Суббота, Апрель 20, 2024
Басты > Жаңалықтар > Жас мамандарға жұмысқа орналасуға мол  мүмкіндік

Жас мамандарға жұмысқа орналасуға мол  мүмкіндік

Студенттер сарайында Ақтөбе облысы аудандарының әкімдерімен «Университет бітірушілерін жұмысқа орналастырудың тиімділігін арттыру» тақырыбында ашық микрофон өтті.

Биыл Жұбанов университетін  бітіруші 1821 түлектің 1191-і ақылы негізде, 438-і мемлекеттік білім гранты, 124-і «Серпін» бағдарламасы, 67-і ауыл квотасы бойынша бітіреді.

«Жастар жылын өткізу жөніндегі жол картасы» негізінде жастарды еңбекпен қамту мәселесі бойынша «Жас маман» бағдарламасын іске асыру мақсатында қала, аудан әкімдерімен бірлескен жұмыстар жүргізу және университет түлектерін жұмысқа орналастыруда нақты мәселелерді шешу.

Аталмыш шара аясында  аудан бойынша сұраныс мәселесі, ауылдық жерлерде кадр тапшылығын шешу жұмыстары, педагогикалық және педагогикалық емес мамандықтарды жұмыспен қамту мәселесі, жас мамандарға әлеуметтік қолдау, аудандар имиджін көтеруге қатысты жүргізіліп жатқан жұмыстар жөнінде сөз болды.

Жиынды ашқан университеттің оқу және оқу-әдістемелік жұмыстар жөніндегі проректоры Бибігүл Абенова  университет дайындайтын экономика бағыты, білім бағыты, құқық, қызмет көрсету бағыты,  өнер, гуманитарлық және жаратылыстану, техникалық ғылымдар мен технологиялар бағыты бойынша бітіретін жоғары  білікті мамандар туралы ақпараттарды ұсына отырып, еңбек нарығында басымдықтарға ие мамандықтарды насихаттау, өңірде жұмысқа орналастыру  мәселелерін шешуде университет түлектерін қамтуға көмектесу мүмкіндіктерін анықтау мақсатында кездесу өткізіп отырғандығын жеткізді.

«Елбасы 2018 жылғы қазан айындағы Жолдауында жастардың барлық санатын қолдауға арналған шараларды толық қамтитын әлеуметтік сатының ауқымды платформасын қалыптастырудың маңызы жөнінде нақты көрсетіп берді.  «Жұбанов университетінің білім беру қызметі кадр даярлаудың  8 бағыты бойынша 93 білім бағдарламасын жүзеге асырады. Университетте барлығы 13383 студент, магистрант, докторант білім алады. Оның 1821-і биыл университетті  бітіріп шығады», — деді университет ректоры Бауыржан Ердембеков.  Сондай-ақ, оқу ордасының басшысы  облыстағы 230 өндіріс орындарымен, түрлі меншік формасындағы мекемелер және білім беру ұйымдарымен келісімшарттар жасалғанын атап өтті.

Аудан басшыларымен кездесуде бітіруші түлектер бүгінгі күнге дейін өздерінің жеткен жетістіктерін жеткізіп, оған жетуде білім мен еңбекті ұштастырғандарын да тілге тиек етті. Кездесуде жастар  өздері бітірген  мектептерге жұмысқа орналасуға ниеттерінің қолдау табуы, жаңа маман иегері болу, жас кәсіпкер болу, кәсіпкерлерге жасалынатын жеңілдіктер мен бағдарламалар, жастарға аудандарда берілетін әлеуметтік көмектер туралы сұрақтарын ортаға салды.

Кездесуде аудан басшылары аудандар бойынша қажетті жұмыс орындарына тоқталып, түлектерді жұмыспен қамту жөнінде бітірушілердің толғандырған сауалдарына жауап берді. Сондай-ақ, аудан өкілдері жастардың аға буын өкілдерімен тығыз байланыста болып, ауылдағы шаруашылықтарда жұмыс жасаудан қашпау қажеттігіне тоқталды. Сонымен қатар басқосуда болашақтың иелеріне сенім артылып, жауапкершілік жүгі жеңіл емес екендігі де айтылды.