Понедельник, Апрель 22, 2019
Басты > Жаңалықтар > Табысты ынтымақтастық нәтижесі

Табысты ынтымақтастық нәтижесі

Жұбанов университеті білім беру тиімділігін арттыру, ғылыми-зерттеу қызметін дамыту, жоғары білім беруді интернационализациялау, қосдипломды білім беру бағдарламалары мен білім алушылардың (студенттер мен магистранттар) академиялық ұтқырлығын кеңейту, білім беру қызметтерінің сапасын халықаралық стандарттарға сәйкестендіру мақсатында Түркия Республикасының 11 университетімен өзара ынтымақтастық келісім орнатты.  Соның ішінде Кастамону, Сакария, Стамбул, Хаджеттеппе университеттері стратегиялық серіктестер болып табылады.  Түркия Республикасының жоғары оқу орындарымен осыған дейін өзара ынтымақтастық пен ықпалдастықты дамыту бағытында ортақ меморандумдарға және «Мәулана» академиялық өзара алмасу бағдарламасына қол қойылған болатын.

Аталған ынтымақтастық аясында профессорлық-оқытушылық құрамының өзара тәжірибе алмасуы негізінде Жұбанов университетінің «Теориялық және қолданбалы тіл білімі» кафедрасының аға оқытушысы,  филология ғылымдарының кандидаты (PhD), қауымдастырылған профессор Бағила Мұратбек 25 ақпан -17 наурыз аралығында Кастамону университетінің «Өнер және ғылым» факультетінің «Түрік диалектілері мен әдебиеті» кафедрасында  арнайы  іс-тәжірибеден  өтті.

«Білім мен ғылым саласында Түркі дүниесіне нық қадамдар жасалды. Ұлы дала мәдениетінің алғашқы парағы  Анадолы төрінде  «K.ZHUBANOV AKTÖBE BÖLGESEL  DEVLET  ÜNIVERSITESI KAZAK KÜLTÜR NERKEZI»  «Қазақ Елі» мәдени орталығының  ашылуымен ерекшеленді.

«Онда «Түркия түрікшесі»,  «Қырғыз түрікшесі, «Өзбек түрікшесі» деп аталып оқытылатын пәндердің қатарына  «Қазақ түрікшесі»  пәні де енді. Қазақ-түрік ғалымдары бірлесіп дайындаған «KAZAK DILI GRAMERI» — Qazaq tili grammatikasy»  тұңғыш латын әліпбиінде дайындалған оқулық  әрі қарай  «Қазақ түрікшесін» оқытудың негізі деп танимыз. Ерекше айта кететін жайт,  «Қазақ тілі дәрістеріне» бейімделе бастауы  қуантарлық жағдай. Іс-тәжірибе барысында   өткізген тәжірибелік сабақтарым оған толық дәлел  және жаңа форматтағы оқулық  екі елдің рухани қазынасын арттырады», — дейді Бағила Құрманбекқызы.

Тәжірибе барысында Кастамону  университетіндегі профессорлық-оқытушылық құрамының және студенттердің қатысуымен  профессор, ғалымдар Бауыржан Ердембеков, Гүлжан Шоқым, Исмет Бинер әзірлеген тұңғыш оқулықтың арнайы таныстырылымын  өткізді. Таныстырлым кезінде Түркиялық студенттердің оқулыққа  қызығушылығы мен сұранысы басым болды.

Сапар барысында  Кастамону университетінің вице-ректоры, профессор Али Рафет Өзкан  филология ғылымдарының кандидаты (PhD), қауымдастырылған профессор Бағила Құрманбекқызын алғыс хатпен марапаттап,  сертификат тапсырды.