Пятница, Март 29, 2024
Басты > БАҚ біз туралы > Ізденіс іздері

Ізденіс іздері

Қ.Жұбанов  атындағы  Ақтөбе  өңірлік  мемлекеттік университетіндегі  теориялық және қолданбалы тіл білімі кафедрасында еңбек ететін Қазақстан Республикасы  білім беру ісінің құрметті қызметкері, филология ғылымының кандидаты, доцент  Нұрбол  Сәдуақаспен жоғары оқу орнында  бірге қызмет жасап келе жатқанымызға  ширек ғасыр болған екен.

Нұрбол балалық шағын Байғанин ауданындағы Алтай ауылында өткізді. Орта мектепті бітірген соң еңбек жолын ауылдағы «Жас толқын»  комсомол-жастар бригадасында шопан болып бастады. №163 кәсіптік-техникалық училищеде шофер-слесарь мамандығы бойынша курста оқығаны өзі алдына бір тарау әңгіме. Одан кейін әскер қатарына шақырылып,  Ресейдің Нижний Тагил қаласында әскери міндетін атқарды. Туған жерге оралған соң шаруашылықта көмекші шопан, машина-трактор жөндеушісі, жылыту қазандығының отын жағушы сияқты әртүрлі жұмыстар атқарды. Мектеп қабырғасындағы жоғары білім алсам деген балаң арманы оны ақырында Орал қаласына жетелеп әкеліп, осындағы А.С.Пушкин атындағы педагогикалық институттың филология факультетіне түсуіне жол ашады.

Дипломды маман өзінің өскен жеріне қайта оралып, оқыған мектебінде қазақ тілі  мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болып  он жыл табан аудармай еңбек етіп, кейіннен мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары қызметін  де атқарады.  Мұғалім мәртебесіне сай еңбек етуді мақсат еткен жас маман  қазақ тілі мен әдебиеті пәні бойынша аудан, облыс мұғалімдері арасында  тәжірибе алмасу бағытындағы түрлі әдістемелік семинарларда ашық сабақтар өткізіп, әдістемелік баяндамалар жасауға белсене араласты.  Сол тұста республикаға белгілі әдіскер ұстаз Құсайын Айтқалиевтың қазақ тілі мен әдебиеті пәні бойынша атаулы мектебінің мүшесі болып, түрлі әдістемелік жиындарда облыстың алдыңғы қатарлы  танымал ұстаздары алдында өзінің әдістемелік шеберлігін шыңдады.

Танымал ұстаз-ғалым Қанипа Бітібаева басқарған республикалық атаулы мектептің Алматыдағы кезекті жиынына қатысып, ашық сабақ өткізді. Осы шығармашыл топта жүріп, «Міржақып Дулатов шығармаларын оқыту әдістемесі» деген тақырыпты зерделеп, осы әдістемелік еңбегінің нәтижесін Құсайын Айтқалиевтың қатысуымен болған кезекті семинарда облысқа танымал Нағашыбай Ердәулетов, Тыныс Ақболатова сияқты озат мұғалімдер алдында баяндап, талқылаудан өткізді. Осы ізденістің нәтижесі бойынша  «Қазақ тілі мен әдебиеті» журналында екі  әдістемелік мақаласы  жарияланды.

Кәсіби шығармашылығын шыңдай түсу үшін қалаға жақындауды  мақсат етіп,  1994 жылғы қыркүйекте Қарғалы қазақ орта мектебіне қазақ тілі  мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болып орналасты. Сол кезде мұғалімдердің кезекті бір басқосуында білімге құштар, ізденімпаз жігіт ректор Мұхтар Арынның көзіне түсіп, ол Ақтөбе педагогикалық институтындағы қазақ тілі кафедрасына оқытушылық қызметке  шақырылды.

Ізденімпаз жігіт  қазақ тілі кафедрасындағы жұмысын жасай жүріп, 1996-1999 жылдары университетіміз жанындағы аспирантураның сырттай бөлімінде оқыды. Сонымен бірге  айлық табыстың аздығы, біресе жатақхана, біресе пәтер жалдап, бір жерден екіншісіне көшу сияқты қиыншылықтарды бастан өткере жүріп, ол 1999 жылы  Алматы қаласында А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтында «Профессор Қ.Жұбанов еңбектеріндегі қазақ тілі дыбыстары жіктелімінің фонологиялық негіздері» деген тақырыпта жазған диссертациясын  сәтті қорғады. Оның ғылыми жұмысына Есет Жұбанов пен елімізге белгілі фонетист ғалым  Әлімхан Жүнісбек  жетекшілік жасады.  Ғылыми жетекшісі Әлекең өз шәкіртінің еңбекқорлығы мен ізденімпаздығын, ғылыми қабілеттілігін айтып  отыратын. Сырт қараған адамға екі жетекшісі болуының артықшылығы көп сияқты, әрине, пайдасы да  көп тиеді. Дегенмен оның да кейбір қиындықтары болады екен. Осындай жағдайда кейде екі жетекшінің  ұсынған екі түрлі көзқарасының ортасында қалып,  тығырыққа тірелген сәттерінде де Нұрбол өзіне тән ұстамдылығымен екі ағайын да ренжітпей,  өз дегенімен жол тауып кететін кездеріне де куә  болдық. Ол  пединститут жанындағы «Жұбановтану» ғылыми зерттеу орталығының директоры және жұбановтанушы ғалым ретінде  студенттерге «Жұбановтану» саласынан дәріс оқи жүріп, осы бағытта бірнеше  ғылыми мақалалар мен «Жұбановтану: фонетика мәселелері» оқу құралын  жариялады.

Ұстаз-ғалымның ғылыми шығармашылығы мен ұстаздық еңбектеріне барлау жасасақ, оның өз  мамандығына сай  еңбектеніп,  жас ұрпақ игілігі үшін  тынымсыз   ізденген білікті маман екенін  байқауға болады. Қазіргі ғылым-білім дамыған кезеңде тілімізді фонетикалық жағынан зерттеуіміз мол болса да, оны тереңірек қамтыған  фонологиялық тұрғыда қарастырған еңбектер саусақпен санарлық деңгейде. Зерттеу жұмысын Қ.Жұбановтың фонологиялық ой-танымдарын   зерделеуден бастаған оның өзі де  бүгінгі таңда фонологиялық ізденістің тереңіне барлау жасаған білікті ғалым болып қалыптасқанын атап айтқан жөн. Ол  сингармофонология мәселелеріне арналған зерттеулерінде: «Қазақ тілінің фонологиясы сингармонизммен байланысты, тілімізде сөз ішіндегі барлық дыбыстар өзара үйлесіп, үндесіп, құлаққа жағымды әуенімен айтылып тұрады, сондықтан орыс пен ағылшын тілінің ықпалында кетіп қалмай,  ұрпағымызды ата-бабадан мұраға қалған  асыл қазынамыз — ана тіліміздің әуезді үнімен сөйлеуге үйретуіміз керек», — дейді.

Түйіндеп айтсақ,  Нұрбол Сәдуақастың  ғылыми шығармашылығында оның фонетика-фонологиялық зерттеулерінің  өресі  кең, талғамы  биік, маңызы  зор деп  білеміз.

Мектепте  қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болып, осы екі пәнді тең игерген оның  қаламынан  әдеби үдеріске үн қосқан бірнеше мақалалары жарық көрді.   Қазақ  әдебиеті  кафедрасының  меңгерушісі қызметін атқарған кезінде оның белсене араласуымен «Нұрпейіс Байғанин шығармашылығы және қазіргі әдебиеттану мәселелері»,  «Ақтан Керейұлы және аймақтық әдебиеттану мәселелері», «ХІХ ғасыр мен ХХ ғасыр басындағы Жайық алқабы ақындарының әдеби мұрасы» деген тақырыптарда республикалық деңгейде ғылыми-тәжірибелік  конференциялар өткізілді. Әдістеме  және  оқыту технологияларын жетік меңгеру мұғалім мен оқытушыға қойылатын басты талаптардың бірі десек, Нұрбол пединститут жанындағы Қазақ тілін оқыту орталығының директоры  болған кезінде   әдістемелік жұмыстарда да шеберлігін таныта білді. Осы бағытта білімін көтеру мақсатында  Алматыдағы   «Өрлеу»  біліктілікті арттыру  ұлттық орталығында,  Астана  қаласында  «Назарбаев Зияткерлік мектептері Педагогикалық шеберлік орталығында» Кембридж университетінің  оқыту әдістеріне қанығып, өзінің әдістемелік  шеберлігін шыңдады.

Қоғамдық жұмысқа белсене араласу адамның бойындағы өзіндік қасиеттерін таныта түседі. Кафедра, университеттегі қызметімен қатар Нұрболдың көп уақыты  қазақ тілі мен әдебиеті, оқу-әдістеме, мемлекеттік тіл саясатын жүзеге асыру ісі, Президент Жолдауын  талқылау, қазақ  әліпбиін латын графикасына көшіру мәселелері, т.б. шараларға байланысты жұмыстармен өтіп жатады.

«Ұстаздық еткен жалықпас үйретуден балаға» деп Абай атамыз айтқандай, ол тек жастарға білім беріп қана қоймай, облыс мектептерінің мұғалімдерімен  де  шығармашылық байланыс жасап, олардың оқу-әдістемелік жұмыстарына көмек көрсетіп, мектепте өткізілетін пән олимпиадалары, ақындарға арналған әдеби оқулар, оқушылардың ғылыми сайыстары, латын әліпбиі мәселесі, т.б. жиындардың бел ортасында жүреді. Сондықтан ол тек өз ұжымында ғана емес, облыс мектептерінің мұғалімдері арасында да сый-құрметке  бөленген, ісіне үлгерімді ұстаз деп есептейміз. Мемлекеттік тіл саясатын жүзеге асыруда тіл жанашыры ретінде жергілікті  телеарналарына берген сұхбатында: «Елбасының латын графикасы туралы тарихи маңызды шешімін  көкірегі ояу, болашақты ойлаған  халқы,  әсіресе, тіл мамандары қуана  қолдап отыр. Қазақстанның бар байлығын оны мекендеген ұлттар мен ұлыстар пайдаланып, қызығын көріп отырса, осы  байлығымыздың ең құндысы — ана тіліміз, оны  құрметтеу — Қазақстанның әр азаматының міндеті. Латын әліпбиі арқылы ана тіліміздің өрісін ұзарта түсеміз», — дегені бар.

Жоғары оқу орнындағы  куратордың атқаратын тәрбие жұмыстарының  өзіндік ерекшелігі бар. Мектептегі оқушы емес, ой-санасы қалыптасқан  студент-жастардың ішкі жан дүниесінде не болып жатқанын  біліп отыру да оңай емес. Сондықтан күнделікті сабақта, үзілісте өзі жетекшілік жасайтын тобының арасында отырып, әрбіреуінің мінез-құлқын  жете біліп, соған сай жұмыс жүргізу — Нұрболдың үйреншікті әдеті.

Тәжірибелі маманның авторлығымен 1 монография, 1 ұжымдық монография, 1 ұжымдық әдістемелік нұсқау,  6 оқу құралы, 8 оқу-әдістемелік құралы, 1 жаттығулар жинағы,  3 биобиблиографиялық  көрсеткіш, сондай-ақ 200-ден аса ғылыми және әдістемелік мақалалар жарияланды. Қазақ тілі мен әдебиеті мамандығына арнап жазған  «Қазіргі  қазақ тілі фонетикасы» оқу құралы республикалық  оқу-әдістемелік секциясының грифімен  жарыққа шықты. Оның ғылыми жетекшілігімен  бірнеше магистрлік  диссертациялар қорғалды. Тіліміздің  фонетикалық  ерекшеліктерін зерттей жүріп, қайда жүрсе де осы тақырыпта  мазмұнды  дәріс  оқып келеді.  Ол Уфа қаласында болған кезінде  Башқұрт мемлекеттік университетінің студенттеріне  «Қазақ тілінің фонетикалық ерекшеліктері» деген тақырыпта дәріс оқыған еді.

Ғалым-ұстаз 2004 жылы Тіл білімі мамандығы бойынша доцент ғылыми атағын алса, ал 2009 жылы «Қазақстан Республикасы  Білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгісін иеленді. Ол  білім беру және тіл мәселесіне байланысты облыс көлеміндегі қоғамдық жұмыстарға белсене араласқаны үшін  әртүрлі дәрежедегі Алғыс хаттармен марапатталған. Білікті маман 2018 жылы университет  ғылыми кеңесінің  шешімімен «Университетті дамытудағы еңбегі үшін» медаліне ие болды.

Отбасының ұйытқысы Нұрболдың жолдасы Гүлсім — логопед, ал  баласы Дәурен сәулет-жобалаушы маманы болып еңбек етеді. Түйіндей айтқанда, қазіргі кезде бар уақытын шәкірттеріне арнап, тынымсыз еңбектенген Нұрбол Садуақас — ісінен өнегелілік, жүзінен мейірім төгіліп тұратын, кішіпейіл, ұжымдағы әріптестері мен студенттердің ыстық ықыласына бөленген құрметті азамат.

Сабыржан МҰХТАРОВ,

филология ғылымдарының кандидаты,

доцент.