Среда, Май 22, 2019
Басты > БАҚ біз туралы > Ақтөбе түлектері қызметсіз қалмайды

Ақтөбе түлектері қызметсіз қалмайды

Мемлекет Басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Нұр Отан»  партиясының кезекті XVIII съезінде: әрбір өңірде бір озық ЖОО болуы тиіс. Оқу орындар тиімділігінің басты көрсеткіші түлектердің жұмысқа орналасуы деп атап көрсетті. Еліміздің Батыс бөлігінде Елбасы қойған талаптарға сәйкес келетін жоғары оқу орынның бірі – Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университеті.

2

Мұнда Президенттің партия съезінде қойған тапсырмасына сәйкес түлектерді жұмыспен қамтудың кең ауқымды бағдарламасы белгіленген. Соның ішінде олардың өндіріс орындары мен ірі компанияларға жұмысқа орналасуына ықпал ету тетіктері жасалған. Оны жүзеге асыру үшін адами капиталды дамытудың Жол картасы әзірленіп, мансап орталықтарын құру ісі қолға алынды. Осы арада мұндай орталық әзірге елімізегі бес жоғары оқу орнында ашылғанын айтқан жөн. Соның бірі – Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университеті.

Біздің университет 230 өндіріс орны мен әрі өзге де мекеме білім беру ұйымдарымен келісім-шарттар жасаған. Бұдан 2 жыл бұрын жергілікті мұнай компаниясымен қол қойылған келісімге сәйкес түлектеріміз қызметке қабылдана бастады. Университеттегі білім бағдарламалары жұмыс берушілердің қатысуымен жасақталады. Мұның бәрі оқу мен өндіріс орындарының кәсіби деңгейі жоғары, біліктілігі мол кадрлер әзірлеу жөніндегі ортақ ұйғарымнан туындап отыр. Яғни, басты мақсат болашақ мамандарды кәсіби тұрғыдан шыңдау ісін университет қабырғасынан бастау болып отыр. Бұл қадамдар түлектерді еңбекке орналастырудың кепілі бола алады деген ойдамын деді газет тілшісіне Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің ректоры Бауыржан Ердембеков.

Қазіргі кезде елімізде «Мансап» орталықтарымен жұмыс жасау тәжірибесін орнықтыра білген отандық және шет елдік компаниялар қатары көбейіп келеді. Соның бірі шетелдік инвесторлар кеңесінің мүшесі «Филипп Морис Қазақстан» ЖШС болып отыр. Осы компанияның ұйымдық даму бойынша менеджері Татьяна Ковзалова тек Астана мен Алматы қалаларында ғана емес, сонымен бірге Қазақстанның барлық аймақтарынан қабілетті түлектер мен мамандарды жұмысқа шақыруға әзір екендіктерін айтып берді. Оның ішінде олар Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің түлектерін де қызметке қабылдауға ынта-ықылас танытып отыр екен.

Бүгінгі күні өңірлік ЖОО-да Мемлекет Басшысы «Нұр Отан» партиясының съезінде қойған міндеттерге сәйкес отандық және ше елдік серіктестер мен жұмыс берушілер санын одан әрі көбейту мәселелері жан-жақты ойластырылуда. Бұл үшін өңірдегі ірі инвесторлардың қатысуымен университет студенттері үшін «ашық есік» күндері мен дөңгелек үстелдер өткізу жоспарланған.

Міне, түлектердің жұмысқа орналасуы жөнінде өңірлік жоғары оқу орнында атқарылып жатқан іс-шаралар шоғырының кейбір мысалдары осындай.

Темір Құсайын,

«Egemen Qazaqstan»

АҚТӨБЕ