Среда, Апрель 24, 2024
Басты > Жаңалықтар > IT кабинеті ашылды

IT кабинеті ашылды

Жұбанов университетінің педагогика факультетінде IT кабинеті ашылды.  Бұл, студенттердің  дарынын ұштап, сандық технологиялар бағытындағы білімін арттыруға жол ашпақ. Жоба «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасының жүзеге асырылу аясында Жұбанов университетінің бастамасымен қолға алынды.

Елбасының биылғы Жолдауында білім беру жүйесін цифрландыру талаптарына бейімдеу қажеттігі айтылған. Бұл міндетті жүзеге асыруда цифрлы технология кабинеті үлкен көмек болмақ.

Айтулы шараға университет әкімшілігі, оқу орнының профессорлық-оқытушылық құрамы мен студенттері қатысты. Салтанатты жиында  университет ректоры Бауыржан Ердембеков оқу ордасындағы  тың жаңалықтарды атап өте келе, жаңа кабинеттің  ашылуымен құттықтады.

Университет басшысы аталмыш кабинетте жастардың қабілеттерін толыққанды дамыту үшін барлық жағдай жасалғанын атап өтіп, кабинетті әрі қарай дамытуда тәжірибе алмасу үшін тек қана Қазақстанда ғана емес, сонымен қатар шет елдердің жетекші жоғары оқу орындарымен байланыстар орнату қажет екенін тілге тиек етті.

Содан соң жиналғандарға «Педагогика және психология» кафедрасының доценті, аға оқытушы Айгүлден Тоғайбаева панормалық сабақ үлгісін көрсетті.

Факультет жетістігімен бөліскен,  декан, педагогика ғылымдарының кандидаты Жанна Жусупова: «Факультетте 965 студент, 43 магистрант білім алады, 66 аудиториялық қорымыз бар. Екі жылдың ішінде 8 атаулы кабинеттер, «Zerek» балаларды дамыту орталығы, 2 демалыс зонасы ашылып, 13 аудитория жөндеуден өтті. Бұл білм алушылардың сапалы білім мен саналы тәрбие алу үшін басшылық тарапынан жасалып жатқан жағдайлар деп білеміз. Сонымен қатар, қуантарлық жағдай, бүгін факультетімізде соңғы ақпараттық технологиялармен жабдықталған IT кабинеті де ашылып отыр. Бұл кабинет болашақ педагогтардың сандық технологиялар бағытында білімін арттыруға жол ашпақ»,- деді, университеттің баспасөз қызметіне.

IT кабинеті —  заманауи компьютерлер,  жоғары жылдамдықтағы интернет, қажетті веб-бағдарламалармен, логопедия саласының (logoped) арнайы программалық жабдықтарымен, үйретуші программалармен, логопедиялық компьютерлік «Игры для Тигры» ойынымен  жабдықталған. Мұнда инновациялық технологияны игеруге икемі бар жас таланттар білімін арттырып, шеберлігін шыңдап, түрлі байқауларға дайындалуға мүмкіндік алады.

Айта кетейік, кабинетте компьютерлік психодиагностика әдісі бойынша детектор орналасқан. Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл психодиагностика әдісі адам туралы қажетті ақпаратты білуге ​​мүмкіндік береді. Енді студенттер өздері тәжірибеде қолданатын психологиясын меңгере алады. Ол үшін алдымен белгілі бір сынақтар жүргізеді, содан кейін полиграфта жазылған жауаптарды арнайы сенсорлар арқылы тексереді. Сондай-ақ, компьютерлер «Psi-Profile» бағдарламасы көмегімен кәсіби психологиялық тесттер жүргізуге болады.