Понедельник, Июнь 17, 2019
Басты > Жаңалықтар > Ұлы дала мәдениеті, білімі мен ғылымы — АНАДОЛЫДА !

Ұлы дала мәдениеті, білімі мен ғылымы — АНАДОЛЫДА !

 Кастамону — «K.ZHUBANOV AKTÖBE BÖLGESEL  DEVLET  ÜNIVERSITESI KAZAK KÜLTÜR NERKEZI» — «ҚАЗАҚ ЕЛІ» мәдени орталығын тұңғыш ашқан Түркия Республикасындағы  жоғары оқу орындарының бірі.

Кастамону қаласы  шамамен 400 мыңға жуық халқы бар, 2018 жылғы Түрік әлемінің  «Мәдени астанасы» болған қала. Кастамону тарихи және мәдени мекендері,  табиғатымен  назар аударады.  Қала территориясының 65 пайызы орман,  кең флора және фаунаға ие.

Кастамону университетінің әлемдік стандартқа негізделген  қалашығы салынып жатыр. Қосдипломды бағдарлама бойынша Жұбанов университетінің 11 магистранты білім алуда, сонымен қатар 9 студенті  академиялық ұтқырлық бағдарламасы негізінде  білімдерін жалғастыруда. Онда Жұбанов университетінің студенттері мен магистранттары коммуникативті ортаға бейімделген.  Университет тарапынан  шетелдік студенттерге арналған түрік тілі, ағылшын тілі дайындық курстары  ұйымдастырылған.

Түркия Республикасындағы Кастамону университетіне сапар барысында «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында  қазақ-түрік   ғалымдары  Бауыржан Ердембеков, Гүлжан Шоқым, Исмет Бинер бірлестікте дайындаған «Қазақ тілінің грамматикасы» латын әліпбиінде дайындалған  тұңғыш оқулықтың кең форматтағы таныстырылымын жасадым.

Сондай-ақ, онда «Қазақ елі»  мәдени орталығын  арнайы түсіріп,  хабар дайындап жатырған Түркияның «ТРТ HABER» телеарнасына жаңа оқулық бойынша тәжірибелік сабақтарды  және  академиялық бағыт бойынша іс-тәжирибеден өтуші оқытушы ретінде сұхбат бердім.

Сапар барысында байқағаным, халықаралық  сипаттағы жаңа ұсынылған «Qazaq tili grammatikasy» оқулығының тәжірибелік сабақтары Түркиялық студенттердің тілге, тілді білуге, меңгеруге деген ынта-ықыласы, қызығушылығын арттырды. Бұл бағыттағы арнайы сабақтарды сондағы  түрколог- ғалым   Самет Азар  «Түрік диалектілері мен әдебиеті»  мамандығының 2-курс студенттерімен жалғастыруда. Қазақ- түрік ғалымдары бірлесіп дайындаған «KAZAK DILI GRAMERI» — Qazaq tili grammatikasy»  тұңғыш латын әліпбиінде дайындалған оқулықтың  тәжірибелік сабақтары – екі елдің рухани қазынасын толықтырды.

Қорыта келгенде, өзара тиімділік пен бірлесіп дамудың мүмкіндіктерін басшылыққа ала отырып, ынтымақтастықты күшейтуді көздейтін оқу орнының басшылығына,   халықаралық ынтымақтастық орталығына, факультет пен кафедра ұжымына алғыс айта отырып, «Қазақ елі» мәдени орталығы  мен  «KAZAK DILI GRAMERI»- Qazaq tili grammatikasy» тұңғыш латын әліпбиінде дайындалған оқулық болашаққа  қадамдарымызды нығайтатынына сенемін!

 

Бағила МҰРАТБЕК

филология ғылымдарының кандидаты  (PhD),

қауымдастырылған профессор