Понедельник, Апрель 22, 2019
Басты > Жаңалықтар > Ақын-жазушылар құрметіне арналды

Ақын-жазушылар құрметіне арналды

Елбасының «Жастар жылы» аясында Жұбанов университетінде «Қазақстан Жазушылар Одағы Ақтөбе облыстық филиалының» жұмыс кабинетінің және «Жас қаламгерлер», «Шабыт» зияткерлік пікірталас клубтарының тұсаукесері болып өтті.  Тұсаукесер рәсіміне облыстағы зиялы қауым өкілдері, БАҚ өкілдері, университеттің профессорлық-оқытушылық құрамы мен студенттері қатысты.

Аталмыш кабинеттер Жұбанов университетінде оқитын болашақ филолог мамандарға сапалы білім мен кәсіби дағды қалыптастыру мақсатында ашылды. Салтанатты шараны шығармашылыққа бағыт алған жас ақындар мен прозаиктерден құралған студенттік «Жас қаламгерлер» клубын ұйымдастыру идеясының авторы, университет ректоры Бауыржан Ердембеков кіріспе сөзімен ашты.  «Бұл жұмыс алаңы студенттеріміздің поэтикалық таланттарын жүзеге асыруға және оларға қолдау көрсетуге арналған. Мұнда түрлі іс-шаралар, ақын-жазушылармен кездесулер, семинарлар мен тренингтер кездесулер өткізілетін болады. Болашақта осы кабинеттерде мықты ақын-жазушылар шығады деген ойдамын», — деді университет басшысы. Сөз соңында танымал ақын, жазушы, публицист Мейірхан Ақдәулетұлын  Алғыс хатпен марапаттап, «Құрметті профессор» медалін тапсырды. Сондай-ақ, «Өтежан Нұрғалиевтің туғанына 80 жыл» мерекелік медалін «Қазақстан Жазушылар Одағы Ақтөбе облыстық филиалының» мүшелері Геннадий Айымбетовке, Бауыржан Құрманқұловқа,  Сәтжан Дәрібайға тапсырды.

Өз кезегінде ақын, облыстық «Ақтөбе» газетінің бас редакторы Бауыржан Бабажанұлы оқу ордасында арнайы кабинет ашып,  ақтөбелік ақын-жазушыларға қолдау білдірген университет басшылығына алғысын жеткізді.

Жиналғандар алдында сөз сөйлеген факультет студенті Әйгерім Жасанова: ««Жазушының жұмыс аймағында» қаламгер өз туындысын дүниеге әкелу үшін ойланады, қиялға беріледі, болашақ шедевр шығарманың негізгі қаңқасын құрайды, қажетті деректері мен материалдарын жүйелейді», — деді. Одан кейін филология факультетінің 2-курс студенті Аружан Ермағамбетова «Жазушының демалыс  аймағын»  таныстырды.

Кабинеттегі заманауи сандық технологияның мүмкіншілігі туралы филология факультетінің 2-курс студенті Аяжан Тажебаева баяндады. «Адам баласы ең әуелі үшкір темірмен жазды, кейін сыя сауытқа батырып жазатын қауырсын қаламға көшті, одан соң автоқалам бәріміздің ажырамас досымызға айналды. ХХ ғасырда жазушылар машинкамен жазды, ал ХХІ ғасыр — компьютердің, күнделікті бір жаңалықпен толығатын технологиялардың дәурені. «Санмен өрнектелген әдебиет» аймағында қазақ әдебиеті классиктерінің шығармалары «Кеур корд» бағдарламасы негізінде жинақталған», — деді студент.

Кабинеттің ашылу салтанатында «Қазақ филологиясы» мамандығының 1-курс студенті Әсел Ғалымжанова «Жас қаламгер» клубының мақсаты, ұстанымы, бағыты мен  ережесін түсіндіріп, клубтың 5 мүшесіне куәлік табыстады.

Жастардың көпшілік алдында еркін сөз саптау мәдениетін қалыптастыру, аға буын өкілі салған сара жолды насихаттауға арналған «Шабыт» зияткерлік пікірталас клубы салтанатты түрде ашылды.

Шара барысында оқу ордасында білім алып жатырған студенттердің поэзиялық, прозалық, көсемсөз жанрларындағы көркем туындылары енгізілген «Қауырсын қалам» атты жинақтың тұсауы кесілді.

Талантты студент-жастардың қауырсын қаламынан туған әдеби шығармашылық бағыттағы көркем туындыларды осы жинаққа біріктірудегі басты мақсат – қаламгерлікке енді ғана бет бұрған жас ақындар мен жазушылардың, журналистердің қаламын ұштап, бағыт-бағдарларын айқындауларына өз септігін тигізу. Жинақтан поэзиялық туындыларды, өмірлік шындық пен асқақ қиялдың астасуынан туып, көркем тілмен өрнектелген прозалық әлемді, нақтылық пен шешімін табуды көздейтін кәусар  публицистикалық үзінділерді оқуға болады.

Жұбанов универсиитетіндегі мұндай бастамалардың жұмыс істеуі — ертеңіміз үшін жасалатын игі бастама.  Дәл осындай бастамалардың ауқымы кеңейген сайын, олардың саны артып,  болашақтың тізгінін ұстайтын жастарға деген сеніміміз арта бермек.