Пятница, Апрель 19, 2024
Басты > Жастар саясаты > Университет ректоры 1-курс студенттерімен кездесу өткізді

Университет ректоры 1-курс студенттерімен кездесу өткізді

Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің ректоры, филология ғылымдарының докторы, профессор Бауыржан Ердембеков Студенттер сарайында 1-курс студенттерімен кездесу өткізді.

Кездесуден бұрын 1-курс студенттері «Болашақ басталды» деген деректі фильмді тамашалады.

Кездесу барысында Бауыржан Аманкелдіұлы 1-курс студенттерін жаңа оқу жылының басталуымен құттықтап, бірқатар мәселелерді қозғады: «Сіздер университет табалдырығынан аттаған сәттен бастап, жаңа өмірге қадам бастыңыздар. Жұбанов Университетінің белсенді жастарының қатарын жаңа толқынмен толықтыру сіздердің қолдарыңызда. Белсенді жастар қатарынан болу үшін тек қоғамдық шараларда, мерекелік кештерде жүру жеткіліксіз, сіздер оқу үлгерімі, ғылым, қоғамдық шаралар, барлық жағынан үлгерулеріңіз қажет» деді университет ректоры.

«Цифрлық университет құру жоспарда бар. Осыған орай Түлектер аллеясы, Жұбанов аллеясы секілді орындарды ашуды көздеп отырмыз, ол жастардың кітап оқитын, жастар жиналатын, мәдени-рухани орынға айналмақ. Ол жерлерде Wi-fi желісі жұмыс жасайтын болады. Келесі жылдан бастап жатақханаларға орналастыруды электронды түрде жүзеге асырамыз. Бізде спорттық залдар бар. Сабақтан кейінгі уақытта сіздер спортпен айналысуларыңыз керек. Жатақхананы әдемілеп жабдықтау, тазалық мәселесін қолға алыңыздар. Нағыз студенттік өмір-жатақханада.  Өздерің білім алатын қара шаңыраққа, университетке деген патриотизм болуы тиіс. Елбасы «Болашаққа бағдар:рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында неге рухани жаңғыру мәселесін көтеріп келеді. Жаңағы сіздер көрген деректі фильмдегі дүниелерге жұтылып кетпеудің ең бірінші амалы сол. Қазақты «қазақ» қып сақтап қалу мәселесі. Арттағы дүбір сіздерсіздер. Біз сіздерден сескенуіміз керек, сіздерден қорқуымыз керек. «Қорқу» дегенде жақсы мағынадағы қорқу. Сіздер дамуларыңыз керек, сіздер мұғалімдерді дамытуларыңыз керек. Себебі сапалы сабақ алуға міндеттісіздер»,- деп Бауыржан Аманкелдіұлы жастарға парасатты ұстаз ретіндегі ақылын, кеңесін айтып, бағыт-бағдар бере отырып, жігерлендіре түсті.

Сондай-ақ, кездесу барысында оқу ордамыздың ректоры студенттердің ақындар жинағын шығару, студенттер арасындағы жақсы идеяларды қолдау мәселесі, конференцияларға жіберу, олимпиадаларға қатысу, студенттер арасында кино түсіру, кітап оқуды қолға алу мәселелеріне қатысты алдағы жоспарларымен бөлісті.

Университеттің Елеусін Сағындықов, Ерлан Қарин, Гүлзат Көбенова секілді түлектерімен университет әркез мақтанатындығын тілге тиек етіп, залға жиналған жастардың да болашақтары алда екендігін, ол үшін ерінбей еңбек етіп, ізденулері керектігін айтты. Сонымен қатар, студенттер көкейінде жүрген шетелде білім алу мәселесі, қос мамандық алып шығу мүмкіндіктері, жаңа жылда ректор балын өткізуге бола ма деген сұрақтар бойынша тұщымды жауап берілді.

Университет ректоры жастарға университет дамуына өз үлестерін қосатындығына сенім артты. Тағылымды кездесуден соң 1-курс студенттері Бауыржан Аманкелдіұлымен естелік суретке түсті.