Пятница, Март 29, 2024
Басты > Жаңалықтар > Бәрі де сіздер үшін, Арулар!

Бәрі де сіздер үшін, Арулар!

Осы тақырыпта Студенттер сарайындағы  Халықаралық әйелдер күніне арналған салтанатты жиын Көлеңке театрының «Ару ғұмыр» қойлымымен ашылды.

Бүгінде Жұбанов университетінде 1197 адам қызмет етсе, оның  74 пайызы нәзік жандар, ал білім алушылардың 70 пайызын қыз балалар құрайды екен. Осылайша, университетте халықаралық әйелдер мерекесі қарсаңында нәзік жандардың еңбегі еленіп, оларға жоғары деңгейде сый-құрмет көрсетілді.

Мерекелік шараны құттықтау сөзімен ашқан университет ректоры, профессор  Бауыржан Ердембеков: «Әдемілік атаулыдан нәр алған, шыға келер сұлулық боп сан алдан, махаббаттан жаралған, Ұмай анадан таралған, күллі тіршілік иесін «Ана» деген сөзге табындырған, өзінің қылау түспес қылығымен ер-азаматтарды бағындырған барша Аруларды бүгінгі 8 наурыз мерекесімен шын жүректен құттықтаймыз!» — деп, халық жадындағы есімдері ежелгі жырлардан белгілі, ерлігімен әлемге танылған нәзік жандар туралы сөз етті.

Содан соң университет ректоры «Қара шаңырақ – Жұбанов университетінде қызмет атқарып жүрген қыз-келіншектер — еліміздің мақтанышына айналған осынау ұлағатты жандардың жалғасы. Отбасын ұйытып, бала тәрбиелеп қана қоймай, қоғамдағы қызметті де қоса алып жүрген, сол қажыр-қайратының арқасында ел игілігіне бөленіп келе жатқан Жұбанов шаңырағының арулары аз емес» — дей келе, университеттің барлық ер азаматтары атынан әйелдер қауымын шын жүректен құттықтады.

Салтанатты шарада университеттің рухани және әлеуметтік дамуы жолында қол жеткізген   табыстары мен білім беру саласына қосқан үлесі үшін және жас ұрпақты отансүйгіштікке тәрбиелеу ісіне үлкен жауапкершілікпен қарап, еліміздің жарқын болашағына сіңірген еңбегі үшін профессор-оқытушылар құрамы мен қызметкерлері марапатталды.

Мерекелік шарада көпшілік назарына университеттің өнер ұжымдары мен жекелей орындаушылары дайындаған концерттік бағдарлама ұсынылды.

Салтанатты жиында университеттің ер азаматтары залдағы көрермендермен «Арыстың жағасында» әнін бірге шырқаса,  «Бейнелеу өнері, кәсіптік және музыкалық білім» кафедрасының меңгерушісі Мергембай Қорғамбековтің тебірене оқыған «Әйел» монологы көрерменді бейжай қалдырмады. Әсіресе, университет оқытушыларының орындауындағы әлемдік классикалық әндерден поппуррилер кештің көрігін қыздырды.

Мерекелік концерт тек қана ер азаматтардың өнер көрсетуімен ерекшеленіп, мереке құрметіне ұжымның әйелдер қауымына гүл шоқтары мен университеттің логотипі бейнеленген сыйлықтар  табысталды.