Четверг, Март 28, 2024
Басты > Жаңалықтар > Университетте Ұлыстың ұлы күні тойланды

Университетте Ұлыстың ұлы күні тойланды

Бүгін Жұбанов университетінде Наурыз мейрамын мерекелеу аясында «Ұлттық мереке – ұрпаққа өнеге!» шарасы тойланды. Наурыз айы — береке-бірліктің, теңдіктің, жақсы тілеудің, қайта түлеудің тойы. Наурыз – ынтымақ пен бірлік, үлкенге құрмет, мейірім мен кешірімділік секілді ізгі қасиеттер дәріптелетін мереке. Отыз күн ойын, қырық күн тойын жасайтын қазақ халқы наурыз айын бір ай бойы тойлайды. Бүгінгі мереке соның бір айғағы болды.

Ұлыстың ұлы күніне орайластырылған салтанатты жиын аясында оқу орнының Спорт кешеніне жиналған көпшілік назарына университеттің өнер ұжымдары мен жекелей орындаушылары дайындаған концерттік бағдарлама ұсынылды.

Жиналғандарды құттықтаған университет ректоры Бауыржан Ердембеков: «Құрметті Жұбанов шаңырағының профессорлық-оқытушылық құрамы, қызметкерлері, студенттері! Сіздерді Ұлыстың Ұлы күні Наурыз мейрамымен  шын жүректен құттықтаймын! Наурыз – бұл тек көктемнің ғана емес, бұл ең әуелі ізгілік пен жақсылықтың, жаңару мен өркендеудің мейрамы. Зерделей білсек, Наурыз – күн мен түннің теңеліп, тіршілік атаулының жанданатын кезімен тұспалдасып жатқан уақыт қана емес, ұлысымыздың ұйытқысына, халықтардың береке-бірлігіне негіз болған кезең екенін аңғаруға болады.

Жұбанов шаңырағының көркейе беруінде әрбір студенттің және  профессорлық-оқытушылық құрамның үлесі бар. Өзімнің және Жұбанов университетінің ректораты атынан барлығыңызға жақсылық тілеймін! Шаңырағымызда ауызбіршілік болсын, денсаулықтарыңыз мықты болсын!» – деп, ұжымға жүрекжарды ізгі тілегін білдірді. 

Мерекелік шара, студенттердің ән шашуынан басталып, халқымыздың салт-дәстүрінен ауқымды мәлімет беретін көріністер көрсетілді. Ортада Қыдыр ата жиналған жұртшылыққа ақ батасын берді. Киелі домбырадан төгілген күмбірлеген күй мен қыздардың мың бұралған «Бәйшешектің гүлденуі» биі көпшілікті  өнерлерімен тәнті етті. Сондай-ақ, «асық ату» ұлттық ойыны туралы ақпарат беріліп, студенттердің қатысуымен сахнада асық ойыны ойнатылды. Жігіттер асық ойнау барысында шебер тәсілдерін ерекше көрсетті.

Жұбанов ұжымы жыл сайын ұлтымыздың төл мерекесінде салт-дәстүрімізді насихаттап, әдет-ғұрыптарымызды көрсетіп келеді. «Біреудің ала жібін аттамасын, адал болсын» деген ниетпен кішкентай Айшаның тұсауы ала жіппен кесілді. Тұсау кесу құрметіне университеттің оқу және оқу әдістемелік жұмыстар жөніндегі проректоры  Бибігүл Әбенова ие болды. Дәстүрімізге сай, тұсау кескен Бибігүл Сейілқызына  иығына ерекше құрметпен ұлттық камзол жабылды.

Мерекелік шара барысында Наурыз мерекесіне орай «Үздік ұлттық киім» номинациясы ұлттық киімдер байқауы өтті. Шара барысында әділқазылардың шешімі бойынша Білім беру процесін ұйымдастыру департаментінің директоры Сабырғали Бишекен мен «Материалдардың радиациялық физикасы» орталығының директоры Людмила Мясникова ұлттық нақыштағы бірегей киім топтамасымен үздік шығып,  50 мың теңгенің ақшалай сертификатына ие болды.

Әдемі кеште қазақтың әндері мен күйлерінен кейін, Наурыз дастарханына жиналғандарға шашу шашылып, «Наурыз көже» таратылды.

Тағылым мен тәрбиенің қарашаңырағы Жұбанов университетіндегі кештің соңында барлық жұртшылыққа университет ардагері Әдебиет Молдаханұлы  ақ батасын берді.