Пятница, Март 29, 2024
Басты > БАҚ біз туралы > Рухани тәрбие орталығы

Рухани тәрбие орталығы

Дербісәлі Беркімбаевтың 180 жылдығына арналып атқарылып жатқан шараларды жүзеге асыруға Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің ұжымы да лайықты үлес қосуда. 

Университеттің ғылым және инновациялар жөніндегі проректоры Рахым Бекназаровпен әңгімеміз осы арнада өрбіді.

— Тарихи тұлға ретінде дараланып тұратын, заманында жарты патша атанған Дербісәлі Беркімбаевты еске алуға қатысты шараларды атқаруға елдің болашақ тұтқасын ұстайтын жастарымыз білім алып жатқан оқу ордасының белсене қатысуы сүйінішті жайт екен. Ал кабинет ашу идеясы қалай туындады?

— Жалпы жоғары білім алатын жастарымыз жан-жақты, жетілген, зерделі жандар болуы тиіс деп есептейміз. Ал күні ертең біздің университетімізді бітірген жастар Дербісәлі Беркімбаев секілді қазақ тарихындағы орны бар бітімі бөлек қайраткер жөнінде білмей жатса ұят емес пе? Оның сыртында Тәуелсіз еліміздің тарихын жаңарту, жаңғырту сәтінде мұндай шаралардың өтуі дұрыс деп есептейміз және одан біздің тыс қалуымыз дұрыс болмас еді.

Осындай реттермен біз Дербісәлі Беркімбаевтың 180 жылдығына арналған шаралардың жоғары деңгейде өтуіне мүдделіміз де. Бас ғимаратымызда Беркімбаев кабинетін ашқалы отырмыз.

Бұл кабинет музей сияқты болмайды. Ең алдымен студенттеріміз бұл кісі кім болды деген сұраққа жауап алады. Ол үшін кабинетте бабамыз туралы ақпараттық деректер молынан жинақталады. Қазірдің өзінде алғашқы қадамдар жасалды.

Интерактивті тақтамыз бар, кабинетте компьютерлер болады. Саясаттану, тарих, өлкетану пәндерін осында өткізе отырып, жастарымыздың жан дүниесін рухани байытуға бағдар ұстайтын боламыз.

— Енді ғылыми конференция жөнінде бірер ауыз сөз айтсаңыз.

— Хромтау қаласында өтетін ғылыми конференцияны ұйымдастыруға да күш салып отырмыз. Оған Қазақстан және Ресей ғалымдары қатысады деп күтілуде. Санкт-Петербургтегі Ұлы Петр атындағы антропология және этнография музейінің бөлім меңгерушісі, тарих ғылымдарының кандидаты, доцент Инга Стасевич, Ресей этнографиялық музейінің аға ғылыми қызметкері, тарих ғылымдарының кандидаты, доцент Лариса Попова, ҚР Ұлттық Ғылым академиясының академиктері, ғылым докторлары Болат Көмеков, Бауыржан Байтанаев, әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің профессоры, тарих ғылымдарының докторы Гүлмира Сұлтанғалиева, Мәскеуден Ломоносов атындағы университеттің доценті Гүлбану Ізбасарова, Орынбор мемлекеттік аграрлық университетінің қызметкері Биғанша Әлімбаева келмекші.

— Бұған дейін ғалымдарымыз тарапынан Дербісәлі Беркімбаев қаншалықты зерттелді? Алдағы жоспарларыңыз қандай?

— Бұл ретте біз тарих ғылымдарының кандидаты, профессор Зәкіратдин Байдосов есімін алдыңғы қатарда атауға тиіспіз. Ол кісі Ресейдің архив материалдарын зерттеп, үлкен ізденіспен зерделеу жұмыстарын жүргізіп, «Алды кең, арты майса Дербісәлі» деген күрделі туындыны дүниеге әкелді. Осы еңбекте көп жайлар баяндалып, ғылыми тұжырымдар жасалады.

Әрине, алда да зерттеулер жалғаса беретіні сөзсіз. Өйткені тарихи тұлғаның ғұмырын жан-жақты жария ету ауқымды ізденістерді қажет ететіні айқын.

— Студенттер арасында Дербісәлі Беркімбаев тұлғасын, оның өмір сүрген ортасын, сол кездегі қоғамдық-саяси ахуалды зерттеуге талпыныс қалай? Жастар бұл ретте ғылыми ізденістерге барып жүр ме?

— Әрине. Жалпы Ақтөбе өңірінде өмір сүрген, тарихымызда өзіндік орны бар тұлғалар аз емес. Негізінен алғанда оларды зерттеп, зерделеу бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде деп айтуға болады. Мұны облыс аумағында ұйымдастырылып жүрген ғылыми-танымдық конференциялар тақырыбынан да аңғара аласыз. Ал Дербісәлі бабамыздың тұлғасын жан-жақты ашу, оның тұтас бейнесін жан-жақты таныту жас ғалымдарымызды қызықтыра түсетіні анық.

«Тарихи тұлғалар» деген тақырып бойынша Есет Көкіұлы, Есет батыр Көтібарұлы, Дербісәлі Беркімбаев секілді тұлғаларды зерттеуді жалғастыру жас ғалымдарға сын.

Әңгімелескен Нұрмұханбет ДИЯРОВ.

aktobegazeti.kz