Пятница, Апрель 19, 2024
Басты > Жаңалықтар > Жас суретшіге қолдау көрсетті

Жас суретшіге қолдау көрсетті

Жұбанов университетінің Студенттер сарайында көптеген халықаралық, республикалық байқаулардың жеңімпазы, «Дизайн» мамандығының 1-курс студенті  Айя Спамбетованың  сурет көрмесі өтті. Жастар жылына арналған көрмеде қылқалам шеберінің 60 туындысы қойылған.

Шараның ашылу салтанатының тұсауын кескен ректор Бауыржан Ердембеков: «Құрметті жиналған қауым! Ұстаздар мен студенттер! Бүгін Жұбанов университетінде тағы қуанышты сәттің куәсі болып отырмыз. Адамның өмірі осындай қуанышты сәттерімен мәңгі.

Біз жас суретші Айяның суреттерін көріп, Жұбанов университетіне оқуға шақырған болатынбыз. Соның арқасында Айя университеттің «Дизайн» мамандығының 1-курсына қабылданып, қазір өте белсенді студенттердің бірі. Мен алдымен Айяға және оған қолдау білдіріп жүрген  анасына алғысымды айтамын. Айя университеттің мақтанышы емес, Қазақстанның мақтанышы болып, басқа студенттерге үлгі болатынына сенемін. Айяға ақ жол тілеймін!» — деді. Сөз соңында университет ректоры   Ғылыми Кеңес шешімімен Құдайберген Жұбанов атындағы арнайы стипендияны табыстап, қыл қалам шеберінің кеудесіне «Үздік студент» төсбелгісін тақты.

Өз кезегінде филология факультетінің 1-курс студенті Айболат Көшкінбай жас суретшіге арнауын жеткізді.

Көрмеге қатысқан Ақтөбе облысының Үкіметтік емес ұйымдар (ҮЕҰ) қауымдастығының президенті Айгүл Дүйсенова дарынды суретшіні құттықтап, анасы мен қолдау білдірген университет ұжымына алғысын білдірді.

Сондай-ақ, көрмеге мектеп мұғалімдері мен қаладағы оқушылар сарайының мұғалімдері қатысты. Олар Аяйны құттықтап, шығармашылық табыстар тіледі. Жиында жас суретшіге Оқушылар сарайының директоры Нұргүл Мұсабекованың алғыс хаты тапсырылды.

Көрменің қонақтары арасында Ақтөбе хоккей клубының өкілдері де болды. «Хоккей клубының  атынан біз Аяйға денсаулық тілейміз және өзінің алғашқы көрмесінің ашылуымен құттықтаймыз», — дейді команданың қорғаушысы Даниэль Алякин.

Жас суретшінің  өмірлік мақсаттары жоғары. Мектепті қызылға бітірген ол,  5 жылдан кейін алатын дипломының қызыл болғанын армандайды. Салған суреттерінің көбі корейдің танымал жұлдыздары. Корей киносы мен корей жұлдыздарын туралы қарап жүргеніне 1 жыл уақыт болған. Өзінің айтуы бойынша олардың тек үштен бірін таныймын дейді.
«Осы жанрдағы кинолар, әндер ұнайды. Сурет салып отырып кино
көремін. Бір жыл ішінде корейлік неше кино көріп тастағаным есімде жоқ. Болашақта киім дизайнері болуды армандағандықтан алғашқы еңбегімді бастап кеттім»
— дейді ол.

«Балалық арманымның орындалуына анамның тигізген көмегі көп.
Өмірде анамнан үлгі аламын. Қиын сәтте демеу болды. Әрқашан жанымнан табылды. Осы күнге дейін жанымда жүр. Өмірге деген көзқарасымды да өзгерткен менің анам. Анамның арқасында ешқашан өзімді кемтар жан сезінген жоқпын. Жалғыз қызын анам өзі өсірді. Менің әр жетістігімнің себепкері де сол аяулы жан. Сегіз жасыма дейін өз аяғыммен жүргенмін. Ауырған сәттен бастап сурет салумен айналысамын. Бүгінде балалық шағымда айналысқан өнерім өмірлік таңдаған мамандығыма айналды. Басқа мамандықты таңдау туралы мүлдем ойлаған жоқпын. Анам ешқашан маған «жоқ» деген сөзді айтқан емес. Барлық жағдайда да жаңа мүмкіндіктер сыйлап жігерлендіріп отырады. Бірте-бірте ортаға биімделіп, ашылып келе жатырмын. Әрине, анам тәрізді тез тіл табыса алмағаныммен үйреніп келемін»
,- деді жас суретші.

Көрме соңында суретшінің  әжесі мен анасы Сандуғаш Бибітәліқызы сөз сөйлеп, Айяға қолдау білдірген университет басшылығы мен ұстаздарына  алғысын  жеткізді.

Студенттер сарайындағы көрмеге жиналған көрермендердің легінде есеп жоқ. Жиналғандар танымал тұлғалардың портреттеріне ұзақ қарап, қаншалықты айнытпай бейнеленгенін өзара талқыға салды. Олардың бәрі де Айяның  талантына тәнті болып, оның көрмеге қойылған еңбектеріне қызығушылық танытты.