Четверг, Март 28, 2024
Басты > Жастар саясаты > Жұбанов университетінде «үздік студенттер» көбеюде

Жұбанов университетінде «үздік студенттер» көбеюде

 Жастар сарайында Жұбанов университетінің спорт саласында жетістікке  жеткен студенттер мен ғылыми олимпиада  жеңімпаздары және  студенттік парламент мүшелері университет ректоры Бауыржан Ердембековпен кездесті. Кездесу ашық, еркін форматта өтті.

Кездесу ғылымда, спортта, оқуда, қоғамдық шараларда белсенділік танытып, университет намысын ту еткен үздік студенттерді марапаттау, облыстың саяси-қоғамдық, мәдени өміріне етене араласып, қол жеткізген жетістіктерін өзгелерге үлгі ету мақсатында ұйымдастырылды.

Басқосуда университет ректоры Бауыржан Ердембеков оқу орнында бүгінгі күнге дейін атқарылып келген игі жұмыстар жөнінде баяндап, алдағы жоспарларымен бөлісті.  Сонымен қатар ол «Стартап» жобасы төңірегінде ақпараттармен бөлісіп, сол турасында жаңа идеяларын ұсынды.  Сондай-ақ, жиын барысында ата-ананың тәрбиесі н, мамандық алуға жұмсап жатқан қаражаттары мен күштерін ақтау үшін оқу орнында жасалып жатқан мүмкіндіктер мен жағдайларды барынша пайдалануға, көп оқып, әрдайым ізденісте болуға шақырды.

«Бүгінде университет білім алып, бірінші дәрежелі маман болғысы келгендердің әрбіріне орасан мүмкіндіктер ұсынуда. Оқуда ғана емес, қоғамдық жұмыстарға да белсене қатысып, жан-жақты болуға ұмтылыңыздар», -деді  ректор.

Кездесу барысында университет студенттерінің оқу үлгерімі мен оқудан тыс уақыттағы тәртібі туралы мәселе сөз болды.  Жатақханаға қатысты мәселелер де осы жиында толық қамтылды. Университет басшысы бүгінгі заманның жастары қандай дәрежеде болуы қажет екенін сараптап айтып берді. Жастар жиналған кездесуде ректор өзінің жастық шағын еске алып, студенттік кезеңдеріндегі естеліктерімен де бөлісті.

Кездесу кезінде  спорт саласында жетістікке  жеткен студенттер мен ғылыми олимпиада  жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті. Суға жүзуден Қазақстанның бірнеше дүркін чемпионы, ҚР спорт шебері, «Дене шынықтыру және спорт» мамандығының 3-курс студенті Айбек Камзеновке, Республикалық пәндік олимпиаданың жеңімпазы, «Көлік, көлік техникасы және технологиялар» мамандығының 4- курс студенті Айбол Тынымбайға, ҚР спорт шебері, «Дене шынықтыру және спорт» мамандығының 3-курс студенті Ринат Әбілхайыровқа,  «Project based learning» жобасының авторы, «Шетел тілі: екі шетел тілі» мамандығының 4-курс студенті Нұрсұлтан Асыловқа «Үздік студент» төсбелгісі тапсырылды.

Студенттерді марапаттау кезінде Бауыржан Аманкелдіұлы университеттің дамуына қосқан үлестері үшін студенттерге алғысын білдірді. «Сіздер университеттің абыройын қорғап, дамуына үлестеріңізді қосып келесіздер. Алдағы уақытта да ғылыми және спорттық олимпиадалардың жеңімпазы атанып,  биіктен көріне беріңіздер!», — деген тілегін жеткізді.

Олимпиада жеңімпаздары өз кезегінде әрдайым жастардың жанында болып, қолдау көрсеткен университеттің басшылығына алғыстарын білдірді.

«Құдайберген Жұбанов атындағы университетті таңдағаныма қуаныштымын. Мен үшін университеттің психологиялық жағынан да, материалдық жағынан да қолдауы — мотивация болып табылады», — деді Айбек Камзенов. «Үздік студент» атанған Нұрсұлтан Асылов та сөз алып, жиналғандарды тіл үйренуге шақырды.

Кездесу барысында студенттер университет басшысына өздерін қызықтырған  сұрақтары  мен ұсыныстарын жеткізді.