Пятница, Апрель 3, 2020
Басты > Жаңалықтар > Белгілі актер Жұбанов жастарымен жүздесті

Белгілі актер Жұбанов жастарымен жүздесті

Жұбанов жастары бүгін Алматы қалалық мәслихатының депутаты,  «Серпер» жастар сыйлығының иегері, актер Асылхан Төлеповпен кездесті.  Жұбанов университетіне арнайы келген жерлесіміз  бас оқу ғимаратында болып,  алдымен университеттің тыныс-тіршілігімен танысты.

«Жастар — жасампаз елдің болашағы» тақырыбындағы кездесу «Жастар жылы» мен Ақтөбе қаласының 150 жылдығына орай «150 игі іс» атты акциясы аясында  өтті.

Кездесу жастардың бойында адамгершілік, ізгілік, ептілік, мәдениеттілік қасиеттерді сіңіру мақсатында ұйымдастырылды.

Кездесу барысында актер алғашқы табысы, «Жаужүрек мың бала» кинофильміндегі қызықты түсірілімдер, депутаттық қызметке байланысты сұрақтарға жауап берді.

Актердің айтуынша, ол мектеп кезінен таэквондо спорт түрінен түрлі жетістіктерге жеткен. Алайда, ата-анасы оны 9-сыныптан соң Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының колледжіне оқуға түсірген. Осыдан кейін ғана оның өнерге деген ықыласы ояна бастаған. Бұл жөнінде Асылхан Төлепов: «Оқуға ақылы бөлімге түстім. Ата-анама салмақ салмайын деп базарда жеміс-жидек сатқан кезім де болды. Бірақ, бағым жанып, 18 жасымда алғаш рет кастингтен өтіп, басты рөлге бекітілдім. Бұл – «Жаужүрек мың бала» фильмі еді. Анам сол кезде сенбей қуаныштан жарты сағат жылаған еді. Өнерге деген қадамым осылай басталды», — деп жауап берді.

«Кастингтен өт­кен­нен кейін бір ай жарымнан соң рөлге бекітілдім. Сынақ кезінде тарихтан сұрақтар қойыл­ды, атқа мініп шабу секілді денсаулық жағдайымыз да тек­серілді. Түсірілімге дейін каскадерлар тобының жетекшісі Жайдарбек Күнқожинов садақ тарту, қылышпен шабу, қолма-қол шайқас тәсілдерін үйретті, бір ай бойы дайындалдық. Шай­қас алаңындағы көріністерді түсіруде кедергілер кездесті. Қарапайым ауа райының өзі түске дейін ашық болып тұрса, түстен кейін бұлттанып жаңбыр жауады. Мың жігіт атқа шапқан кезде аттан құлап, қолын шығарғандар да, құлаған кезде жерден жылан шаққан оқиғалар да болды. Бір қызық оқиғаны айта кетейін. Сарбаздың жауға шапқан кезін түсірерде бірнеше дубль жасадық. Мың сарбаз ешкімнен оза шаппай, қатардан да қалмауы керек. Кейде аттың құлағында ойнайтын жігіттер алға шығып кетеді, біресе «Алаш» деген сөздің орнына арттағылар «Давай» деп қалады. «Енді соңғы түсірілім болады, жинақталамыз» — деді. Бәрі жақсы түсірілуде. Бір кезде «Асылхан, Асылхан» деген дауыс шығады. Бұрылып артыма қарасам, Ілиястың рөлін ойнау­шы Артур ағам Сартай деудің орнына шатасып, Асылхан деп жатыр екен», — деді актер залды күлдіріп.

«Жаужүрек мың бала» фильмінен соң да өзі сомдаған Сартай батырға қатысты сын-пікірлер болғанын да айтып өтті.

Сондай-ақ, «Жастар жылы» форумының ашылуындағы әсерімен бөлісіп, осы жылдың жастарға ерекше өзгеріс боларына сенімді. «Биылғы жыл еліміздің жастар үшін үлкен мүмкіндік болары анық. Жастарға көп көңіл бөлінеді деп ойлаймын. Елімізде «Жастар жылы» бұрыннан аталып өтуі керек еді. Бізде талантты жастар көп. Тек оларға қолдау білдіру керек. Биылғы жылдан күтерім мол», — деді актер.

Ұйымдастырушылар кездесу соңында актердің  шығармашылығына табыс тілеп, естелік сый-сияпаттарын табыстады.

Айта кетейік, Асылхан Сайлауұлы  Төлепов — Ақтөбе облысы Ойыл ауданының Жетікөл ауылында дүниеге келген. Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы жанынан ашылған колледждің професссоры Есім Сегізбаевтың класын тәмамдаған, киноактёр. 2010 жылы Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» шығарған Елбасы туралы түсірілген «Балалық шағымның аспаны» фильмінде президенттің досы Ғалидің рөлін сомдаған. 2011 жылы «Жаужүрек мың бала» фильміндегі басты кейіпкер мыңбала Сартайдың рөліне ие болған. «Жаужүрек мың бала» фильмiнде көрсеткен ерлігі мен шеберлігі үшін Бауыржан Момышұлы атындағы медальмен марапатталды.  2013 жылы  «Серпер» Жастар сыйлығының иегері. 2018 жылғы Қырғыз елінің «Жылдың ең үздік актеры».  Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының актері. Алматы қалалық мәслихатының депутаты, таэквондодан ҚР чемпионы, жақында өткен республикалық «Өнер барысы» мега жобасының жеңімпазы.