Пятница, Март 29, 2024
Басты > Жаңалықтар > Форум қонақтары бас қосты

Форум қонақтары бас қосты

Жұбанов университетіндегі «Қазақстанның жоғары білім беру жүйесін білім сапасымен қамтамасыз ету менеджменті» тақырыбындағы  Халықаралық форум аясында 10 елден келген сарапшылар мен жоғары оқу орындарының басшылары «Жасыл  желекті Жұбанов» ағаш егу акциясына қатысты.

Онда олар университеттің әкімшілік ғимараты алаңында 30-ға жуық  ағаш екті. Бұл акцияға университет әкімшілігі де қатысты.  Содан соң форум қонақтары университеттің жаңа нысаны «Инновациялық технологиялар»  паркіне келіп, «Рухану жаңғыру» бағдарламасы бойынша жасалған «Жобалық кеңсе» және зертханалар жұмыстарымен танысты. Университеттің  ғылым және инновациялар жөніндегі проректоры Рахым Бекназаров  қонақтарға «Рухани жаңғыру» Ақтөбе облысының жобалық кеңсесін таныстырып, мұндай жобалық кеңселер тек Ақтөбе қаласында ғана емес, аудандарда да жұмысы жолға қойылып жатқандығын тілге тиек етті.

Форум қонақтарының Жұбанов университетіне сапары кезінде ректор Бауыржан Ердембеков бас оқу ғимаратын аралатып, материалдық базасымен  таныстырды. Онда шетелдік  сарапшылар мен жоғары оқу орындарының басшылары Құдайберген Жұбанов атындағы конференц-залды, Әбіш Кекілбаев атындағы дәрісхананы, Тахауи Ахтанов атындағы конференц-залды,  Студенттер сарайын, «ARSU store» дүкенін, «Темірқазық» студенттерге қызмет көрсету орталықтарын залын аралады.

Форумға қатысушылар өз кезегінде университеттегі орын алған жаңа өзгерістерге оң бағасын берді.