Четверг, Март 28, 2024
Басты > БАҚ біз туралы > Ұлттық болмысымызға бойлағанда

Ұлттық болмысымызға бойлағанда

«Ұлтына, жұртына қызмет ету – білімнен емес, мінезден»

Әлихан Бөкейханов

Кез келген ұлт, халық, ел, мемлекет өркениет биігіне ұмтылған сайын өзінің төл болмысын зерделеп, сақтап, өрісін кеңейтіп отырудың қажеттілігі арта түспек. Өйткені, өркениеттің өз табиғаты, өз заңдылығы, ұрпаққа қоятын талабы бар. Ұрпақтың өркениеттің заңдылықтарын біліп, одан сүрінбей өтуде мемлекет пен ұлттың болашағына ықпал етіп отыратын нәрсе ұлттың болмысы. Болмыс дегеніміз – адамзат әлемі (осы әлем), бізді қоршаған әлем, кеңістік, уақыт, табиғат, қоғам, тарих ұғымдарымен бірге өмір сүріп жатқан нәрселер. Дәлірек айтсақ, «адам баласының көз алдында өмір сүріп жатқан нәрселердің барлығы, оның табиғаты, бейнесі, өмір сүру формасы, ережесі және тағы да басқа дүниелерді болмыс» дейміз.

Болмыс философиялық ұғым, барлық дүниетанымдық тәжірибелерден бастау алып, адамзат мәдениетімен жалғасып жататын дүниетанымдық білімдердің негізі. Барлық ғылым мен білім түрлерінің бастауы адам баласының болмысты тануға деген ұмтылысында (бетбұрыс) жатыр. Бұған (болмыс ұғымына) тоқталып отырған себебіміз, көне дәуірден адамзат мәдениетінде орын алған, одан кейін бүкіл адамзат қоғамының даму құбылысына айналып отырған дүниелер (даналық, білім, өнер, ғылым) осы болмысты зерделеуден туындап, өрісін кеңейтіп отырған. Осы себептен философиядағы болмысты тану мәселесін адам баласының интеллектуалдық ізденісінің бастауы деп айтуымызға болады. Болмысты зерделеп, зерттеуде адамның адамзат мәдениеті мен өркениетінің дамуына ықпал етіп отыратын жаңа дүниелерді қалыптастырып отырғандығын көреміз. Болмысты тануда адамның, бір аймақтың, ұлттың немесе бір елдің өзіндік болмысының қалыптасып отыратындығын тарих, бүгінгі уақыт дәлелдеуде. Қазақ ойшылы Шәкәрім өзінің «Үш анық» еңбегінде бұған қатысты былай деген: «Осы дүниеде көзге ілінбейтін кішкентай жандылардан бастап адамдарға шейін бәрі өзі һәм нәсілдерінің жақсылықта болып өсіп-өнуіне қам қылады. Мұны – «барлық таласы» дейді. Бұл жаратылыстың берік жолы. Сондықтан, барша адам шамасына қарай қай бірі өзі үшін, қай бірі табы үшін, қай бірі барша адам үшін жақсылық бақ іздейді. Ақыл қарауында адам толығы барша адамға бақ іздеген болады». Адам баласының, оның ішінде жекелеген елдердің мәдениеті көп жағдайда ұрпақтың ғасырлар бойғы ізденісі мен рухани қызметінен туындайды. Белгілі бір мұрат жолындағы ізденістің негізінде мәдениет пен тарихты қалыптастырушы ұлттың даналығы жатыр. Елбасы Н.Ә. Назарбаев «Ұлы даланың жеті қыры» атты бағдарламалық мақаласында атап көрсеткендей, «Кеңістік – барлық нәрсенің, ал, уақыт – бүкіл оқиғаның өлшемі». Уақыт пен кеңістіктің көкжиегі тоғысқан кезде ұлт тарихы басталады».
Мәдениет ұлттың өзіне қажет мүддені жасаудан, рухани қазынаны қалыптастыру жолында туындап отыратын игілік. Ал, ұлттың тарихы қол жеткізген игіліктерді қорғаудан шығатын дүние. Игілік жалғасады, ұрпақтың ұлтының игілігін қорғау ісі де тоқтамайтын нәрсе. Дамудың заңдылықтарынан да белгілі кез келген уақыт жағдайындағы қарама- қарсылықтар жаңа бір дүниенің қалыптасуына немесе қалыптасқан дүниенің орнығуына ықпал етеді. Сол сияқты, болмыста табиғаттан бастап, адамзат әлемі, тарихи уақыт кеңістігіндегі құбылыстардың негізінде нығайып отырады. Бұны нығайтатын ұлттың өзі. Осы тұрғыдан қарайтын болсақ, ұлттық болмыс дегеніміз ұлттың пайда болған (қалыптаса бастаған) уақытынан бастап, оның өмір сүруін, өмір сүрудегі тәжірибесін, құндылықтарын, мақсат-мұратын, ұстанымын, мәдениетін, рухын айқындап, біріктіріп отыратын дүние.
Ұлттың болмысының негізін құрайтын оның дүниетанымы, атамекен табиғат, тіл мен діл, дін мен дәстүр, мәдениет және т.б. Осы дүниелердің ұлттың бойында бірігуін, бірігіп қызмет атқаруын ұлттық болмыс дейміз. Ұлттық болмыс ұлттың ішкі және сыртқы келбетінің тұтастығын сақтап, бейнелеп отырады.
Халықтың барлық тәжірибелері, білімі, ұлттық мүдде, оның мәдениетіндегі қоғамдық сана түрлері (тарих, мәдениет, өнер, білім, тіл, дәстүр, шаруашылық және т.б.) ұлттың болмысының қажеттіліктерінен туындайды және сол арқылы қызметін атқарады. Сонымен қатар ұлттық болмыс дегеніміз ұлттың өзін, мемлекетін сақтап отыратын, елдің даму болашағын айқындайтын, қоғамның даму өрісін кеңейтіп отыратын негіз, рухани іргетас. Кез келген ұлттың болмысы тарихи уақыттың тәжірибелері негізінде қалыптасып, нығайып отырған.
Мемлекет тәуелсіздігінен қол үзгенімен халық өзінің төл болмысынан қол үзбесе жаңа уақыт жағдайында ұрпақ тәуелсіздікке қайта қол жеткізуге, мәдениетіндегі құндылықтарды қайта қалпына келтіруге ыңғайлы болып тұратындығын тарихи уақыттағы тәжірибелеріміз айқын түрде көрсетуде. Осы себептен қазақтың, оның арғы тегі түркілердің қоғамында ұлттық болмысты зерделеуге, оның ішкі құрылымын сақтап отыруға ерекше көңіл бөлінген. Жаңа жоғарыда айтып өткеніміздей, болмысты қалыптастырып отыратын, оның құрылымын сақтап, құндылықтарын бойында біріктіретін рухани негізі болады. Бұны ғылым тілімен айтқанда ұлттық код дейміз. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында осы феноменге ерекше мән берілген. Шынымен де, бүгінгі жаһандану уақытында адамзат әлемінде орын алып отырған түрлі құбылыстар, өркениет дамуындағы жаңа өзгерістер мемлекетке сол мемлекет иесі ұлт пен келер ұрпақтың мүддесін біріктіретін рухани негіздерді зерделеуді жүктейді. Бүгінгі Қазақстан халқы үшін рухани жаңғырудың негізгі принципі, қоғамға жүктеліп отырған міндет ұлттық болмысты сақтау, оның құндылықтарын бойға сіңіру және бәсекеге қабілетті болу ісімен тығыз байланысты.
Қоғам өзінің төл болмысын тегіс зерделемейінше (өзін – өзі толық танымай) бәсекеге қабілетті бола алмайтындығы анық. Бұл тарихтан дәлелденген нәрсе. Бәсекеге қабілетті болудың бірінші шарты ұлттық тәжірибені сақтай білуде, толық игеруде, бүгінгі күннің талабына сай елдің қажетіне жарайтын жаңа дүниені жасай білуде. Қазіргі таңда Батыстың бірқатар елдері ғылымындағы жетістіктерін (оған қажет материалдарды) түркі жұртының мәдениеті мен дәстүрінен іздестіруде. Мәселен неміс ғалымдары жаңа технология арқылы жылқы малының сүтінен түрлі дәрі- дәрмектерді өндіруді қолға алуда. Әрине адамзат қоғамының жаңа жетістіктерге ие болуының пайдалы жақтары көп. Табиғи дәстүрлі дүниедегі тәжірибелерді зерттеп одан жаңа дүниелерді жасау ғылымның үлкен жетістігі болып саналады. Бірақ, ғылымның озық жетістіктері үстемдік құрған уақытта, белгілі бір аймақтағы өркениет дүниелерінің (тарихта бір ұлттың жетістігіне айналған дүниелердің) ұмытылып кету қаупі де жоқ емес. Сондықтан да мемлекет басшысының бағдарламалық мақалаларында мемлекет алдына қойылып отырған міндеттер, елдің болашағына қажет (ұлттың болмысы мен мәдениетінің өрісіндегі) тәжірибелерді сақтауды, құндылықтарын заман талабына сай игеруді жүктеуде. Президентіміз Н.Назарбаев атап көрсеткендей, «Ұлттық жаңғыру деген ұғымның өзі ұлттық сананың кемелденуін білдіреді. Оның екі қыры бар. Біріншіден, ұлттық сана-сезімнің көкжиегін кеңейту. Екіншіден, ұлттық болмыстың өзегін сақтай отырып оның бірқатар сипаттарын өзгерту».
Жаһандану адамның қолымен жасалатын дүние. Жаһандану құбылысы белгілі бір дәрежеде мемлекет, бір аймақ үшін тиімді, пайдалы да шығар. Бірақ қазіргі әлемдік деңгейде өркениет жолына жаңа түсіп келе жатқан елдер үшін жаһанданудың туғызып отырған өз қайшылығы бар. Осы себептен қазіргі жаһандануда қоғам алдында тұратын мәселенің ерекшелігі, ол барлық уақытта алдыменен қоғамның барлық саласына, әрбір адамына тікелей қатысты келеді. Ұлттық рух, ұлттық болмыс және ұлттық мінез мәселесіне кезінде Абай да көңіл бөлген. Ойшылдың пайымдауынша жұрттықты сақтаудың басты жолы ұлттық мінезді жоғалтпаудан шығады: «Рас, бұрынғы біздің ата-бабаларымыздың бұл замандағылардан артық екі мінезі бар екен. Ендігі жұрт ата-бабаларымыздың мінді ісін бір-бірлеп тастап келеміз, әлгі екі мінезді біржола жоғалтып алдық. Осы күнгілер өзге мінезге өрмелеп ілгері бара жатқанына қарай, сол аталарымыздың екі тәуір мінезін жоғалтпай тұрсақ, біз де ел қатарына кірер едік, мінез жоқ болған соң, әлгі үйренген өнеріміздің бәрі де адамшылыққа ұқсамайды, сайтандыққа тартып барады. Жұрттықтан кетіп бара жатқанымыздың бір үлкені сол көрінеді».
Мемлекет – ұлттың өзі қалыптастырып, иелік етіп, ұрпақтан-ұрпаққа аманат етіліп отыратын ортақ үйі. Қазақтың мемлекет құрудағы мәдениетінің негізінде ұлттық бірегейлік жатыр. Ұлттық бірегейлік ұлттың болмысынан шығады. Ұлттық болмыстың ұлтқа тән ортақ белгісі ұлттық мінез. Ата-бабаларымыздың мемлекет құрудағы және оны қорғауға ұрпақты жұмылдыру ісінде жинақталып отырған тәжірибелердің маңызын осыдан-ақ білуге болады. Абай данамыз айтып кеткендей ұлттық мінезін жоғалтқан ұрпақ елін өркениет биігіне шығара алмайды. Себебі адам баласының рухани мүмкіндігінің өрісі білім, ғылым, өнер арқылы кеңейген дәуірде өркениет ұғымының өлшемі де өзгеріп отырмақ. Ұрпақтың әлемдік өркениет көшіне ілесуінде уақыт талабынан ұтылмауына көмектесетін бірғана дүние ұлттық сана (қабілет, білік, естілік, кісілік, адал еңбек, білім және т.б.). Бұл ұлттық мүддеге ие болып қалатын ұрпақтың елдігінен шығады. Ұлттық мінез дегеніміз – дүниені тануда, оның заңдылықтарын ұғынуда және ел болып өмір сүруде қалыптасқан ұлттық болмыстың қасиетін айтамыз. Олар ел, жеке адам бойынан көрінетін рухани тереңдік, сезімталдық, атамекенге, қоғамға жақындық, жанашырлық, қанағат, әдеп пен төзім, имандылық, тарихты білу, діни сауаттылық, дәстүр шеңберіндегі әдепке бағыну, әділетті, шынайы болу, еңбекқорлық, табандылық, ер мінезді болу.
Ұлттық мінез адамға тікелей тәрбиемен беріледі. Халықтық рухтағы тәрбиенің айшықты белгісі ұлттық сана. Ұлттық сананы иелену үшін адамда алдыменен тарихи сана болуы қажет. Қазақ қоғамында тарихи сана ұрпақтың танымында тарих тағылымының насихатталуы арқылы қалыптасып отырған. Бұдан қазақ қоғамының рухани өмірінде ерекше құбылысқа ие ұлттық тәрбиенің қызметін көруге болады. Ұлттық тәрбиенің рухы қоғам өмірінде адам болмысының рухани тереңдігін қалыптастыра білуінде. Ұлттың болмысынан бастап, оның мәдениетімен жалғасып отыратын рухани тереңдік ұлттық тәрбие негізінде қалыптасып, сақталып, жүзеге асып отырады. Қоғам бойында ұлттық және азаматтық бірегейлік болмаса мемлекеттің өмірінде тұтастық, тұрақтылық тағы болмайды. Бірегейліктің қалыптасуына ықпал ететін негізгі дүние тарихи сана.
Тарихты адам өзі оқып білгенде немесе білімді, тәжірибесі мол зерек адамдардан естіп түсінуде мейлі қандай қоғам болсын оның адамының бойында ұлттық сана қалыптаса бастайды. Ұрпақ үшін тарих ұлттық рухтың негізі, өрісі және негізгі күш болып табылады. Тарихтың шындығын, тағылымын бұрмалап ұрпақтан жасырып қоя алмайсың. Себебі, тарих қолдан жасауға келмейді. Қанша техниканың озық түрлері шыққанымен олардың барлығы тегістей ұлт тарихының төрінен орын алмасы анық. Тарихтың төрінен орын алатын ұрпақтың ерлігі, ол ерліктің қанат жаюына ықпал еткен тұлпар, тұлпар мен батырдың бейнесін сомдайтын тәрбие. Елбасы айтқандай шынымен де, «Жылқыны қолға үйрету арқылы біздің бабаларымыз өз дәуірінде адам айтқысыз үстемдікке ие болды. Ал, жаһандық ауқымда алсақ, шаруашылық пен әскери саладағы теңдессіз революцияға жол ашты.
Жылқының қолға үйретілуі атқа міну мәдениетінің де негізін қалады. Бес қаруын асынған салт атты сарбаз айбарлы көшпенділер империялары тарих сахнасына шыққан дәуірдің символына айналды. Ту ұстаған салт атты жауынгердің бейнесі – батырлар заманының ең танымал эмблемасы, сонымен қатар, атты әскердің пайда болуына байланысты қалыптасқан көшпенділер әлемі «мәдени кодының» айрықша элементі. Қанша уақыт алға жылжып қоғамның болмысы өзгергенімен ұлттың, халықтың рухани болмысы жоғалмайды. Мемлекетті жасаған, оның мүддесін қалыптастырып қорғап отырған тарихи уақыттағы халықтың тағылымы, ұлттық рухтың негізі болып сақталып қалары анық. Осы себептен, қазақтың кез келген адамы тарихта өткеннің тағылымын өскелең ұрпақтың санасында қалдыруды парыз еткен. Себебі, әр адамның болмысының негізінде ұлттық коды болады, ол рухани дүние, рухани дүниені оятатын ұлттың болмысымен, тарихы мен болмысындағы тәжірибемен ұштасатын дүние. Бұл болмаған (ұрпақтың өмірінде) жағдайда адам бұны өз бетінше іздейді. Өз бетінше ізденген адамның шынайы білімге қол жеткізе бермесі анық. Бұны айтып отырған себебіміз тарих тағылымы (білімі, тәжірбиесі) негізінде қалыптасатын тарихи сананы қалыптастыратын тәжірибесі мол, ой өрісі терең адамдар.
Адамның игілік істерінің өнімін сақтап, ертеңгі буынға табыстап отыратын – мемлекет. Мемлекет ұлттық идеологияға (ұлттың ғасырлар бойғы мәдениетінің құбылысына, ұлттық болмыстың тұтастығы мен бірегейлігінің ұйытқысына айналып отырған) көңіл бөлгенде ғана қоғамда тегістей тарихи сана қалыптасады. Ұлттық идеологияны қолға алу, дамыту, сонымен қатар қоғамның бойына тарату дегеніміз қоғамда мемлекет пен халықтың қызметіне әділ баға беретін, бағыт-бағдар беріп отыратын интеллигенция институтын қалыптастыру. Бұны айтып отырған себебіміз, мемлекеттің стратегиялық идеясын ұлттық идея деңгейінде халыққа жеткізіп, қоғамға бағыт беріп отыратын интеллигенция өкілдері.
Қазақтың тарихында зиялылар иститутының қалыптасуының негізінде қоғамның рухани өрісі сақталып, ұлттық идея ел қорғайтын жастарды тәрбиелеп отырған. Ұлттық мінездің қалыптасуы отбасы тәрбиесінен бастау алған. Салмақты әке бейнесі, мейірімді ана, данагөй ата мен әже образдары арқылы ұлттық тәрбие берілген. Сондай-ақ, бесік жыры, ертегі, жырлар, ата-баба ерлігінен сыр шертетін әңгімелер баланың есті болуына, сөзді ұғынып өсуіне ықпал еткен. Ал, ұлттық ойындардың өзі логиканың жүйрік болуына, батырлық рухтың бойға сіңуіне жол ашқан. Адамның танымы, әсіресе ой-өрісінің ұлттың тарихының тәжірибесіне бағынып, елдің болашағымен ұштасқанда ғана оның бойында кісілік мәдениеттің қалыптасатындығын қазақ тарихта жете түсінген. Мәселен, парақорлық, жемқорлық, сатқындық сияқты ел болмысына жат жаман әдеттер жеке адамның қоғам игіліктеріне қарсы тәрбиеленуінен (тарихи зерденің жоқтығынан) шығады. «Тәрбие жұмысының мақсаты, – деген Бауыржан Момышұлы,- адамның бойында жауынгерлік қасиетті, жауынгерлік өнегелілікті қалыптастыру. Бұған адамды иландыру арқылы қол жеткізіледі, семьяңа, халқыңа, отаныңа, мемлекетке берілгендік, үлкенді сыйлау заңды, тәртіпті, салт-дәстүрлерді сақтау, жеке адамның игілігімен етене байланысты, қоғамдық игілік жөнінде қамқорлық жасау өмірлік әрі рухани қажеттілік болып табылады, қоғамдық қажеттіліктерге (әркімнің қабілетіне қарай) деген дұрыс көзқарас қоғамнан лайықты бағасын алады. Қоғам бойында қайырымдылық болу үшін ұрпақтың бойында ұлттық зерде болуы қажет. Ұлттық зерденің өрісі қашанда тарих пен мәдениет болып саналған.
Ғылым мен техниканы дамыту арқылы өркениет жолына түсуді көздеген елдер, өз уақытында екі нәрсеге көңіл бөлген. Ол адамның танымы мен болмысына қатысты мәселелер. Атап айтсақ, Англия, Франция, Германия сияқты елдерде осыдан үш ғасыр бұрын қоғамдық сана түрлерін жетілдіру мақсатында тарих философиясын, философиялық антропология ілімін қалыптастыру қолға алынған. Бұл мәселелер қазақ қоғамында ерте қалыптасып, ұлт мәдениетінің ірге тасына айналған. Тарихи сана мен тектілік қасиеттерді ұлттық қасиетке айналдырып отырған дүниелеріміз, қазақтың мемлекеті мен мемлекеттілігінің қалыптасуындағы негізгі құндылық болып табылады.
Мемлекеттің адамы отансүйгіш болмаса, оның қоғамының болашағы бұлыңғыр. Сондықтан, қазақ қоғамының рухани өмірінде отбасы құндылықтарына, бала тәрбиесіне ерекше көңіл бөлінген, бұны жүзеге асыруда қоғамда ортақ қағиданың болғандығы белгілі. Бұқар жырау бабамыздың руханиятында сомдалған жарастық үлгісі қазақ қоғамындағы ұлттық болмыстың бейнесін негіздейді:
Биік тауға жарасар
Ығына тиген панасы.
Терең сайға жарасар
Тобылғылы саласы.
Ер жігітке жарасар
Қолына алған найзасы.
Би жігітке жарасар
Халқына тиген пайдасы.
Ақсақалға жарасар
Тілеуқорлық айласы…
Шынымен де, қазақтың тарихи өмірінде мемлекетін қорғайтын ұрпақ қарапайым отбасынан тәрбиеленіп шықты, оларды ешкім бүгінгідей арнайы оқу орындарында оқытқан жоқ. Ұлттың рухани тәрбиесі, қоғамының болмысы, елдің тұрмысы оның табиғатымен, атамекен болмысымен ұштасып жатқанын көзбен көрген адам, сол өмірдің тәжірибесімен тарихи өмірдің талабына жаттығып өседі. Бұны жарастықтың ерекше құбылысы дейміз. Осы тұста ұрпаққа ұғымды, ұлт пен мемлекетті біріктіретін дәстүрлі қоғам құрудағы өткеннің тағылымын зерделеуде, әл-Фараби данамыздың ізгілікті қоғам жөнінде айтқан мына бір ойлары есімізге түседі: «Адамдар бірлестігі шынайы бақытқа жеткізетін істерде өзара көмектесу мақсатын қойған қала қайырымды қала болып табылады, ал, адамдары бақытқа жету мақсатымен бір-біріне көмектесіп отыратын қоғам қайырымды қоғам. Барлық қалалары бақытқа жету мақсатымен бір-біріне көмектесіп отыратын қоғам қайырымды қоғам. Барлық қалалары бақытқа жету мақсатымен бір-біріне көмектесіп отыратын болса, бүкіл жер жүзі осылайша қайырымды болмақ». Алаш тұлғалары ел мүддесіне қызмет етуде ізгілік, қайырымдылық ұғымдарының мәнін терең түсінген. Қазақ қоғамындағы (тарихтағы) ұлт зиялыларының дәстүрі осы құндылықтарды тегістей ұғына білудің негізінде жалғасып отырған.
Мәдениеттанушы ғалымдар жазып кеткендей тарихта бір ұлт өркендеп жатады, бір ұлттың керісінше өркениеті құлдырап жоғалып жатады. Ұлттар мен халықтардың мәдениетін күшейтіп немесе әлсірететін нәрселер қашанда уақыттан табылады. Қашанда ұлт пен халықтың жойылмауына ықпал ететін мәдениет, соның ішінде ұлттық мәдениет. Қоғам өзінің рухани тереңдігін сақтап отырған сайын, оның мәдениетінің болашағы толығымен мемлекет пен халықтың өз қолында болмақ. Қоғамдағы рухани тереңдік ұлттың руханиятын білуден, құрметтеуден, құндылықтарын меңгеруден шығады. Қазіргі уақыт үшін жастардың әдеби кітаптарды оқуды әдетке айналдыруының өзі рухани тереңдіктің кілті болуда. Қазақтың дүниетанымы, руханияты, өнері мен дәстүрі бабаларымыздың тарихтың бас кезінде-ақ, мәдениеттің осы жолын таңдағандығын аңғартады. Яғни, ұлттың рухани мәдениеті немесе мәдениет өрісіндегі құндылықтар көп түрлі болып қоғам болмысының барлық қырларын қамтып отырған сайын оның түп-тамыры да терең келеді. Әсіресе халқының төл мәдениетінің рухани тамырларымен жастар толыққанды тәрбиеленіп өскенде ұлттық бірегейлік қоғамда орныға түспек. Әл-Фараби данамыз айтқандай, қайырымдылық пен ізгілік санадан бастау алмақ. Сананың тәрбиелеп, адамның ой-өрісін, өмірге деген көзқарасын, кісілігін күшейтетін ұлттық идеология. Ұлт руханиятының бойындағы ел мүддесіне бағытталған идеялар, тарихи уақыттағы ел өміріндегі тәжірибені негіздеп отыратын оқиғалар, адамды қайырымды болуға жетелейді. Әлихан Бөкейханов сөзімен айтсақ, «Үлгісіз – рәсімсіз өскен, алдында көргені қаптама өсек, өтірік – жала».
Қазақ болмысының тұлғалық келбеті оның мәдениетінде, мәдени құндылықтарында. Өмір болмысына, ұлт болашағына даналық биігінен (тәжірибесімен) қараған бабаларымыз, шынымен де адамзат мәдениетінің тарихи кеңістігінде өзінің қолтаңбасын қалдырып отырған. Бұны, яғни бабаларымыздың тағылымын, бүгінгі уақыттағы адамзат қоғамының жағдайымен салыстырып қарайтын болсақ, тарихтағы қазақ қоғамында абақты, балалар үйі, қарттар үйі болмаған. Бүгін біз осы шындықтың негізінде, «мемлекет үлкен отбасы» деген ұғымның мәнін толық түсінеміз. Тарихтағы қазақ қоғамында жастарға жасанды дүниелерден көрі шынайы мінез үлгілері өнеге етіп көрсетіледі. Адамгершілік атаулысының жауапкершілігі зор нәрсе екендігі қоғам тарапынан жастарға үнемі ұғындырылып отырған. Себебі, тарихи уақытта өмір, уақыт талабы ел мүддесінің алдында тұрған қажеттіліктер адам мен қоғамнан шынайы мүмкіндіктерді талап етіп отырады. Елдің мүддесін қорғайтын адам шынымен де батыр, ер-жүрек, жігерлі, қайсар мінезді, ақылды, зерек, білімді болуы керек. Алайда, бұл қасиеттер қоғамға талантты тану, оны тәрбиелеу негізінде ғана келері анық.
Сонымен, қазақ халқының ұлттық болмысын тұлғалық бейнесін сомдайтын болсақ, ұлттың көне дәуірден қалыптасқан шаруашылығы және оның негізіне айналған ата кәсіп түрлері, батырлық, даналық, қоғам өміріндегі шешендік, ақындық, күйшілік өнер үлгілері, ұлттық ойын түрлері, осы дүниелерден шығып отырған ұлттық бірегелік, сөз өнері, ана тілі, оның дүниетанымдық қызметі бұның барлығы қазақтың төл мәдениетінің рухани негіздерін құрайтын, өркениетінің өрісіне айналған құндылықтар болып табылады.
Неміс философы Мартин Хайдеггер «Тіл – болмыстың үйі» – деген. Философтың пайымынша сөз болмысты құрайды, адам танымында іштей біріктіріп отырады. Мәселен әлем, аспан, жер, кеңістік, уақыт, табиғат, қоғам, бұның барлығы адам танымына ұғым күйінде таныс және сақталып отырады. Тіл, ұғым, сөйлеу арқылы адам өзін қоршаған әлеммен, қоғамымен үнемі байланыста.
Қазақтың маңдайалды талантты ұлдарының бірі Сұлтанмахмұт Торайғыров сомдап кеткендей, ана тілінің рухы адамның дүние есігін ата-ананың тәрбиесімен ашуынан шығады:
Сүйемін туған тілді – анам тілін,
Бесікте жатқанымда-ақ берген білім.
Шыр етіп жерге түскен
минутімнен,
Құлағыма сіңірген таныс үнім.
Сол тілменен шешем мені әлдилеген,
Еркелеткен: «құлыным», «жаным»
деген.
Сол тілменен бірінші білгізілген,
«Апа» деген сүйгендік сөз әм менен….
Сол тілменен үйрендім нәрсе
аттарын,
Сол тілменен дінді, әдетті мен
жаттадым.
Ең бірінші сол тілмен сыртқа
шықты;
Сүйгенім, жек көргенім, ұнатқаным. Кез келген ұлттың мәдениеті мен болмысының өзегі ана тілі болып табылады. Тіл құр қарым-қатынастың құлы ғана емес, үлкен жад, ұлттың болмысының құрылымын біріктіруші негіз, адамның ұлттық табиғатын қалыптастыратын, ұлттың барлық құндылықтарының өмірін жалғап отыратын негізгі құндылық.
Жаңа уақыттың озық дүниелерін бағындыруда өзіңнің ана тіліңді сақтай отырып, мемлекеттің дамуына ыпал ететін құндылықты бағындыру үлкен міндет, жетістік болып саналады. Кезінде Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетіне жазған «Қазақ тілі туралы» мақаласында Бауыржан Момышұлы, «….Ана тілінен бірнеше жағдайлар себеп болып ажыраған ел «азғын» ел атанып, кейіннен аты өшіп, ұрпақтары бұршақша бытырап, қардай еріп, құмға сіңген судай дерексіз жоғалып кеткенін, тарихтан кездестіруге болады. Ондай сормаңдай ел, бұрынғы кезде аз болмағандығына тарихта дәлелдер аз емес…
Қазақ тілі өзінің таза түрінде, бірнеше ғасыр, біздің заманымызға дейін, өткірлігімен, бой балқытып, тамыр шымырлатып, жан-жүйеңді жандырып, құлақ құрышын қандырып, ұғымына қонымды, жүрегіне тиімді, көңіл көтеріп, керегінде жанға тиіп, ашындырып, өтін сыртқа шығарып, долдандырып, қысыл-таяң – қатаң жағдайда қайрап, егеп ерге, елге медет болып, ер намысын, ел намысын, адамгершілік арын, қан майданда, қырғын соғыста қасиетті тудай жоғары көтеріп, текті сезім оятып – туғызып, адам түгіл жағдайдың көмейіне құм құйып, аузын аштырмай, үнін шығармай қоятын тіл болған емес пе еді.
Қазақ тілі ешуақытта, өзімен көршілес халықтың тілдерінен сорлы болып, қатардан қалып өмір сүрмегендігі, өз сыбағасын ешкімге жегізбегендігі мыңдаған жыл тарихында айқындалған емес пе еді» деп ашығын айтқан. Зиялыларымыз тарихта ұлттық болмыс мәселесіне, ел болашағына қаншалықты биік деңгеймен қараса, бүгінгі ұрпақ та ұлт ісіне соншалықты дайын болуы қажет. Ұлттық болмыстың құбылысына түркілер, қазақ қоғамы тарихта терең мағынада қараған. Алаш зиялылары айтып кеткендей, тілі мен сөзі, тарихы жоғалған жұрттың өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады. Бұл әрбір ұрпақтың уақытында (қоғамының тұсында) ескерілу қажет дүние.
Жаһандану заманындағы мәселелерге сонау Асанқайғы заманынан бастап тұлғаларымыз көңіл бөліп отырған. Адамзат әлемінде үлкен дағдарыстарды туғызатын ысырапшылдық, қанағатсыз-дық, бақ таласы жөнінде қазақ жыраулары да айтып кеткен. Әрине, қоғам даму үшін оның экономикасы, ғылымы, мәдениеті қатар өркендеуі қажет. Бірақ адамның рухани болмысының сақталып, дәріптеліп отыруы қашанда маңызды дүниелердің бірі болып қала берері сөзсіз. Кешегі қазақтың ең соңғы ханы Кенесары тұсында қазақ даласына жер аударылған поляк жазушысы Адольф Янушкевич қазақтың болмысы туралы: «Қазақтардың ойлау қабілетінің кереметтігіне менің барған сайын көзім жетті. Олар сөз дегенде ағып тұр, әрбіреуі өз шаруасын жеріне жеткізе түсіндіреді. Ал, қарсы жақтың сылтауын бет қаратпай табан астында жоққа шығарады. Балаларының да ақылы ерте толысады» – деп жазып кеткен.
Ұлттық болмыс, ұлттық мәдениеттің құндылықтарын толығымен зерделеу, тарихи сана мәселесін бүгінгі күннің талабына сай оңтайлы шешу мемлекетіміздің назарында тұрған мәселелердің бірі. Тәуелсіздік жылдарында мемлекет тарапынан қолға алынып, жүзеге асырылып отырған «Мәдени мұра» бағдарламасы, тарихтағы рухани құндылықтарымызды түгендеуге, ұлттық болмысымыздың тұлғасын терең зерделеуге ықпал еткен дүниелердің бірі. Осы бағдарламаның негізінде 100 томдық «Бабалар сөзі» жарыққа шықты. Мемлекетімізде басқа да көптеген мәдениетке, қоғамға, ғылымға қажет жұмыстар атқарылуда. Мемлекет өзінің дербестігін алғаннан кейін, қоғамға қажетті құндылықтар уақытпен таразыланып, тарихтан игеріліп отыратындығы анық.
Үлкен істерді атқармас бұрын, үлкен істің атқарылуына ықпал ететін ұсақ істер тұрады. Жаһандану дәуірінде мемлекет болашағына қажет үлкен істерді атқаруда, ұлт болып қамдану қоғам ішіндегі ұсақ істерден басталады. Бұл Елбасы мақалада атап көрсеткендей, қоғам алға басу үшін ұлттың дамуына кедергі болатын өткеннің керітартпа тұстарынан бас тартумен тығыз байланысты. Осыдан бір ғасыр бұрын Батыс пен Шығыс мәдениетінің арасында ғылыми байланыс орын ала бастаған. Бұған себепші болған Батыс ғалымдары болатын. Олар өркениеттің жаңа дүниелерін жасауды қолға алуда, алдыменен өз мемлекетінің болашағын ойлағандығы белгілі. Қоғамның болашағы (жоғарыда айтып өткеніміздей) қашанда халықтың, жеке адамның рухани болмысына келіп тіреледі деген философияда жаңа көзқарас қалыптаса бастаған. Бұл бағыттағы көзқарасты ғылым өкілдері экзистенциализм ілімінің бастауы деп те жатады. «Мәселенің мәні мынада: техника ғасыры мен барлық қоғамдық қатынастардың қайта құрылуы жағдайында, әр адамның алдында тұрған құндылығы – өз құқын, рух бостандығын, кісілік қасиетін және мың жылдық даналықтың тәжірибесі секілді, қол жеткізген құндылықтарды сақтап қалуда» – деп жазып кеткен неміс ғалымы К.Ясперс өзінің «Тарихтың мәні мен тағайындалуы» деген еңбегінде. Ойшыл осы мәселені терең зерттеуде философияға «белдеулік уақыт» ұғымын енгізді. Оның пайымдауынша, көне дәуірде Шығыс мәдениетінде Будда, Конфуцзы, Грекияда Сократ даналығы бір уақытта пайда болған. Адамзат әлеміне мәдени өзгеріс әкелген жылқының қолға үйретілуі және теңіз қатынастарының пайда болуы, яғни кеменің шығуы.
Бүгінгі біздің уақытымызда (осыдан аз ғана уақыт бұрын) Батыс ғалымдары, жылқының осыдан бес мың жыл бұрын уақыт шамасында бүгінгі қазақ жерінде қолға үйретілгендігі жөнінде жаңа тұжырым жасауда. Бұл тұжырым осыдан бір ғасыр бұрын Батыс елдерінің ғылымында, адамзат өркениетінің қалыптасу негіздеріне қатысты жасалған тұжырымдарды қайта қарауды қажет етуде. Мемлекет басшысының бағдарламалық мақаласында ұсынылып отырған идеялардың тарихи маңыздылығы осында. Елбасы айтқандай, «Қазақтың тарихы да жеке жұрнақтарымен емес, тұтастай қалпында қазіргі заманауи ғылым тұрғысынан қарағанда түсінікті болуға тиіс. Оған қажетті дәйектеріміз де жеткілікті. Біріншіден, қосқан үлестері кейінірек сөз болатын протомемлекеттік бірлестіктердің дені қазіргі Қазақстан аумағында құрылып, қазақ ұлты этногенезінің негізгі элементтерін құрап отыр. Екіншіден, біз айтқалы отырған зор мәдени жетістіктер шоғыры даламызға сырттан келген жоқ, керісінше, көпшілігі осы кең-байтақ өлкеде пайда болып, содан кейін Батыс пен Шығысқа, күнгей мен Теріскейге таралды. Үшіншіден, кейінгі жылдары табылған тарихи жәдігерлер біздің бабаларымыздың өз заманындағы ең озық, ең үздік технологиялық жаңалықтарға тікелей қатысы бар екенін айғақтайды. Бұл жәдігерлер Ұлы даланың жаһандық тарихтағы орнына тың көзқараспен қарауға мүмкіндік береді».
Адам баласы ғылымның көмегімен компьютерді, түрлі техниканы жасады, бірақта бұл адамзаттың тұлғалық болмысын қалыптастырмайды, керісінше оны өзгертіп жіберуі мүмкін. Ал, жылқыны қолға үйрету негізінде бабаларымыз өзінің ұлттық болмысы мен мәдениетінің тұлғасын қалыптастырып, тұлғалық құндылықтарының орнын тарихта бекітіп кеткен. Сол арқылы адамзат мәдениетіне тың өзгерістер әкеліп, адамзаттың өркениет көшін бастап бергендігіне бүгінгі уақыт куә болуда. Болашақ ұрпақтың өз қолында. Мыңдаған жылдар бұрын іргесі қаланған мәдени дүниелерін сақтап, өзінен кейінгі ұрпаққа табыстап отыру ісі ұрпақтан-ұрпаққа ауысып, жүктеліп отыратын міндет. Бұдан аттап өткен ешкім болмаған. Себебі адам бүгінгісімен өмір сүрмейді, бүгінгісін ойлаған адам қоғамнан қашықтайды, ең соңында өзінің құндылықтарын жоғалтып алуы мүмкін. Осы мақала барысында айтып отырғанымыздай адамды ұлтының болмысымен біріктіретін рухани кіндігі ұлттық құндылықтар. Ұлттық құндылықтарды меңгеру, құрметтеу арқылы адам өзінің болашағын жасайды, Ал жеке адамның болашағы қашанда ел болмысының өрісінде. Мәселен неміс философы Гегель де өзінің «Рух феноменологиясы» еңбегінде жеке адам мен қоғамның байланысын оның санасымен ұштастырған. Оның айтуы бойынша, «Шынайы субстанция дегеніміз – халық, шынайы сана дегеніміз – халық азаматы».
Қай заманда болмасын әрбір ғасырдың өз қиыншылығы, қоғамға жүктеліп отыратын міндеттері болады. Мәселен бүгінгі уақыт адамзат қоғамының дамуымен ерекшеленсе, бұл уақытыңда қиыншылығы мен қоғамға жүктелетін міндеттері аз емес. Осыдан бір ғасыр бұрын ғылыми техникалық прогресс ғасырдың үлкен жетістігіне айналып отырса, бүгінгі біздің уақытымызда ғасырдың жетістігі ақпараттық кибернетика ғылымдарының өнімдерімен өлшенуде. Қай ғылым болса да оның рухы қоғамның рухынан басым түсер болса, сол уақыт қоғамының бір қыры ғылыми дамудың мағынасыз қырларымен көріне бастайды. Осының салдарынан адамның болмысы өзгереді, болмыстың арғы жағында қоғам болмысы бар. Жаңа ғылыми дүниелердің үстем еткен дәуірінде қоғамға, ұрпаққа қойылатын сауал «не істеу керек? – деген ұғыммен бірдей.
Ақпараттық технология өнімдерін шығаратын елдер үшін ғылым стратегия-лық мақсаттарға қол жеткізудің құралы болып саналады. Өзінің эволюциялық жолымен жүріп келе жатқан мәдениет-терге жаһандану құбылысының қайшы келу себебі осында жатыр. Кейбір философтардың пікірінше, болашақта бір ғана адамзат болады. Қазіргі жаһандану дүниелерінің үстемдігінің салдарынан ұлт түсінігі адам санасынан өше бастайды, оның орнына тұтас адамзат ұғымы пайда болады. Болашақ туралы бұндай көзқараста болжам жасайтын ғалымдар біздің де елімізде кездеседі. Бұны айтып отырған себебіміз, шын мәнінде қазіргі жаһандану құбылыстарының әлемде үстемдік ете бастауы, қоғамымызда осы тенденцияның белгілерінің білінуі бүгінгі күн тәртібінде тұрған мәселелерді қоғам болып ескеруді қажет етуде. Айналып келгене барлық мәселе қоғамның ішінен пайда болып, елдің болашағына қарай ауысып отыруы мүмкін.
Қазіргі уақытта қоғам алдында тұрған мәселелер қандай?
Біріншіден, елдің тұтастығын сақтап отыру қажет. Ол қоғамдағы ұлттық және азаматтық бірегейліктің сақталып отыруымен тең. Бүгінгі Қазақстан қоғамы көп ұлтты мемлекет. Осы көп ұлтты қоғамда азаматтық бірегейліктің сақталуы қазақ халқының тарихтағы тұлғалық болмысында жатыр. Қазақтардың ұғымында, «жаман халық жоқ, жаман адам болады». Бұл ұғым қоғамдық санаға дұрыс бағытын беріп отырған. Екіншіден, қоғам алдында тұрған міндет отбасы құндылықтары. Отбасы құндылықтарының негізінде ұлттық құндылықтар дәріптеліп, сақталып отыруы қажет. Үшіншіден, жастардың ақпараттық қамтамасыз етілуі алдыменен отбасында қадағаланып отыруы қажет. «Өзінің рухани дамуында индивид сезімдік нәрселерден бастау алып, абсолютті білім шеңберіне тірелетін рухани дамудың феномендерін (өнер, дін, философия және т.б.) меңгере отырып, өмірге қадам жасайды. Руханилықты меңгеру нәтижесінде өзінің қабілет, ерік-жігерін шыңдай отырып, өзі өмір сүріп отырған қоғамның объективті құбылыстарына да (өз тұрғысынан) баға бере алады» – дейді неміс философы Г.В.Ф. Гегель.
Біздің қазіргі жастарымыздың пайдаланып жатқан дүниелері (компьютер, интернет, ұялы телефон және т.б.) адам үшін қарапайым құрал ғана. Бұлар сананың құралына айнала алмайды. Шын мәнінде бұл өркениеттің дүниелері болғанымен қоғамға, адам өміріне өркениеттілікті әкелмейді. Өркениеттілікті әкелетін санаға, адамның ой-өрісіне, жан-дүниесіне азық болатын нәрселер. Қазақта жиі айтылатын «қолда бар алтынның қадірін білу» өркениеттілікке бастайтын ұстаным болып табылады. Жапондарда қанша ғылымның озық дүниелерін жасағанмен ұрпақты тәрбиелеуде ұлттың дүниетанымдық құндылықтарын, төл мәдениетінің дүниелерін үнемі назарда ұстап отыру дәстүрі бар. Жапондардың бұл тәжірибесін зерделеуде, қазақта жиі айтылатын «дініне беріктік» ұғымы есімізге түседі. Қазақтың даналық сөзінде ұлттық кодынан қол үзбеу керектігі ескертіледі. Ол үшін (жаңа айтып өткеніміздей) адамның санасы мәдениетіндегі құндылықтармен ұштасып тәрбиеленуі керек.
Қоғамның болашағы оның болмысына, қоғамның болмысы адамның болмысына, адамның болмысы оның санасына бағынышты. Рух, жігер, кісілік пен батырлық, зиялылық ұғымдары, оның құбылыстары адамның ішкі әлемінің тереңдігінен шығады. Елбасының мақаласында, атап айтсақ «Ұлы даланың жеті қыры» атты бағдарламалық мақалада тарихи сананы жаңғыртуға қатысты ұсынылып отырған мәселелер, әлі де талай қоғам алдында тұрған, ұрпақтың болашағына қатысты өзекті мәселелердің оңтайлы шешілуіне қажет дүниелердің жарыққа шығуына ықпал етеді деген ойдамыз.
Дін үшін ұлт, оның мәдениеті де өзгермейді. Жерімізге ислам діні келгеннен бері ұлт пен діннің арасында рухани мәдениеттің қалыптасқандығын көреміз. Жаһанданудың адамзат игілігіне қайшы келетін кейбір тұстарының да, дәстүрлі дін ережелеріне қайшы келетіндігін екеру қажет. Мәселен дінімізде ұлттардың және оның тілдерінің Жаратылыс иесінің құдіретімен жаратылғандығы айтылады. Бұл ұғымның негізінде, яғни, ұлттың төл құндылықтары арқылы тарих субьектісіне айналатындығын жастарымыз ескерсе дейміз. Мемлекет басшысы Н.Ә. Назарбаев айтқандай, «Өз тарихына деген мақтаныш сезімін ұялатып, отаншылдық тәрбие мектеп қабырғасынан басталуға тиіс…Ұлт тарихын санаға сіңіру барша қазақстандықтардың бойында өз бастауларына деген ортақтық сезімін қалыптастырады».
Адам жақсы өмірді қалап, оның жолын таңдағанымен өмір адамды таңдайды. Сол өмірдің таңдауында адамнан талап етілетін нәрсе тәрбие, білім, қабілет. Мінезді тәрбиелейтін компьютер емес, ата-ана, мектеп, қоғам, яғни ұлттық тәрбие. Қазіргі уақытта ұрпақты тәрбиелеу ісінде қоғам (ата-ана, отбасы, мектеп және т.б.) тарапынан жіберіліп жатқан қателіктер де жоқ емес. Тарихымызда қазақ қоғамының рухани өмірінде, талант иелерінің өнерімен халқы, әсіресе жастарды тәрбиелеп, сөзге тоқтайтын интеллектуалдық әлеуеті мықты ортаны қалыптастырғандығын ескерсек, сөздің білімін ұғатын жастардың ортасы руханиятына деген қызығушылықтан шығатындығын атап өткен жөн. Кейбір жастарымыздың дәстүрлі емес теріс діни ағымдардың ықпалында кетуі, ұлттың мәдениетіне жат шетелдік әншілердің дүниелерімен тәрбиеленуі қазігі Қазақстан қоғамында да белең алуда. Қазақта жиі айтылатын «ер елімен ажарлы» деген билер танымы, адамның болмысы мен мінезінің елдің болмысының табиғатымен ұштасуын айтқан.
Қоғамдағы дағдарыс адамның тұрмысынан емес, мінезі мен санасынан көрінсе әлеуметтік орта үлкен қайшылықтарға ұшырайды. Сондықтан да, халқымыз әр нәрсенің орны мен парқын шамалауды, ұрпаққа өз жолымен жүруді үйретіп отырған. Бұған қатысты Елбасы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында былай дейді: «Біздің кешегі тарихымыз бұлтартпас бір ақиқатқа эволюциялық даму ғана ұлттың өркендеуіне мүмкіндік беретініне көзімізді жеткізді. Бұдан сабақ ала білмесек, тағы да тарихтың темір қақпанына түсеміз. Ендеше, эволюциялық даму қағидасы әрбір қазақстандықтың жеке басының дербес бағдарына айналуға тиіс». Еліміз тәуелсіздігін алған уақытта, мемлекетіміздің алдына үлкен тарихи мәселелерді жүктеді. Осы қоғам алдында тұрған ұлттық мүддеге қатысты мәселелерді дұрыс шешуде мемлекет басшысы Н.Ә. Назарбаев алдыменен тарихи сана мәселесіне көңіл бөліп отырған. Елбасының «Тарих толқынында» атты еңбегінде атап көрсетілгендей, «Бүгінгі қазақ гуманизмі үшін ұлттық біртектестік пен уақыттың тегеурінді талабы шендескен аралықтағы мейлінше күрделі өрістен жол тауып шығудан артық мәселе жоқ. Бұл саяси ғана емес, сонымен бірге ғылыми да проблема.
Бүгінгі дүние дидарынан қазақ ұлтының өзіндік орнын сезіну ахуалы таза эклектикалық қалпымен көзге ұрады. Бірден мейлінше ауқымды теорияға құлаш ұрып әлемдік үрдіс аясынан қазақы біртектілікті іздестіру мүддесі байқалады».
Тәуелсіздік алған уақытта мемлекетке жүктелген ауқымды мәселелердің бірі қоғамдағы тұрақтылықты қамтамасыз ету, қоғамдағы этносаралық және конфессия аралық келіcімнің Қазақстан қоғамына сай үлгісін қалыптастыру болатын. Бұны жүзеге асыруда, яғни, Қазақстанда тұрып жатқан барлық этностар мен оның өкілдерін мемлекеттің мәдени кеңістігіне кіріктіру және ел болашағына біріктіріп отыру ісінде ортақ тарихи сананы қалыптастыру мәселесі де өзекті болды. Кезінде тарихтың жағдайында қазақ жеріне қоныс аударған азаматтарға деген қазақтардың қамқорлығы және қиыншылықтың жүгін көтерудегі олардың түсінігі бүгінгі Қазақстан қоғамындағы халықтың бірлігі мен достығының негізі болып саналады. Осы рухани негізді ұрпаққа насихаттауда ортақ құндылық, хаықтық рухтағы ортақ зерденің тұтқасы қашанда тарихи сана. Елбасы өзінің «Ұлы дала ұлағаттары» атты еңбегінде атап көрсеткендей, «Азия тарихының атақты білгірі, ғалым Н.А. Аристовтың халық санағы туралы сипаттамалық-статистикалық еңбегінде 1897 жылы қазақтардың саны аумағында 4 миллион болғаны анық жазылған. Жай ғана арифметикалық есепке жүгінсек, бұл сан демографиялық даму үрдісі бойынша қазір кем дегенде 30 миллионның шамасында болар еді. Өкінішке орай, зұлым саясат бізді бұған жеткізбеді.
Сол кездің өзінде ғалымның есебі бойынша шет елдерде 100 мың қазақ өмір сүріп жатыпты. Қазақ халқының даму үрдісінен, оның рухани өркендеу процесінен, халық санының жедел өсуінен секем алған сұрқия көсемдер жиырмасыншы ғасырдың ішінде небір зымиян айла-шарғыларды ойлап тауып, жұртымыздың көз жасын көл етті, қырғынға ұшыратты. Бұл – ұмытылмас тарих. Ұмытуға хақымыз жоқ тарих. Біздің тарихымыздың ең маңызды беттері де осында жатыр». Қазақ даласында тоғысқан көптеген ұлт өкілдерінің, этностардың тағдыры қоғамның әрбір мүшесіне ақылды болуды жүктегендігін көреміз.
Қазақтың зобалаңы көп жылдардан бүгінгі бізге жеткен дүниелерінің бірі, мемлекет иесі біздің ата-бабаларымызды жою арқылы жаңа бір қоғам қалыптастыруға негізделген теріс идеологиядан олар (халқымыз) мәдени құндылықтарын ішкі әлемінде сақтау арқылы аман өткен. Екіншіден (жоғарыда айтып өткеніміздей) жазықсыз қазақ жеріне қоныс аударған өзге ұлт өкілдеріне қазақтар қарапайым ұлт өкілдері, азамат ретінде қарап (қабылдап) қамқорлық танытты. Бүгінгі ұрпақтың тарихи санасының негізіне айналып отырған халықтың осы бір азаматтық деңгейінде діни сауаттылық, елдің болашағын ақылмен зерделеген сезімталдық жатыр. «Біз бүгінгі қоныс аударған халықтардың қасіреті жайында жиі айтамыз, – деген Елбасы, – рас бұл да әлем тарихында теңдесі жоқ, ауқымы мен қатігездігі ересен қиянат. Алайда, қазақтың сайын даласында құйындай ұйытқып соққан қасірет қыруар жұртты ажалға ғана ұрындырып қоймай, оның орасан зор бөлігін бөтен ел, бөтен жерге үркіте көшіріп жіберуі де нақтылы тарихи бағасын талап етеді.
Қазақ диаспоралары өзі тұрған елдердің қай-қайсысында болсын олардың мәдениетін, тілін, әдет-ғұрпын тамаша меңгерді. Оларда ұлттың мүддесін желеу еткен саясатқа саярлық қозғалыс деген мүлде жоқ.
Соғыстан кейінгі тарихтың ұзына бойында қазақ тұрғындарының этникалық немесе діни мәселелер жөнінде айтулы ұлттар өкілдеріне қарсы бірде-бір орынсыз бас көтергенін ешкім білмейді.
Бұл да Қазақстанды мекен етіп жүрген барша диаспоралар үшін үлгі болар өнеге.
Әлемдік мәдениет жекелеген ұлттар-дың мәдени игіліктері мен жетістіктерінен құралады. Демек, әлемдік мәдениеттегі қазақ болмысының тұлғасының рухани келбеті оның өшпес рухында жатыр. Ұлттық рух Елбасы атап көрсеткендей, ұлттың мінезінің көркем үлгілерінен, табиғатынан шығады.
Тәуелсіздікті нығайтудың бірінші сатысы (басты жолдарының бірі) ұлттың мәдениеті мен құндылықтарын орнына келтіру, оны ұрпақтың игілігіне жаратып отыруда. 2013 жылы 5 маусымда Астана қаласында, Қазақстан Республикасының Ұлттық тарихын зерделеу жөніндегі ведомствоаралық жұмыс тобының кеңейтілген отырысында Мемлекеттік хатшы Марат Тәжин өзінің баяндамасында тарихи сана мәселесін қолға алудағы мемлекеттің алға қойып, ұсынып отырған міндеттерін атап көрсеткен болатын: «Бүгін Қазақстан – қалыптасқан мемлекет. Біз мемлекет құрудың жаңа белесіне шықтық. Мемлекет басшысы ұсынған «Қазақстан – 2050» Стратегиясы қоғам дамуының жаңа белесіндегі басты сұрақтарға, атап айтқанда, біз қайда барамыз және 2050 жылы қайда болғымыз келеді деген сұрақтарға жауап береді.
Кеңінен қамтып айтсақ, мәселе, ел болашағының дүниетанымдық жаңа моделін жобалау, басты құндылықтар мен бағдарларды айқындау тура-лы болып отыр. Сөз жоқ, бұл құнды-лықтар осы заманғы, болашаққа ұмтылған құндылықтар болуға тиіс. Олар, мынау, жаһанданып, ашығын айтқанда, ұлттық өзгешелігімізді шайып бара жатқан әлемдегі біздің ұлттық бірегейлігімізді нығайтуға тиіс. Олар ұлттың мәдени кодын: тілін, руханиятын, дәстүрлерін, мәдениетін сақтауды қамтамыз етуге тиіс. Сондықтан да, Мемлекет басшысы «Бүкіл қазақстандық бірегейлік біздің халқымыздың тарихи санасының өзегіне айналуға тиіс» деп баса көрсетіп отыр. Мәселенің бұлайша қойылысы біздің назарымызды ұлттық тарихты зерттеу мәселелеріне обьективті түде шоғырландырады. Сонымен бірге, біз, уақыт тарих ғылымының алдына атымен жаңа талаптар қойып отырғанын айқын көріп, ұғынуға тиіспіз». Мемлекет тарапынан көтерілген бұл мәселелер бүгінгі жаңа уақыт жағдайында, уақыттың талабымен қабылданып отырған шешім болатын.
Бүгінгі қазақ елі болмысы түркілік мәдениеттен бастау алатын іргелі мемлекет. Осы уақыт ішінде (көне сақтардың, оның арғы жағында бүгінгі қазақ жерінде өмір сүрген тайпалардың мәдениетінен бастау алған) қалыптасқан мәдени құндылықтарды қайта игеру уақыт күттірмейтін үлкен мәселе. Үлкен мәселе дейтініміз, бүгінгі жаһандануда империялық үстемдігін құрғысы келетін елдер тарих арқылы рухани империя құруға ұмтылуда. Екі жағында алып империя тұрған Қазақстанға тарихи сана бағытында стратегиялық бағдарламаларды жүзеге асыру үлкен міндеттерді жүктейтіні белгілі. Бұл жерде айтқымыз келетіні, мемлекет басшысы тарапынан мәні зор стратегиялық бағдарламалар өз уақытында қоғамға ұсынылып отыр, бұны жүзеге асыруда нақты міндеттер мемлекет тарапынан белгіленді. Бірақ мемлекетіміздің ұсынып отырған стратегиялық бағдарламаларын жүзеге асыруға бір кісідей жұмыла кірісу, алдыменен мемлекет пен қоғамға, соның ішінде ғылым өкілдеріне жүктелетін міндет.
Ұлттық болмысты сақтап, замана талабына сай білімді, өнерлі болып, оны кейінгі ұрпаққа табыстау қазіргі ұрпақтың ұлт алдындағы перзенттік борышы. Сондықтан да, жастар бойында, ұлтқа адал қызмет ететін мінезді қалыптастыру арқылы ұлттық болмысымызды сақтаймыз, әрі кейінгі буынға табыстаймыз. Шәкәрім ғұлама айтқандай:
Адамдық борышың –
Халқыңа еңбек қыл.
Ақ жолдан айнымай
Ар сақта, оны біл.
Жоба тап,
Жол көрсет,
Келешек қамы үшін.
Қатадан қайрылып
Қауымға келмейсің.
Барыңды,
Нәріңді
Тірлікте бергейсің.
Ғибрат алар артыңа із қалдырсаң –
Шын бақыт,
Осыны ұқ,
Мәңгілік өлмейсің!
Тарихта тектілігімен өткен тұлға-ларымыздың тағылымын зерделеп, тәжірибесін меңгеру, даналығын ұғу біздің міндетіміз.