Четверг, Сентябрь 19, 2019
Басты > Жаңалықтар > Startup жобасы өз бизнесіңді бастауға мол мүмкіндік

Startup жобасы өз бизнесіңді бастауға мол мүмкіндік

Жұбанов университетінде Ұлттық «Startup Bolashak – Менің арманым» стартап-жобалар байқауының өңірлік іріктеу кезеңінің ашылуы өтті. Байқаудың өңірлік іріктеу кезеңі үш күнге созылып, оған 16-29 жас аралығындағы жас кәсіпкерлер қатысады.

«Менің арманым» байқауын өткізудің басты мақсаты —  өмір сапасын арттыруға бағытталған, қоғамдық маңызы бар, алдыңғы қатарлы білім алудың арқасында еліміздің әлеуметтік-экономикалық өміріне технологияларды енгізуге негізделген жас кәсіпкерлердің бизнес бастамаларын қолдау.

Аталмыш шараға университет басшылары мен студенттерінен бөлек, облыстық «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының директоры Анар Даржанова, Ақтөбе облысының жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасының басшысы Нұрлан Күнтуов, Азая» ЖШС директоры Айнұр Бақтығалиева, «Media Pro» агенттігінің негізін қалаушы Жанаргүл Досова қатысты. Қатысушылар  TEDx форматында өздерінің мансабының сәттілік тарихымен бөлісті.

Шараны алғысыөзімен ашқан университет ректоры Бауыржан Ердембеков: «Startup – кәсіпкерлікке құлшыныс, кәсіпкерліктің бастауы. Startup жобасы арқылы Ақтөбе облысынан  800-ге жуық жоба түскен болатын. Бұл жоба Қазақстандағы жоғары оқу орындарының арасынан университетімізде сан жағынан алда. Сапа жағынан да кем емес. Тіпті финалға дейін жеткен екі-үш жобамыз да бар», — деді өз кезегінде. Сөз соңында Бауыржан Аманкелдіұлы  университет студенттерінің кәсіпкерлік дағдыларын үйрету және жүзеге асыру үшін қажетті жағдай жасалғанын атап өтіп, жас стартапшыларға жетістіктер мен сәттілік тіледі.

Жиынға қатысқан «Бүгін Жұбанов университетінде бір бизнес жобаның алдағы уақытта іске асуына мүмкіндік туып отыр деп ойлаймын. Себебі, бүгінгі шараға мықты тәлімгерлер қатысып отыр. Бұрын да осы университетте бірқатар жобаларға қатысып, жақсы әсер алған болатынмын.

Биыл «Жастар жылына» орай мемлекет тарапынан жастардың жоспарларына алдын-ала қаржылар қарастырылған. Сондықтан бүгінгі күні  арамызда жақсы жобалар озып  шықса, оған қаражат табу қиын емес. Ең алдымен – идея болуы керек. Айта кетсем, биыл біздің облысымыз бойынша 103 жобаға 970 млн теңге қарастырылған. Одан басқа «Бизнестің жол картасы 2020» мемлекеттік бағдарламасына сәйкес былтыр 40 млн болса, биыл 58 млн қаржы бөлініп отыр» , — деді облыстық «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының директоры Анар Даржанова.

Ұлттық «Startup Bolashak – Менің арманым» стартап-жобалар байқауының өңірлік іріктеу кезеңінің ашылуына қатысқан тәлімгерлер Жастар сарайындағы «Нарық трендтері» тақырыбындағы талқылауға қатысты.

Жұбанов университетінің Инновациялар мен кәсіпкерлікті дамыту орталығының директоры Әсел Шетиева баспасөз қызметіне берген сұхбатында жобаны дайындау кезеңдері жайлы сөз етті. «Жобаға қатысу үшін байқаудың өңірлік орталығы ретінде 19 жоғары оқу орны анықтап алынды. Өңірлік іріктеу кезеңі  Жұбанов университетінде ұйымдастырылып отыр. Іріктеу кезеңі – байқауға қатысушылар байқау ұйымдастырушылары өткізетін стартап-уикэндтер және акселерациялық бағдарламалардан өтеді. ЖОО-ның өңірлік ИКДО байқаудың барлық уақытында іріктелген жобаларды тіркейді және өткізеді. Өңірлік стартап-уикэндтер аяқталғаннан кейін байқау қатысушылары өздерінің стартап-жобаларын байқау әділ-қазылары алдында көрсетеді және қорғайды, нәтижесінде байқаудың ширек финалисттерін анықтайды.

Ал, ширек финал өңірлік қалаларда (батыс, оңтүстік, шығыс, солтүстік) фестиваль форматында өткізіледі. Ширек финалдың қорытынды күні қатысушылар өздерінің стартап-жобаларын көрсетеді және қорғайды, нәтижесінде байқаудың жартылай финалистері анықталады», — деді.

Айта кетейік, байқаудың жартылай финалы (64 жоба) және финалы (16 жоба) Нұр-Сұлтан қаласында ҚазМедиа студиясында телевизиялық форматта өтеді.