Четверг, Апрель 25, 2024
Басты > БАҚ біз туралы > Ғылым — болашақтың кепілі

Ғылым — болашақтың кепілі

Апталық

Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінде студенттердің ғылым апталығы басталды. Білім ордасының бас ғимаратында өткен апталықтың ашылуына университет ректоры Бауыржан Ердембеков қатысып, ғылым жолында жүрген жастарға сәттілік тіледі.

Биыл апталық аясында білім мен ғылым жолында жүрген студент-жастарды қолдау, өзге студенттердің ғылымға деген қызығушылығын арттыру мақсатында 182 шара өткізілетін болады.

Апталықтың алғашқы күні ғылыми жетістіктер көрмесі өтіп, келушілерге университет студенттерінің жыл бойы жеткен жетістіктері мен үздік жобалары ұсынылды.

— Ғылым апталығы — ғылымды бейбіт мақсатта пайдалану тұрғысында Біріккен Ұлттар Ұйымынан бастау алған. Біздің университетте  апта бойы студенттер үшін ауқымды шаралар өткізілетін болады,  ғылыми семинарлар, дөңгелек үстелдер, пәндік олимпиадалар мен ғылыми байқаулар өткізу жоспарланған, — дейді университеттің ғылыми-инновациялық бағдарламалар департаментінің директоры Берікхан Иісбекұлы.  

Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің жас ғалымдары мен студенттері бірнеше бағыт бойынша ғылыми-зерттеу жұмыстарын жандандыруда. Жас ғалымдар мен студенттердің ғылыми-зерттеу жұмысына қолайлы орта жасап, сапалы кадр дайындау мақсатында ІТ-зона ашылып, робототехника кабинеті жасақталған. Сондай-ақ  студенттерге қызмет көрсететін «Темірқазық» орталығын цифрландыру және автоматтандыруға арналған еARSU мобильді қосымша мен «еarsubот» өндіріске енгізілді. Нәтижесінде қызмет көрсету процесі оңтайланып, онлайн анықтама беру қызметі іске қосылды.

Ақерке САТЫБАЛДЫ.

http://www.aktobegazeti.kz/?p=74950