Пятница, Март 29, 2024
Басты > Жаңалықтар > Мұқағали Мақатаевтың мұрасы ұлықталды

Мұқағали Мақатаевтың мұрасы ұлықталды

Мұқағалидың өлеңін жатқа білмейтін жан кемде кем болар. Бұл жолы да Жұбанов университетінің жастары Мұқағалидың шығармашылығынан хабарлары молдығын көрсетті.

Елбасының «Жастар жылы» аясында жастар арасында әдебиетті сүюге және өлең құдіретін бағалай білуге және  қазақ ақын-жазушыларының шығармаларын насихаттау мақсатында ғасыр ақыны, мұзбалақ ақын  Мұқағали Мақатаевтың туған күніне орай «Жырлайды жүрек» тақырыбында жыр сайысы өтті.

Жастардың таланты ашуға ықпал ететін бұл шарада 20 үміткер бақ сынасты. Ақиық ақын Мұқағали жырларын оқуға құштар жастар оған арнап шығарған туындыларын  да оқыды.

Әдеби сайысқа университеттің Әлеуметтік мәселелер және жастар саясаты департаментінің директоры Қарылғаш Сатыбалдина, педагогика факультетінің деканы Жанна Жусупова, Баспасөз қызметі бөлімінің маманы Сандуғаш Дүйсенбаева, «Қазақ әдебиеті» кафедрасының оқытушысы Ақтоты Мұхан қазылық жасады.

Жыр сайысын ашқан Әлеуметтік мәселелер және жастар саясаты департаментінің директоры Қарылғаш Сатыбалдина аталмыш шараның жастардың өз бойындағы талантын ашуға, ғылыми ізденіске бейімделуге, тұлға болып қалыптасуына жол ашар тағылым-танымдық іс-шара екенін тілге тиек етіп, қатысушыларға сәттілік тіледі.

Мұзбалақ ақынның туған күніне орайластырып өткен жыр кешіне университет факультеттерінің студенттері қатысып, «Поэзия – жүрек тілі», «Мұқағалиға арнау» бағыттары бойынша өз өнерлерін ортаға салды.
Қатысушылар «Поэзия – жүрек тілі» бағыты бойынша ұлы ақынның өлеңдерін нақышына келтіре орындаса, «Мұқағалиға арнау» бағытында ақынға арналған шығармаларын тарту етті.

Университеттің Тахауи Ахтанов атындағы конференц-залында өткен жыр сайысы күмбірлеп әнге ұласып, Мұқағали ақынның көкейді тербеген отты жырларына жалғасты.

Жиында педагогика факультетінің деканы Жанна Жусупова: «Мұқағали – ғұмырының соңына дейін шығармашылықтан алыстамай, қолынан қаламы түспей, қазақтың қара өлеңінің құдіреті мен сырына  молынан қаныққан ақын. Өлең киесінің мәні мен мағынасына терең бойлап, сөз маржанын келісті кестелей білген Мақатаев мұралары қазақ әдебиетіне қосылған баға жетпес туындылар. Жалындаған жастардың поэзияға деген құштарлығын арттыру орайындағы тағылымды шара өміршең болады деп ойлаймын», — деді.

Шара барысында кәсіби-шығармашылық факультетінің 2-курс студенті Арайлым Шетиева Мұқағали Мақатаевтің портретін салып, университет әкімшілігіне сыйға тартты.

Тартысты өткен байқау қорытындысында кіл жүйріктің ішінен шын жүйрікті анықтау оңай болған жоқ. Десе де  «Поэзия – жүрек тілі» бағыты бойынша бас жүлде педагогика факультетінің 2- курс студенті Күнсәуле Төлегеноваға бұйырды. Бірінші, екінші орынды жаратылыстану факультетінің студенттері Азамат Сұлтанәлі мен Қайрат Бахытжанов, ал үшінші орынды педагогика факультетінің 2-курс студенті Маржан Қуанышбаева жеңіп алды.

«Мұқағалиға арнау» бағытында физика-математика факультетінің 2-курс студенті Жеткізген Тіркешовтің жұлдызы жанып, жеңіс тұғырынан көрінді. Осы бағыт бойынша бірінші орынға педагогика факультетінің 1-курс студенті Аңсаған Сақтағанова, екінші орынға экономика және құқық факультетінің 1-курс студенті Қазына Жаншаева және үшінші орынға техникалық факульетінің 1-курс студенті Жомарт Таубаев ие болды.

Жүлдегерлер мен жеңімпаздарға Жұбанов университетінің ректоры Бауыржан Ердембековтің алғыс хаты мен дипломдары табысталды.

Сайыс соңында шара  ұйымдастырушысы, педагогика факультетінің аға оқытушысы Ақтолған Сисенбердиева тағылымды шара мұзбалақ ақынның ұлттық әдебиетке қосқан үлесін одан әрі айшықтай түсетіндігін айтып, демеушілерге алғысын жеткізді.