Пятница, Март 29, 2024
Басты > БАҚ біз туралы > Дипломмен ауылға

Дипломмен ауылға

Жас мамандар жұмыссыз қалмауы тиіс. Бүгін Жұбанов университетінде түлектерге арналған жәрмеңке өтті. Шараға 30-дан астам жұмыс беруші қатысты. Жас мамандарға сұраныс бар ма? Жұмыс берушінің талабы қандай?

Бұл — Құдайберген Жұбанов университеті. Лекция залының алдында ине шаншар жер жоқ. Түлектер кез-келген айлық пен ауылдық жерлерге де баруға  дайын. Ең бастысы жұмысқа орналасып, тәжірибе жинақтау.

Биыл оқу орнын 1821 түлек бітірмек. Алайда бүгінгі жәрмеңке педагогикалық мамандық иелеріне арналған. Өйткені, мұғалімге сұраныс жоғары. Соның ішінде математика, бастауыш сынып мұғалімдері, орыс тілі, информатика мен ауылдық жерлерге ағылшын тілі пәнінің оқытушылары қажет. Облыс орталығында 83 мектеп бар. Оларға да осы сала мамандары керек.

Жәрмеңкеге Ақтөбе мен 12 ауданнан келген білім бөлімінің өкілдері қатысты. Сондай-ақ, Атырау, Батыс Қазақстан, Маңғыстау мен Қызылорда облыстарынан да жұмыс берушілер келген. Олар жас мамандарға көтермеақы төлеп, баспанамен қамтуға әзір.

Былтыр Жұбанов университетін бітірген 1000-нан астам түлек жұмыспен қамтылған. Биыл да түлектердің 70 пайызы жұмысқа орналасуы тиіс. Оқу орны қаладағы ірі кәсіпорындармен өзара қызмет пен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Құжат аясында кәсіпорындар техникалық мамандық иелерін жұмыспен қамтуы тиіс.

 

Жанар Датқызы, Жанәділ Сағиев.

http://aktobetv.kz/kz/news/society/diplommen-auylga-692