Суббота, Апрель 20, 2024
Басты > Жаңалықтар > Наурыз – ұлы даланың ұлы мерекесі

Наурыз – ұлы даланың ұлы мерекесі

Ақтөбе облысында Наурыз мейрамы кең ауқымда тойланып жатыр. Басты мерекелік шара Тұңғыш Президент саябағында өтті. Көктемнің нұрлы да, шуақты мерекесінде ақтөбеліктер бір-бірін жыл басы — Наурыз мерекесімен құттықтап, жүрекжарды тілектерін ерекше ықыласпен жеткізіп жатты. Мұнда облыс әкімі Оңдасын Оразалин ақтөбеліктермен бірге мерекелік қуанышты бөлісіп, Наурыз барлық ұлт пен ұлыстарға ортақ мереке екенін атап өтті.

«Қазақ халқына мың алғыс стелласы» алаңында «Ақтөбе деген қала бар» атты театрландырылған қойылым өткізіліп, қаладағы өнер ұжымдарының концерттік бағдарламасы жиналған жұртшылыққа көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Ұлыстың Ұлы күнін тойлауға келген жұрт киіз үйге кіріп, жуанның жіңішкеріп, жіңішкенің үзілер тұсындағы басты тағам – Наурыз көжеден дәм татып, ризашылықтарын білдіріп жатты.  Мерекелік шараға арнайы келген өңір және қала басшылары құрылған киіз үйлерді аралап, Наурыз көжеден дәм татты.

Алаң  аумағында 10 киіз үй тігілген. Оларға «Ақтөбе қаласына 150 жыл», «Ұлы даланың жеті қыры», «Биыл жастар жылы», «Аналарға тағзым», «Отбасы академиясы», «Ақтөбе газетіне 95 жыл», «Наурыз — жыл басы» атты тақырыптық атаулар беріліп, әр киіз үйде тақырыпқа сай мерекелік көрмелер ұйымдастырылды.

«Қазақ халқына мың алғыс стелласы» алаңында Жұбанов  университеті  де Ұлық мерекеге арнап киіз үй тігіп, Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламалық мақаласын негізге алды. Атап айтсақ, «Ұлы даланың ежелгі металлургиясы», «Атқа міну мәдениеті», онда сол кезеңдерден сыр шертер құнды жәдігерлер қойылды. Сондай-ақ, мұнда жылқы малын қолға үйрету мәдениетіне қатысты ат әбзелдері, үзеңгінің бірнеше түрі, өмілдірік, ертоқым сынды көптеген жәдігер қойылған. Осыған қарап, біздің бабаларымыз қолөнер, зергерлікті ерте заманда меңгергенін білуге болады.  Осылайша тұрғындар олардың тарихымен танысуға мүмкіндік алды.  Көрмені тамашалауға келген жұртшылық ұзын-сонар кезекке тұрды.

Көрме кезінде университеттің  Ғылым және инновациялар жөніндегі проректоры Рахым Бекназаров: «Жылқыны көлік еткен ата-бабаларымыз, ең сенімді серік ретінде жоғары қадірлеген.  «Ер қанаты – ат» деген халық нақылы да тектен-текке айтылмаған. Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында алғашқы атты қолға үйрету, міну мәдениеті жайлы қамтылған. Ұлттық болмысымызды сақтай отырып, келешек ұрпаққа құнды дүниелерді жеткізе білуіміз керек», — деп, қазақ тарихындағы ат өнері мен қоғамдағы орны жайлы сөз етті.

Облыс әкімі Оңдасын Оразалин, облыстық мәслихат хатшысы Сәния Қалдығұлова, қала әкімі Ілияс Испанов, қала әкімінің орынбасары Күлпаршын Айдарханова Жұбанов университетінің ұжымы құрған киіз үйде болып, Ұлы даланың  ғасырлар  қойнауынан жеткен тарихи жәдігерлермен және кітап көрмесімен танысты.

Айта кетейік, Жұбанов университетінің киіз үйінде кәсіби-шығармашылық факультетінің студенттерінің жасаған бұйымдары мен тарих факультетінің студенттерінің археологиялық қазба жұмыстарында тапқан жәдігерлері де көпшілік назарына ұсынылды.