Четверг, Март 28, 2024
Басты > БАҚ біз туралы > Біз асыға күтетін мереке

Біз асыға күтетін мереке

Биыл Ақтөбедегі ең алғашқы құрылған орталықтардың бірі — «Возрождение» неміс ұлттық-мәдени орталығына 27 жыл. Облыстағы неміс ұлтының өкілдерінің басын біріктіріп, мереке күндері түрлі шаралар ұйымдастырып тұру үшін құрылған орталық құрамында жүздеген неміс ұлтының өкілі бар. Ал Ақтөбе облысы бойынша олардың саны — 5 508 адам.

Аса ұқыпты, іске де, сөзге де тиянақты, әр күнін, тіпті әр сағатын пайдалы іске жарататын немістер өте еңбекқор ұлттың бірі. Талмай еңбек етіп, еңбектің нанын ерекше бағалайтын ұлт еліміздегі әр мерекені ерекше сән-салтанатпен атап өтеді.

Ал 1 мамыр — Қазақстан халқының бірлігі күнін еліміздегі неміс ұлты өкілдерінің қалай қарсы алатындығы туралы бізге «Возрождение» неміс этномәдени бірлестігінің өкілі Ирина Гончарова айтып берген еді.

Айтуынша, бірлік пен еңбектің мерекесіне айналған 1 мамырды Гончаровтар отбасы да ерекше күтеді. Бұл күні отбасының барлық мүшелері бірін-бірі құттықтап, үйді мұнтаздай етіп тазалап, әйелдер қауымы тәтті-дәмділерін пісіреді. Сондай-ақ облыс орталығында өтетін мерекелік шеруге шығып, Қазақстан халқының бірлігі күні өз өнерлерін ортаға салады.

— 1 мамырды біздің отбасының үлкендері ерекше күтеді. Айтуларынша, бұл мереке олардың балалық шағымен байланысып жатыр. Содан қалған дәстүр болса керек, бұл күні біздер әдемі көйлек киіп, міндетті түрде мерекелік шеруге шығамыз.

1 мамыр —  біздің үйде достық пен еңбектің мерекесі ретінде аталып өтіледі. Жыл өткен сайын, жаңаша күйге еніп келе жатқан мереке ешқашан өз құнын жоймақ емес. Қазақ халқы  өз даласындай көңілі кең, жомарт ел. Біз қиын-қыстау заманда ата-бабамызға бір үзім нанын бөліп берген қазақ халқының жақсылығын ешқашан ұмытпаймыз, — дейді Ирина.

Облыстағы «Фиалки» хорына жетекшілік ететін Ирина Гончарова облыстағы барлық мерекелік іс-шараларға белсенді түрде атсалысады. Бүгінгі таңда Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің «Музыкалық білім» мамандығының 2-курсында оқып жүрген Иринаның ұйымдастырушылық қабілеті де ерекше. 1998 жылы Ақтөбе қаласында дүниеге келген ол өзін қазақстандықпын дейді.

— Бүгінгі күнге дейін «Фиалки» хоры өзін республикалық, халықаралық деңгейде танытып үлгерді. 1999 жылы Равиль Гафаровтың кезінде құрылған хордың құрамында бүгінгі күні 15 қыз бар. Қазір репертуарымызда 150-ден астам ән бар. Ән қоржынымызды үнемі жаңартып отыруға тырысамыз. Тек халық әндерін ғана айтып қоймай, заманауи әндерді де орындаймыз, — дейді Ирина Гончарова.

Айта кетейік, «Фиалки» хоры «Возрождениенің» қарамағында. Қараша айында бұл хордың құрылғанына 20 жыл толады.

— Биылғы жыл еліміздің әрбір жасы үшін ерекше жаңалықтар мен жақсылықтарға толы жыл болмақ. Баршамыз білетіндей, Елбасы 2019 жылды Жастар жылы деп жариялады. Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев ел басқарған жылдары елімізде тыныштық пен бейбітшілік орнап, қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заман болды десем, қате айтқаным емес. Сол бейбітшіліктің арқасында біз бақытты балалық шақтың бал дәмін сезіп, сол бейбітшіліктің арқасында мереке дегеннің не екенін біліп өстік. Бүгінде бақытты баладан, нақты бағыты бар жасқа айналдық. Биылғы жылдың еліміздің жастары үшін, сондай-ақ әрбір тұрғыны үшін тарихи жыл болары сөзсіз.  Ал біз Елбасы салған сара жолды жалғастырып, гүлденген Қазақстанды одан әрі гүлдендіріп, оның дамуы жолында еңбек ететін боламыз.

Биыл біздің «Фиалки» хорының алдында  үлкен мақсаттар мен міндеттер тұр. Хордың 20 жылдығын кең көлемде атап өтіп, шығармашылық кешімізді өткізгіміз келеді, — деген Ирина бірлігі мен тірлігі жарасқан елде өмір сүріп жатқанымыз үшін Елбасыға алғысын білдіріп: «Ынтымағымыз бен татулығымыз мәңгі жасап, елімізде тек қана бейбітшілік болсын!» — деп өз тілегін жеткізді.

Ақерке САТЫБАЛДЫ

http://www.aktobegazeti.kz/?p=75537