Четверг, Апрель 18, 2024
Басты > Жаңалықтар > Рухани жаңғыру жолындағы екі жыл

Рухани жаңғыру жолындағы екі жыл

ҚР Тұңғыш Президенті Ә.Н.Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» бағдарламасының жарияланғанына екі жыл толуына орай  Жұбанов университетінде «Рухани жаңғыру  — тарлан тарих, жасампаз бүгінгі күн, жарқын болашақ!» облыстық конференциясы өтті.   

Аталмыш шараға облыстық басқармалар мен Ақтөбе қаласы және аудан әкімдіктері, зиялы қауым өкілдері, меценаттар, қоғамдық ұйымдар мен саяси партиялардың басшылары, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері, колледждер мен мектеп директорлары және бұқаралық ақпарат құралдарының  өкілдері қатысты.

Жиынға қатысушылар алдымен Жастар сарайының фойесіндегі «Туған жер», «Киелі  жерлер географиясы», «100 жаңа есім», «Қазақ тілінің латын қарпіне көшуі» арнайы жобаларын қамтитын облыстық басқармалар мен аудан әкімдіктерінің көрмесін тамашалады.

Шара Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары Марат Тоқжановтың  алғысөзімен басталды.  Марат Лұқпанұлы өз сөзінде маңызы зор мақаланың еліміздегі рухани және әлеуметтік-экономикалық жаңғырудың алғышарты ретінде қабылданған  бағдарламалық құжат екеніне тоқталып, «Рухани жаңғыру» бағдарламасының өңір экономикасын дамытуға, сонымен қатар, азаматтардың өмір сүру сапасын арттыруға, соның ішінде әлеуметтік және рухани қажеттіліктерін қанағаттандыруда мықты түрткі болғанын атап өтті.

Өз кезегінде Жұбанов университетінің ректоры, профессор Бауыржан Ердембеков университеттегі «Рухани жаңғыру» бағдарламасының орындалу барысына тоқталды. «Елбасының еңбегінде анықталған идеяны жүзеге асыру мақсатында  Жұбанов университетінде 2017 жылы Ақтөбе облыстық «Рухани жаңғыру» бағдарламасын басқару орталығы ашылған болатын. Университетте «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясындағы шаралар «Тәрбие мен білім»,  «Рухани қазына»,  «Атамекен», «Ақпарат толқыны» бағыттары бойынша іске асырылады», — деді университет басшысы.

Университет ректоры өз сөзінде 2018 жылы «Жұбанов кітапханасының» 100 кітабы жобасы аясында ПОҚ ғылыми-зерттеу еңбектерінің 10 кітабы, 2019 жылы аталған серия бойынша университет қаржысына тағы 11 кітап баспадан шығарылғанын және   «Ұлттық аударма бюросы» қоғамдық қоры мен «Нұр Отан» партиясымен  бірлескен «Kitap.kz» — «Қазақстанның ашық кітапханасы» жобасы аясында профессор-оқытушылар кітаптарының 55 электронды нұсқасы ұсынылғанын баяндады.

«2018 жыл ақтөбеліктер үшін «Бақытты бала» жылы болып жарияланды. Соған орай университеттегі атқарылған қомақты шараның бірі — «Зерек» балалар орталығының ашылуы болды. Мұнда 5-10 жас аралығындағы балалардың денсаулық сақтау және қауіпсіздік мүмкіндіктерін қамтамасыз ету, әлеуметтік-психологиялық жағдай жасау, сөйлеу тілі және тірек қимыл аппараты бұзылыстарын түзету; кеңістікті бағдарлауға үйрету; мектепке оқуға дайындау; интеллектуалдық дамыту; компьютерлік сауаттандыру; бейнелеу өнеріне қабілетін дамыту  бағытындағы жұмыстар жүргізіледі және ағылшын тіліне үйретеді.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Нұр Отан» партиясының кезекті XVIII съезінде: «әрбір өңірде бір озық ЖОО болуы тиіс» деп айтқан болатын. Оқу орындар тиімділігінің басты көрсеткіші түлектердің жұмысқа орналасуы екендігі атап көрсетілді. Осы мақсатта университет 230 өндіріс орны мен әрі өзге де мекемелер мен білім беру ұйымдарымен келісім-шарттар жасады.

Жұбанов университеті «Филип Моррис» компаниясының менеджерлері, Қазақстан менеджмент, экономика және болжау институты (ҚМЭБИ) «Мансап» орталығының, облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының, «CNPC-Ақтөбемұнайгаз» АҚ өкілдерінің қатысуымен «Адами капиталды дамытудың Жол картасын» жүзеге асыру мақсаттарын талқылап, Жоғары білім беретін оқу орындары мен жұмыс беруші мекемелермен қарым-қатынас орнату үшін «Шетелдік инвесторлардың қазақстандық кеңесі» қауымдастығымен бірлескен «Кәсіби даму және Мансап» орталығын ашты.

Ақпарат толқыны кіші бағдарламасы бойынша Облыстық «Ақтөбе» телеарнасында жаңа форматтағы  «Елім менің», «Біздің тарих» арнайы телебағдарламалары өз жұмыстарын жалғастыруда», — деп, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы бойынша 2019 жылы іске асырылатын бірқатар жобаларға тоқталды.

Айта кетейік, Жұбанов университетінде Тәрбие мен білім кіші бағдарламасы бойынша 55 жаңа білім беру траекториясы енгізілді, 12 мамандық бойынша Жоғары колледж, 17 жаңа мамандық, Арнайы ағылшын тобы, дуалды және көптілді білім беру бағдарламасы енгізілді. «Латын әліпбиіне» көшуге байланысты  9853 адамды қамтыған 35 шара,«Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы бойынша мемлекеттік тілге аударылған 19 оқулық білім беру процесінде пайдаланылады, «Рухани жаңғыру» идеясы аясында білім бағдарламаларына 14 таңдау пәні енгізілді. «Туған жер» бағдарламасы бойынша 487 студенттің қатысуымен — 12 шара, 10 — Халықаралық ғылыми практикалық, 8 — республикалық және аймақтық конференция өткізілсе, 820 ғылыми мақала, жинақтар мен монографиялар баспадан шығып, оның 112-сі шетелдік басылымдарда, 342-сі — БжҒСБК-нің журналдарында жарық көрді.  Атқарылған 657 шараға 13500 оқытушы мен студенттер, магистранттар қамтылды.

2018 жылы «100 оқулық» жобасы бойынша сараптамалық топ құрылып, ғалымдар, оқытушылар мен магистранттар алғашқы шыққан 17 оқулықты талдап, бірнеше шаралар өткізілді. Нәтижесінде арнайы мақалалар мен пікірлер жинағы жарыққа шықты.

«Атамекен» кіші бағарламасы аясында 17 кабинетке әйгілі тұлғалар мен зиялы қауым өкілдерінің есімі беріліп, жаңадан жасақталған. Оның ішінде Дербісәлі Беркімбаев, Тілеу батыр Айтұлы, Қабақ баба Айтұлы, Бегежан Сүлейменов, Амантай Өтегенов, Серік Бермағанбет, Әлім Алмат, Ауған соғысы ардагерлері атындағы кабинеттер меценаттар қаржысына жасалды.

Сондай-ақ, оқу ордасында Жастар жылы аясында жаңартылған «Жастар сарайында» «Мәңгілік Ел» конференц-залы, Атриум, «Zhubanov-cinema» кино залы пайдалануға берілді. 2018 жылы қазақ жұртын алыс шетелге таныстыру мақсатында Польшаның Быдгощ университетінде «Qazaqstan» тіл және мәдениет орталығы ашылса, 2019 жылдың 1 наурызында Түркияның Кастомону университетінде Қазақ халқының тілін, әдет-ғұрып, салт-дәстүрін насихаттау мақсатында «Qazaq eli» орталығы ашылды.

2018-2019 оқу жылынан бастап университетте «Ата қоныс – Ақтөбе» жобасының іске асыру барысында алыс және жақын шетелдердегі қандастарымызды университет қаржысынан гранттар бөліп, ана тілінде білім алуға жағдай жасалған. Өзбекстан Республикасынан – 849 студент оқыса, оның 787 — этникалық қазақтар, Ресей Федерациясынан – 14, КХР-нан – 2, Қырғыз Республикасынан – 1 студент білім алуда. Күндізгі бөлімде оқитын – 133 студентке «Студенттер үйінен» орын берілді.

Бүгінгі жиында университеттің «Қазақ әдебиеті» кафедрасының меңгерушісі, доцент Нұрбол Сәдуақас латын қарпі негізіндегі жаңа әліпби мен емле ережелері туралы баяндама жасады. Баяндамашы  латын графикасына негізделген қазақ тілі әліпбиі, емле ережелерінің құрылымы,  емле ережелерінің құрылымы, жаңа емледегі жаңалықтарды баяндады.

Сондай-ақ, жиынға қатысқан меценаттар, қоғамдық ұйымдар мен саяси партиялардың басшыларының бағдарлама аясында атқарылған жұмыстарының есебі тыңдалды. Конференцияға қатысушылар өз кезегінде пікірлерін айтып, ұсыныстарын жеткізді.

Конференция соңында  философия ғылымдарының докторы, профессор Амангелді Айталыға ҚР Ұлттық ғылым академиясының президенті Мұрат Жұрыновтың «Алаш» ұлттық автономиясының 100 жылдығының құрметіне» арналған естелік медалі мен Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалиннің Алғыс хаты табысталды. Сондай-ақ, «Рухани жаңғыру» бағдарламасының Ақтөбе облысында жүзеге асырылуына белсенді атсалысқаны үшін облыс әкімінің Алғыс хаты университет ректоры Бауыржан Ердембековке, университет қызметкерлері Нұрбол Сәдуақасқа және Бекарыстан Мырзабайға тапсырылды.