Пятница, Ноябрь 15, 2019
Басты > Жаңалықтар > Ынтымақтастықтың алтын көпірі

Ынтымақтастықтың алтын көпірі

Жұбанов университетінде «Қазақстанның жоғары білім беру жүйесін білім сапасымен қамтамасыз ету менеджменті» халықаралық форумы аясында орталықтар мен кабинеттердің ашылу салтанаты өтті.

Форум қонақтары алдымен «Польяк тілі мен мәдениеті» орталығының ашылу рәсіміне қатысты.  Орталықтың ашылуында   «Жұбанов университеті — біздің Қазақстандағы ең маңызды және сенімді серіктесіміз. Осындай үлкен орталықты құру Польша халқының мәдениетін және ғылымын байытуға, жалпы халықтың мәдениетін насихаттауға ықпал етеді», — деді Быдгощ қаласы Экономика университетінің дене шынықтыру және спорт институтының директоры Александр Скалий.

Өз кезегінде Жұбанов университетінің ректоры Бауыржан Ердембеков: «Бұл орталық екі ел арасындағы алтын көпір болуға тиіс. Бұндай маңызды келісімдеріміз біздің достығымызды одан әрі нығайта түседі деп ойлаймын», — деді.

Орталықтың негізгі міндеттері – екі ел арасындағы  бірлескен жобаларды әзірлеу және жүзеге асыру болып табылады.

Еске сала кетсек,  2018 жылы Быдгощ университетінде (Польша) «Қазақ елі» орталығы ашылған болатын. Александр Скалидің айтуынша, бүгінгі күні орталыққа Қазақстаннан 22 делегация келген. «Ақтөбедегі поляк орталығында менің елім, қалам және университет фотосуреттерін көріп қуандым. Қазір мен Польшаға келіп, «Қазақ елі» орталығына баратын қазақстандықтардың сезімін түсінемін», — деді ол. Сөз соңында Жұбанов университетінің стратегиялық даму жұмыстары жөніндегі проректоры Қуанышбек Шүңкеевке Витольд Ковальскийдің естелік кітабын сыйға тартты.

Жиында Жұбанов университетінің ректоры Бауыржан Ердембеков пен  Экономика университетінің дене шынықтыру және спорт институтының директоры Александр Скалий «Польяк тілі мен мәдениеті» орталығының ашылуы аясында екіжақты келісімге  қол қойды.

Әрі қарай қонақтар студенттердің халықаралық академиялық ұтқырлығын кеңейтуге арналған еріктілердің  «INVO» кабинеті мен Халықаралық ынтымақтастық  конференц-залының тұсаукесер рәсіміне қатысты.

Халықаралық ынтымақтастық конференц-залы шетелдік ғалымдармен бірлескен онлайн-семинарлар, симпозиумдар, дөңгелек үстелдер, конференциялар, скайп-сессиялар мен ресми жиналыстарды өткізуге арналған.