Пятница, Март 29, 2024
Басты > БАҚ біз туралы > Әлияның әлемі: флора және флорариум

Әлияның әлемі: флора және флорариум

«Әлия — гүл эстеті! Гүл —  сезімтал өсімдік, оны екінің бірі өсіре алмайды. Жан тазалығы мен жүрек сезімі айрықша адамдардың ғана қолынан келді! Әлия —  осындай жан!», — деп фейсбук әлеуметтік желісінде  жерлес жазушы Мәди Айымбетов Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің аға оқытушысы, гуманитарлық ғылымдар магистрі, Жұбановтану ғылыми-зерттеу орталығының жетекшісі Әлия Ұлықпанованың парақшасына осындай пікір қалдырған. Неге? Себебі, кейіпкеріміз Әлия бос уақытында бөлме гүлін өсіріп қана қоймайды, мықты флористермен әңгіме жарастыра білетін жан.  

Әкем гүл өсіретін…

Педагогика саласында отыз жылдай еңбек өтілі бар Әлия Ұлықпанова әкесі Жолдасқали отыз жетісінде өмірден өткенде небары үш жаста еді. Әке бейнесі еміс-еміс есте қалғаны болмаса, ол жайындағы естеліктерді оған қазір Ойылдың орталығындағы қарашаңырақта отырған анасы Ағила мен өзінен үлкен бауырлары, әкесінің дос-құрбылары үнемі айтып жүреді.

— Бақша салып, гүл өсіргенді бала күнімізден жақсы көреміз. Үйде алты бала өстік. Үлкендердің айтуынша, әкем өте білімді, талантты кісі болған.  Сонысымен қоса, гүл өсіргенді қатты жақсы көріпті. Бақша өнімдерін еккенде, Ойылдағы көрші орыстардың өзі таңданатын болыпты. Себебі әкемнің еккен гүлдері жайқалып өсіп, бақшадан өнім көп жиналатын болған. Тіпті қоян да өсірген екен. Анамыз бізді еңбекке ерте араластырды. Жастайымыздан бақша салып, өнім жиыстырдық.  Ауладағы 10 сотық жерден 50-60 қап картоп алатынбыз. Әлі есімде, Ойылда ХIX ғасырдан қалған қызыл кірпішпен қаланған жертөле болды. Күмбезді әрі терезесі бар жертөленің іші үшке бөлінген. Анам соның бір бөлігіне тұқымдық, енді біріне қыс бойы пайдаланатын, сосын ұсақ картопты сақтайтын, — деген кейіпкеріміз табиғатқа деген құштарлығын әкенің өсімдік өсіруге деген қызығушылық қасиетінің өз бойына даруымен түсіндірді.

Бүгінде белгілі тележурналист Жандай Тәукебаевтың есімі ел есінде. Осындай нағашылардан  дарыған қасиет Әлияның кейін әдебиетші болып қалыптасуына, өмірден өз орнын таба білуіне үлкен әсерін тигізсе керек.

Ақтөбеде фитошам қат

— Жолдасым Рақымжан 46 жасында өмірден озды, өте шебер жан еді. Ол да бақша салып, өсімдік өсіргенді жақсы көретін. Қолымыз қалт етсе, жалдамалы саяжайымызға баруға асығатынбыз, әсіресе дала гүлдерін еккенді ұнататынбыз. Бірде ол үйіміздің бір бұрышын бөлме гүлдерін қою үшін жасақтап берді. Жетпіске жуық гүлдердің әрқайсысына ерекше күтіммен қарайтынмын. Бөлме гүлдеріне қыста фитошам қажет. Мұндай құрал Ақтөбеде жоқ, іздеп таппадым. Жылыжайдағылардың өздері мұны әрең табады екен. Қыста гүлге жарық аз түседі. Бөлме гүлдері түгілі жылыжайдағы өсімдіктердің өзі  қыста жарыққа зәру болады. Фитошам таппаған соң, қарапайым шамдарды арнайы бұрыштағы гүлдер үшін жасалған сөрелерге орнаттық. Қазір үйде кенжем Ғалымжанмен «құрдас» фикус бар. Жасы — он алтыда. Фикус — жаз бойы жайқалып өскенмен, қыста демалатын өсімдік. Яғни осы мезгілде  жапырақтары түсіп, өсуін тоқтатады. Бірде қонаққа барған үйімізден осы бір гүлдің бір бөлігін сындырып алып, өзім еккен едім. Мақсатым — баламмен бірге өсіру. Себебі, ол кездері фикустың Ақтөбеде енді пайда бола бастаған кезі.  Әрине, солардың арасында мен үшін орны ерекше бір гүл бар. Ол — Фикус Бенджамина. Бұл гүлді маған жолдасым өмірден озарының алдында бір жыл бұрын 8 наурызда сыйға тартқан еді. Бүгінде сол гүл жайқалып, айналаға хош иісімен өз жылылығын шашып тұр, — дейді Әлия.

Қазір кейіпкеріміздің үйін шағын бақ дерсің. Өзі айтпақшы, үйге келген қонақтар бірінші кезекте жасақталған шағын бақта суретке түсуге құмартады. Оның да себебі бар. Бақ ішінен сылдырап аққан жасанды субұрқақпен қоса, Каспий теңізі секілді түрлі өзен-сулардан әкелінген тастарды көресің. Үйдегі бақ ішінде жасанды тотықұстар да «сайрап» тұр. Онымен қоса, 2 метрлік газон мен жасанды ошақтың жылуы шағын бақтың айналасын көріктендіре түскендей. Әлияның айтуынша, теңіз тастарына су бүріккен сайын бөлмені теңіз иісі жайлайды.

Дала гүлдеріне жүргізілген сынақ

— Гүл өсіру жаныма тыныштық әкеледі.  Алайда оқыста отбасымызға төнген қасіреттен кейін гүл өсірмек түгілі, еңсемді көтеріп, есімді жию үшін біраз уақыт қажет болды. Сөйтіп, үй жағдайында қызанақ, құлпынай, ұсақ қияр, яғни корнишон өсіріп көрдім. Себебі мен экспериментке құмар адаммын. Осылайша ұсақ қызанақтың 100 түп өскінін жеке үйде тұратын туыстарыма тараттым. Өнімділігі жоғары болғасын, бұл өсімдіктерді енді үй жағдайында өсіру үшін сынақ жүргіздім. Бұдан да нәтиже болды. Ең бастысы — тұқымға ерекше мән беру керек. Дала гүлдерін де үйде өсіруге эксперимент жүргізіп көрдім. Мәселен, канна аталатын дала гүлін ауылдағы үйдің ауласында өсіріп, сынақ жүргізу ниетінде бір түбін қазып әкеліп, пәтерімде өсіруге бекіндім.  Канна  үй жағдайында гүлдей ме, әлде қурап қала ма, соны білмек болып әлеуметтік желі арқылы Алматыдағы гүл өсіруші орталықтың мамандарынан сұрастырып көргенімде, олар дала гүлінің үй жағдайында ешуақытта  өспейтінін айтты. Сонда да болмай, каннаны үйде өсіріп көрдім. Гүлдеді. Кейін үйде гүлдеп тұрған каннаның суретін алматылық гүл өсіруші мамандарға жолдағанымда, олар өз таңданыстарын білдіргені бар, — дейді кейіпкеріміз.

Ол лалагүл (лилия), сүмбілгүл (геацинт) тәрізді дала гүлдерін де үй жағдайында өсіріп көрді, нәтижеге қол жеткізді. Қызғалдақ гүлдей қоймағанымен, бұл өсімдікті де үйде өсіруге болатынына көз жеткізіпті.

Әйнек ішіндегі бақ

Әлия Ұлықпанова қазір флорарим жасаумен де әуестенеді. Бұл — әйнек ішіне егілетін әртүрлі гүлдер.

— Бастапқыда флорариумның суретіне қарап, қызығып жүрдім. Былтыр жазда тәуекелге бел буып, гүл өсірудің осы бір әдісін жасауға кірістім. Флорариумның әйнек ыдысы қымбат тұрады, оның пішіні де әртүрлі болады. Қазірге дейін әртүрлі мөлшерде оннан астам флорариум жасаппын,— дейді ол.

Әлияның айтуынша, флорариумның ішіне түрлі бұйымдар салынады. Әйнек ішінде бір емес, бірнеше гүлдің түрі өсіріледі. «Ыдыстың ең түбіне дренаж салынады. Ол — ұсақ қиыршық тастар.  Одан кейін ағаш көмір (древесный уголь) саламын. Ол ыдыстағы артық ылғалды өзіне сіңіреді. Содан соң кокос жаңғағы ұнтағын пайдаланамын. Әйнек ыдысқа көбінесе суккуленттер егіледі. Бұл — сабақтары жуан әрі етті, жапырағында мол су қоры бар әртүрлі тұқымдас өсімдіктер тобы. «Суккулент» сөзі латын тілінен аударғанда, «сөл», «шырын» деген мағынаны білдіреді. Мұндай өсімдіктер анда-санда бір суаруды талап етеді. Себебі, су қалың жапырақтың бойында сақталады», — дейді кейіпкеріміз.

Ол флорариум жасағанда  суккуленттерге, кактустарға арналған құмды, болмаса әмбебап қара топырақты сатып алуға тырысады. Сондай-ақ, азот, фосфор сияқты тыңайтқыштарды өз мөлшерімен пайдалануды да шебер меңгеріпті.

— Флорариумдегі өсімдікке арналған гель болады. Егер өсімдік көп уақыт суарылмаса, әлгі гель әйнек ішіндегі кішкене ылғалдың өзін суландырғыш қасиетке ие. Әйнек ыдыстағы топырақ қатып қалмауы керек, үнемі қопсытып тұру қажет. Ол үшін перлит, вермикулить, агроперлит сияқты тыңайтқыштар қосылады. Мұндай тыңайтқыштар топырақтың жеңіл демалып тұруы үшін қажет, — дейді Әлия.

Ол әйнек ішіндегі өсімдіктерді көркемдеуге ерекше мән береді. Ол үшін әртүрлі қиыршық тастар, түрлі түсті топырақтарды пайдаланады.  Ұсақ кәдесыйларды да Әлия жасаған флорариум ішінен көруге болады.

— Флорариум жасағанда ең бастысы — топырақты дұрыс таңдау қажет. Декорға түрлі түсті топырақты пайдаланамын. Түрлі түсті кристалл мен минералдар да флорариумның сапасын арттыра түседі. Қазір Ақтөбеде флорариум жасайтындар көбейді. Бастапқыда түрлі түсті топырақты Ақтөбеден таппаған соң, Астанадан тапсырыспен алғыздым. Алайда қазір мұндай топырақты қолдан жасау әдісін меңгеріп алдым. Ол үшін қарапайым гуашты тұзды суға ерітіп,  топыраққа әбден араластыру керек. Топырақ құрғаған кезде түрлі түсті құмға айналады. Енді өзім жасаған түрлі түсті топырақпен флорариумды безендіретін боламын, — дейді Әлия Ұлықпанова.

Ол гүлдерді тұқымнан өсіргенді жаны сүйеді. «Былтыр Самараға екі түрлі гүлдің тұқымына тапсырыс бердім. Бірақ ол келіп болмады. Флорариумда өсетін гүлдердің тұқымын алу үшін  интернет арқылы Мәскеуге тапсырыс жолдадым.  Өз басым  Ақтөбеде жоқ гүлдерді іздеймін. Адениум Ақтөбеде бар, бірақ көп емес.  Былтыр адениумның бір түйір тұқымын 150 теңгеден сатып алдым. Гүл тұқымы Тайландтан әкелінген екен. Ақтөбеде сирек кездесетін осы бір гүлдің 6 түйір тұқымын өсіріп жатырмын», — деген Әлияның үйінен сирек кездесетін глоксиния мен соланиум тәрізді гүлдерді де кездестіресің.

Қазір Әлияның интернет желісінде «Бау-бақша әлемі» атты арнасы бар. Ол әлеуметтік желі арқылы көрермендеріне өзі еккен, өсірген гүлдерінің қыр-сырын айтып, тәжірибесімен, жасаған сынағымен бөліседі. Ең бастысы — бұл дәрістер қазақ тілінде  жүргізіледі. Себебі ол интернетте мұндай мәліметтердің көпшілігі орыс тілінде жазылатынын айтады. Ал гүл өсіру ісіне қатысты ана тілімізде жазылған, айтылған деректер аз.

Арайлым НҰРБАЕВА.