаматтар «Жасыл ел» жасағының штабына хабарласуына болады. Жастардың бос уақытын тиімді пайдаланып, еңбекке баулу мақсатында қолға алынған жұмыс жыл санап өз жемісін беріп келеді. Оның бірден–бір дәлелі жасақ сапында болғысы келетіндердің саны әр кез артып отыр», — деді.
Нұрлыбек Мусиннің айтуынша, Жастар жұмыс істегені үшін лайықты еңбекақы алатын болады. Биылғы маусымда 17 жастан бастап мектеп оқушылары, студенттер, колледж оқушылары және жұмыссыздар санатында жүрген 29 жасқа дейінгі қала және ауыл жастары еңбек ететін болады. Сондай-ақ олар «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында салынып жатқан түрлі құрылыс жұмыстарына қатысады.
Айта кететін жайт, фронт-офис Жұбанов университетінің Бас оқу ғимаратында «Жаратылыстану» факультетінің №621 кабинетінде жұмыс күндері сағат 8.00-ден 17.00-ге дейін ашық болады.