Четверг, Сентябрь 19, 2019
Басты > Жаңалықтар > Профессор Мәрзия Жақсығаринаның жеке көрмесін тамашалады

Профессор Мәрзия Жақсығаринаның жеке көрмесін тамашалады

Бүгін Жұбанов университетінің  Студенттер сарайында студенттердің ғылым апталығының аясында алғаш рет өнертану профессоры, мәдениеттану ғылымдарының кандидаты, ҚР Суретшілер одағының мүшесі   Мәрзия Жақсығаринаның жеке көрмесі өтті.

Суретшіні құттықтауға университет әкімшілігі, университеттің  профессорлық-оқытушылық құрамы, студенттер, сондай-ақ Бадамша балалар өнер мектебінің оқушылары қатысты.

Көрменің ашылуында «Құрметті өнерсүйер қауым! Бүгін студенттердің ғылым апталығы ашылып, сол апталық аясында  қылқалам шебері Мәрзия Жұмашқызының жеке көрмесі өтіп жатыр.  Бұл кісіні қазақ елінің экслибристі ғана емес, әр түрлі саладағы қылқалам шебері екенін жақсы біледі. Сіздер бүгін суретшінің терең мағыналы туындылардың куәсі  боласыздар. Бүгінгі көрмеге қойылған әр суреттің, әр еңбектің өзінің тарихы бар» — деді, университет ректоры Бауыржан Ердембеков.

Өнер тарихы профессоры, мәдениеттану кандидаты, ҚР СО мүшесі Мәрзия Жақсығарина  алғашқы экслибрисін 1991 жылы салған. Бүгінде оның қаламынан бірнеше экслибрис дайындалған. Жұмыстардың басым бөлігі қара және ақ түсті линогравюра техникасында орындалған. Бірақ жұмыстардың ішінде түрлі-түсті гравюралар мен офорттар да кездеседі. Мәрзия Жұмашқызы  Қазақстанның атынан Италиядағы Гремона, Монферрато қалаларында, Польшадағы Варшава, Лодзь, Вроцлав, Ресейдегі  Мәскеу, Вологда сынды шет елдерде  халықаралық көрмелерге қатысқан.

«Бүгін университетте әртүрлі бағыттар бойынша  тұңғыш рет жеке көрмем өткізіліп жатыр. Дайындалған 100 жұмысымның тек жартысы ғана көрмеге қойылып отыр. Сондықтан болашақта көрсетілетін көптеген суреттер бар», — дейді суретші.

Суретшінің айтуынша, көрмені осы айдың соңына дейін Студенттер сарайында тамашалауға болады.