Воскресенье, Декабрь 8, 2019
Басты > Білім > Ғылым апталығы нәтижелі аяқталды

Ғылым апталығы нәтижелі аяқталды

Жұбанов университетінде ҚР Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы мен «Жастар жылы» аясында «Жастар, ғылым және инновация» атты студенттер, магистранттар мен PhD докторанттарға арналған XV халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясы өткізілді.

Ғылым күніне орай өткізілген шара Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының екі жылдығымен және  Қазақ КСР академиясының академигі, Кеңес Одағының және Қазақстанның металлогения мектебінің негізін қалаушы, қазақтан шыққан тұңғыш академик Қаныш Сәтбаевтың 120 жылдығымен тұспа-тұс келді.

Студенттер мен жас ғалымдардың  ғылыми шыңдануына септігін беретін, оларды ғылыммен шұғылдануға шақыратын және талантты жастарға қолдау беретін ғылым апталығы аясында  182 түрлі деңгейдегі шаралар өтті.

Атап өтсек, «Ғылыми жетістіктер көрмесі», «Ғылым қайнары» ғылыми жобалар байқауы, «Үздік факультет», «Үздік кафедра», «Үздік ғалым», «Үздік жас ғалым», «Үздік магистрант», «Үздік студент», «Үздік ғылыми үйірме» номинациялары бойынша «Жыл үздігі» байқауы сынды шараларды ерекше айтуға болады.

Аталмыш апталық аясында еліміздің әр өңіріндегі интеллектуалды жастарды анықтап, олардың ғылыммен айналысуына жол ашу мақсатында өткізілген «5В070800-Мұнай-газ ісі» мамандығы бойынша жоғары оқу орындары студенттері арасында XІ Республикалық студенттік пәндік олимпиадасына Қызылорда, Шымкент, Орал, Қарағанды, Ақтау, Алматы, Ақтөбе қалаларының ЖОО студенттері белсенді қатысты.

Ғылым апталығында өткен ғылыми жетістіктер көрмесіне 100-ге жуық әртүрлі жұмыстар нәтижесі қойылды. Онда жас ғалымдар мен студенттердің құрастыруымен «Темірқазық» студенттерге қызмет көрсету орталығы қызметін цифрландыру және автоматтандыруға арналған «еARSU» мобильді қосымша мен «Еarsu бот» өндіріске енгізді. Нәтижесінде қызмет көрсету процесі оңтайланып, бүгіннен бастап ойлайн анықтама беру қызметі іске қосылды. Сондай-ақ, электронды «Профессорлық-оқытушылық құрамының қызметін бағалаудың рейтингтік жүйесі» іске қосылды.

Университет жастары бұдан тыс робототехника мен 3D-ның тылсымына үңіліп, жас өспірімдерге ұлттық құндылықтарымызды дәріптейін ойындар жасауға атсалысуда.

Сондай-ақ, медициналық, техникалық, көркем мәтіндерді ағылшын тілінен қазақ тіліне және қазақ тілінен ағылшын тіліне аударуды мақсат еткен жастар «Translate and Watch (Аударма бюросы мен аударма студиясы)» жобасы бүгінде ағылшын тіліндегі фильмдерді қазақ тіліне аударып субтитр арқылы көрсетіп, қазақ тіліндегі фильмдерді ағылшын тіліне аударып, оларды танымал етуді қолға алуда.

Бүгінгі конференцияда университет абыройын асырып, ғылыми әлеуетін арттыруға, іргелі, қолданбалы ғылымның дамуына зор үлес қосып жүрген, халықаралық, республикалық байқауларда биіктен көрінген студенттер мен жас ғалымдар жыл ішінде жеткен жетістіктері мен алдағы жоспарлары туралы бөлісіп, көкейлерінде жүрген ұсыныстарын айтты. Олар өз кезегінде университет басшылығы мен ұстаздарына қолдаулары үшін алғыс білдіріп, алдағы уақытта университет атын шығару үшін барлық күш жігерлерін салатындарын жеткізді.

Конференцияны алғысөзімен ашқан университет ректоры Бауыржан Ердембеков  кез-келген ынталы жастың бетін қайтармай, идея ұсынған жастарды қолдайтынын жеткізді.  Парасатты ұстаз ретіндегі ақыл-кеңесін айтып, жастарды алдағы уақытта сапалы қызмет етуге шақырды.

Ғылыми жиында жас маман, «24 Element» ғылыми үйірмесінің жетекшісі, техника ғылымдарының магистрі Альбина Ерсайынова сөз сөйледі.  «24 ELEMENT студенттік клубының құрамында 137 студент, 7 жас маман бар. Клуб мүшелері Республикалық деңгейде ғылыми-зерттеу жұмыстар байқауларында, пәндік олимпиадаларда  үнемі жүлделі орындар иеленді. Сондай-ақ, халықаралық конференцияларда белсенділік танытып, өзге университет студенттерімен тәжірибе алмасып отырады. Осы орайда біз жас маман ретінде магистранттар мен студенттерге бағыт-бағдар беріп, бәсекеге қабілетті білікті мамандарды даярлау мақсатында еңбек етудеміз» — деді, үйірме жетекшісі. Сөз соңында университет жастарын ел дамуы жолында бірлесе еңбек етуге шақырды.

Конференцияда шетел тілдері факультетінің  4-курс студенті Нұрсұлтан Асылов білім алушыларды ағылшын тілінде жобалар жасауға үйрететін «Project based learning (Жоба құру арқылы оқыту)» жобасы жайында баяндады. Нұрсұлтанның бұл жобасын шетелдіктер өте жоғары бағалап, Оттава университетінің (Канада) Languages cultures societies (Қоғамдағы тіл мәдениеті) мамандығы бойынша магистратураға жолдама берген.

Сондай-ақ, жастар арасында «Менің арманым» Start up жобасының Республикалық байқауының финалисті,  ZHAS PROJECT Дүниежүзілік банктен 1 млн грант иегері (Фотосалон «BEGEY»), К-PRO Профессиональды Қазақстан жобасынан оқу гранты, Халықаралық ғылыми жоба аясында «Үздік студенттік ғылыми жоба» дипломының иегері, экономика және құқық факультетінің 3-курс студенті Гүлнұр Бегеева мен «Ақылды балабақша» Start up жобасы негізінде ашылған «Зерек» балаларды дамыту орталығының тәлімгері, педагогика факультетінің 4-курс студенті Сабина Тұржанова сынды студенттер өз тәжірибелерімен  бөлісіп, ұсыныстарын жеткізді.

Жастар тарапынан айтылған тың ой, ұтымды ұсынысты университет басшысы назарға алып, алдағы уақытта ескеретінін жеткізді.

Ғылыми шара түс қайта секциялық мәжілістерге ұласты.