Суббота, Апрель 20, 2024
Басты > БАҚ біз туралы > Жол салуға мән берілді

Жол салуға мән берілді

Асхат КЕҢЕСОВ,

саяси ғылымдар кандидаты,

Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің аға оқытушысы

Ел Президенті Н.Назарбаевтың «Нұр Отан» партиясының кезекті съезінде сөйлеген сөзінен негізгі басымдық, яғни тапсырмалар мен міндеттердің тоқсан пайызы әлеуметтік мәселелерді шешуге бағытталғанын байқауға болады. Соның ішінде үш үлкен топты айрықша атап өтуге болады.

Бірінші, қазақстандық отбасылардың әл-ауқатын одан әрі көтеру. Бұл игілікті істі жүзеге асыру үшін 2019-2021 жылдары мемлекеттік бюджеттен 980 миллиард теңге бөлінбек. Оның ішінде бюджеттік қызметкерлердің еңбекақысын 30 пайызға және атқарушы органдардың төменгі деңгейдегі қызметкерлерін еңбекақысын орта есепппен 25 пайызға көтеру, аз қамтылған азаматтар категориясы мен көпбалалы отбасылардың әл-ауқатын көтеру, мүгедектер мәселесін шешу және т.б. Бұл, сөзсіз, бірталай қазақстандықты қуантқан жаңалық. Өйткені бұл салаларда қызмет ететін халықтың саны баршылық.

Сосын тұрғын үймен қамтамасыз ету, білім беру және денсаулық сақтау салаларын одан әрі жетілдіру мәселелері көтерілгені мені бейжай қалдырмады. Елбасының еліміздегі азаматтардың тек қана білімді емес, сонымен қатар дені сау болу керектігін атап өткені — жақсылыққа бастайтын қадам. Медициналық қызметтердің қолжетімді бола түсуі, әсіресе, халыққа жақсы жағдай жасаудың бірден-бір озық үлгісі деп білемін. Конституцияда көрсетілгендей, мемлекеттің басты байлығы — адам екенін ескерсек, оның денсаулығы да басты рөл атқарады ғой…

Сондай-ақ, аймақтық саясатты күшейтуге баса мән берілгелі отыр. Аймақтың дамуы — мемлекеттің дамуы. Өңірлердің бір-бірімен экономикалық және сауда байланысын күшейту үшін жолдар салыну қажет. Сондықтан Елбасы жолдар салуға бюджеттен 350 миллиард теңге бөлінетінін айтты. Жол мәселесі өзекті біздің облыс үшін бұл — жағымды хабар.

Елбасы өз сөзінде әлеуметтік мәселелерді шешуге бағытталған ұсыныстар мен тапсырмалар туралы көп айтты. Себебі соңғы уақытта қоғамымызда болып жатқан  көптеген пікірталастар осы әлеуметтік сұрақтардың шешілмеуінен туындаған болатын. Мемлекеттің негізгі стратегиялық басымдықтарының бірі — халық тұрмысының сапасын арттыру болса, съезде бұған қатысты берілген тапсырмалар орынды-ақ. Енді оның барлығының жүйелі орындалғанын тілейміз.

Менің ойымша, «Нұр Отан» партиясының басты бағыты және даму стратегиясы еліміздегі әлеуметтік мәселелерді шешуге негізделу керек. Елбасының ұсыныстары мен тапсырмалары да осыны меңзейді. Ендеше, билік партиясынан нақтылы игілікті істер мен баянды бастамаларды күтеміз.