Вторник, Октябрь 15, 2019
Басты > БАҚ біз туралы > Тоғызқұмалақтан үздіктер анықталды

Тоғызқұмалақтан үздіктер анықталды

Тоғызқұмалақ – әлемдік мәдениетінің озық үлгілерімен бой теңестіре алатын зияткерлік (интеллектуалдық) ойын, логикалық ойлау өнері. Археолог-ғалымдарының пайымдауынша, ойынның пайда болу мерзімі 4000 жыл шамасын қамтиды. Жасөспірім ұрпақтың дене шынықтыру тәрбиесімен қатар, ақыл-ойының дамуына да зор мән берген бабаларымыз осы ойынды ойлап тауып, зияткерлік даму құралы ретінде қолданған.

Осыған орай Елбасының «Жастар жылы» аясында «Қабақ баба» қорымен бірлесіп  Жұбанов университетінің жоғары оқу орындарының студенттерінен  құралған  командалар арасында Тоғызқұмалақ ұлттық ойынын өткізді.

Басты мақсат – адамға үйлесімді тәрбие беру, жастар арасында ұлттық спорт түрлерін насихаттау, салауатты өмір салтын қалыптастыру және студенттердің шеберліктерін шындау.

Спорттық шараның салтанатты ашылуында университеттің Ғылым және инновациялар жөніндегі проректоры Рахым Бекназаров:  «Спортты деннің саулығын қамтасыз ететін құрал ретінде тану аздық етеді. Еліміздің лайықты азаматын әрі көшбасшы тұлғасын тәрбиелеу мақсатында спорттың тигізер ықпалы зор. Сондықтан спорт заманауи дәуірдегі салауатты өмір салтының маңызды бір бөлшегі», — деп, ойынның әділ болатынына сенім білдірді.

Өз кезегінде «Қабақ баба» қоғамдық қорының төрағасы Амантай Үмбетай: «Тоғызқұмалақ − қазақтың әлемдік мәдениетке, өркениетке үлес қосқан жарқын үлгісінің бірі. Жалпы зияткерлік ойындар адамзат тарихында, өркениеттің қалыптасуында ерекше орын алады. Себебі солар арқылы жүйелі, қисынды ойлау, табандылық се­кілді қасиеттер қалыптасады. Сол себеп­тен бұл ойындар ғасырлар бойы ұрпақтан-ұрпаққа жалғасын тауып келеді. Тә­уел­сіздіктің арқасында біз қайтадан ұлттық мұрамызды түлетіп, жаңа биікке көтеруге мүмкіндік алдық», —  дей келе, сөз соңында спортшыларға жеңіс тіледі.

Тоғызқұмалақтың классикалық түрі бойынша ұйымдастырылған жарысқа Жұбанов университеті, М.Оспанов атындағы БҚММУ, С.Бәйішев атындағы АУ, ҚР ІІМ М.Бөкенбаев атындағы Ақтөбе заң институты, Қазақ-Ресей Халықаралық университетінің студенттерінен  тұратын 5 команда қатысты.

Тартысты бәйгеде Жұбанов университетінің студенттерінің  құрамынан құралған команда жеңіс тұғырынан көрініп, жеңіс кубогына ие болды. Екінші орынды М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медициналық  университетінің  командасы қанжығасына байласа, үшінші орын С.Бәйішев атындағы Ақтөбе университетіне  бұйырды.

Жарыс соңында жеңімпаздар бағалы сыйлықтармен, алғыс хаттармен, кубоктармен марапатталды.