Четверг, Март 28, 2024
Басты > Жаңалықтар > Ғалымдар тағылымына арналады

Ғалымдар тағылымына арналады

Жұбанов университетінің филология факультетінің ұйымдастыруымен филология ғылымдарының кандидаты, доцент Нұрбол Садуақас пен филология ғылымдарының кандидаты, аға оқытушы Күлшат Қондыбайдың  60 жасқа толу мерейтойына орай  «Жаңартылған білім бағдарламасы: қазақ тілі және оны оқыту мәселелері» атты республикалық ғылыми-әдістемелік конференция басталды.

Республикалық ғылыми-әдістемелік конференция білім берудің жаңа жүйесі ретінде жаңартылған білім беру бағдарламасының басты ерекшеліктерін зерделеп, оны оқу үдерісінде қолдана білудің тиімді жолдарын қарастыру   мақсатында өтуде.

 Конференцияның негізгі бағыттары жаңартылған білім беру бағдарламасы – жоғары оқу орындарындағы білім беру мазмұны, жаңартылған  білім беру жағдайында тіл мен әдебиетті оқыту әдістемесі, латын әліпбиі негізіндегі жаңа  емле  ережелері  және  оны  оқыту мәселелері, жаңартылған білім аясында көп тілді білім берудің  теориялық және әдістемелік негіздері.

Конференция аясында пленарлық және секциялық отырыстардан басқа, қазақ  тілін оқыту  технологиясы мен жаңартылған білім мазмұнының  өзекті мәселелеріне байланысты маңызды тақырыптар бойынша пікірталас, осы саладағы жетекші мамандар мен  мектеп мұғалімдеріне  арналған семинар-тренинг, шеберлік–класстар өткізу жоспарланған.

Сондай-ақ, Жұбанов университетінің Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетімен бірлесіп көрнекті ғалым, Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым академиясының корреспондент мүшесі, филология ғылымдарының докторы, профессор Сейілбек Мұхамеджарұлы Исаевқа арналған дәстүрлі  «Исаев оқулары» өтуде.

Аталмыш конференцияда қазақ тіл білімі мен түркітану мәселелері, қазақ әдебиеті  мен әдеби тіл мәселелері, әлем тілдері мен  әдебиеті, педагогика, тіл мен әдебиетті оқыту мәселелері бағыттары қарастырылады.

Жұбанов университетіндегі қос конференцияға Қазақстанның жоғары оқу орындарының ғалымдары қатысуда.