Пятница, Март 29, 2024
Басты > Жаңалықтар > Ақпараттық топ театр ұжымымен кездесті

Ақпараттық топ театр ұжымымен кездесті

Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаевтың ағымдағы жылы жасалған «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Қазақстан халқына жолдауы мен «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласын қала тұрғындары арасында түсіндіру және насихаттау бойынша құрылған жұмыс тобының құрамында біздің Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университеті ұжымының бір топ профессор-оқытушылары  үздіксіз, белсенді жұмыстар атқарып келеді.

 Ақтөбе қаласының әкімі І.Испановпен бекітілген Қазақстан Республикасы Президентінің Қазақстан халқына арнаған Жолдауын, Ұлт жоспары – бес институционалдық реформаны жүзеге асыру жөніндегі 100 нақты қадамды және «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласын қала тұрғындары арасында түсіндіру және насихаттау бойынша Т.Ахтанов атындағы облыстық драма театрында 2017 жылдың 5 қыркүйек күні театр ұжымымен кездесу өтті.

Шараға Ақтөбе қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Алтынай Юнисова, театр директоры Нұрлыбек Жұбатқан және Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университеті педагогика факультеті «Білім беру педагогикасы және психологиясы» кафедрасының доценті, педагогика ғылымдарының кандидаты Гүлшат Бахтиярова қатысып, баяндамаларын жасады.

Университет оқытушысы Б.Г.Рахметжанқызы өз баяндамасында бүгінде кеңбайтақ жерімізді 130-дан астам өзге ұлт өкілдері мекендеп, бақытты, баянды өмір кешіп жатқандығын сөз ете келіп, мемлекет басшысы атап көрсеткен біртұтас ұлт болудағы болашаққа жасалатын нақты қадамдар мен бұқаралық сана­­ны қалай өзгерту туралы тұжырымдарына студент жастарды тәрбиелеп отырған педагог-ғалым  ретінде өз ойын ортаға салды. Ұлттық мәдениет, ұлттық салт-дәстүрлеріміз, ана тіліміз бен музыкамыз, әдебиетіміз сынды ұлттық рухани-мәдени мұраларымызды халыққа насихаттап жеткізудегі Т.Ахтанов атындағы облыстық драма театр ұжымының еңбегін атап, табыстар тіледі.

Сонымен қатар кездесуде қоғамдағы ұлттық сананы тәрбиелеу, ұлттық болмысымызды сақтау, ком­пьютерлік сауаттылықтың болуы және бүгінгі жас ұрпаққа үш тілде білім беру мәселелері талқыланды.