Пятница, Март 29, 2024
Басты > БАҚ біз туралы > ТАРИХИ САНА – рухани өріс өзегі

ТАРИХИ САНА – рухани өріс өзегі

 

«Біздің кешегі тарихымыз бұлтартпас бір ақиқатқа – 
эволюциялық даму ғана ұлттың өркендеуіне мүмкіндік 
беретініне көзімізді жеткізді»
Н.Назарбаев

Тарихи сана – әлеуметтік философиялық ұғым. Адамзат баласының мәдениеті мен рухани құндылықтарының қалыптасуында оның болмысының рухани өрісі, тарих бетінде қалатын рухани таңбасы тарихи сананың феномені, үлгілері мен тұлғалық көріністері арқылы ерекшеленіп, айқындалып отырады. Көне дәуірдің өзінде өзінің төл мәдениеті мен өркениетін, сол арқылы адамзат өркениетінің даму негізін қалыптастырушы ұлттардың дүниетанымы, дәстүрі мен тәжірибелері айқын дәлел болып отырғандай, әрбір тарихи уақыт шеңберіндегі даму жекелеген адамдардың (ұлт тұлғаларының) интеллектуалдық қызметінен, интеллектуалдық дамуы тарихи санадан бастау алатындығын айқындайды.
Сана ұғымы философияда танымның негізі, адамның танымдық қабілеті мен рухани қасиеттерін біріктіруші негіз, адам миының ерекше қызметі, адам болмысының негізгі рухани қасиеті деп түсіндіріледі. Неміс философы Гегель сананың негізгі белгілерін сезімталдық қасиет, қабылдау, ақыл-ой, білім деп түсіндірген. Яғни, сана адам болмысының, кез келген субъектінің даралығын, дербестігін айқындап отыратын қасиет. Сана болмаса, адам болмысының рухани өрісі болмайды. Ол адам баласының дүние есігін ашқаннан бастап жинақтайтын тәжірибесіне, өскен ортасынан (қо-ғамынан) алатын тәрбие мен білімге арқау болатын нәрсе. Мәселен компьютер, бұл адам қолынан жасалған техниканың бір түрі, оның программасы іске қосылғанша алған компьютер ештемеге жарамайды. Сол сияқты, адамда сана болмаса, адам танымының өзегі сананың шеңберінде тәрбие, білім болмаса, адамның рухани дамуы жүзеге аспайды. Адам баласы тәрбие, білім арқылы қоғамдық сана түрлерін меңгереді және осы әлеуметтік феномендерді дұрыс меңгерген адамның санасы ұлттық сананың деңгейіне жетеді. Сондықтан да, сана ұғымы, сананы тәрбиелеу мәселелері қашан да қоғам алдында тұрған.
Жеке адамның танымында ақпа-раттардың, ұғымдардың тәжірибеден білімге өтуінде және идеяға айналуында сананың қызметі жатыр. Сананың бірнеше қызметі бар. Бірақ, барлығының да тоғысатын жері адам болмысы, адамның танымы. Сананың қызметі деп адам болмысындағы орын алып отыратын рухани құбылыстарды айтамыз. Бұған қатысты әл-Фараби былай деген: «Адам пайда болысымен оның бойына, ең алдымен, бітетін нәрсе – күш [яғни қабілет], ол осы күш арқылы қоректенеді. Сондықтан, бұл қоректендіргіш күш болады. Бұдан соң түйсінілетін нәрсені, мәселен, жылылық пен суықтықты, аңдауға мүмкіндік беретін және дем, иіс, дыбыс, [ақырында], түс сияқтыларды, сәуле тәрізді көзге көрінетін зат біткенді аңдатқызатын күш [пайда болады]. Сезімнің пайда болуымен бірге адамда сезімдік аппарат пайда болады, оны өзінің түйсінген нәрсесін ұнатуға немесе ұнатпауға мәжбүр ететін осы аппарат». Философияда адам санасының табиғатын зерттеуге қатысты мәселе антика философиясында, әсіресе, Платон мен Аристотель ілімінде, кейін орта ғасырларда әл-Фараби ілімінде ерекше орын алғандығын осыдан-ақ байқауымызға болады. ХVІІ-ХVІІІ ғғ дейін сана ұғымы философтар ілімінде жанның ерекше қасиеті мағынасында немесе синонимі ретінде түсіндірілген. Кейінгі ғасырларда философияның болмыс, таным жөніндегі қалыптасқан ілімдерінде сана дербес ұғым негізінде зерттеле бастаған. Себебі, адамның тарих субьектісі, мәдени тұлға деңгейіндегі (бейнесіндегі) қызметін зерттеуге қатысты бетбұрыс сананың құбылысын, табиғатын жеке дара зерттеудің қажеттілігін туғызған.
Ғылыми техникалық прогресс алға басқан сайын, сананың табиғатын зерттеу мәселесі де арта түсері сөзсіз. Біз сана ұғымын зерттеуде соңғы ғасырлардағы батыс философиясы мен мәдениетінде орын алған жаңа философиялық ілімдердің басты мақcаты мен ұстанымына көз жеткіземіз. Олар қоғамды прогресс жолына бағыттау немесе түсіру жолында адам рухын қорғау, үнемі дағдарыстардан арашалап отыру, адамның рухани құндылықтарын насихаттау мәселелеріне ерекше назар аударған. Неміс философы Карл Ясперс өзінің «Тарихтың мәні мен тағайындалуы» атты еңбегінде, «Жаңа ғасыр табалдырығын аттағалы отырған уақытта философияның алдында тұрған жаңа міндет мың жылғы адамзаттың даналығын қайта игеру» деген. Шынымен де, бірқатар батыс философтары осы бағытта қоғамының игіліктеріне қызмет етті, мәдениетінің болашағы үшін ізденген.
Тарихи сана дегеніміз – әрбір ұлттың, халықтың дәстүрі мен мәдениетіндегі құндылықтардың, әр ұрпақ буынның мемлекетінің болашағы жолындағы рухани қызметтерінің тарихи мәнге ие болуы. Тарихи мәнге ие ұғымдарды, құндылықтар мен рухани қасиеттерді тарихи сана өнімі деп айтамыз.
Тарихи сана әрбір ұрпақ, жеке адам үшін оның рухани қалыптасуында қоғамына, өзіне дұрыс бағыт-бағдар беретін білім. Себебі, тарихи сана тарихты білу, ұлттың тарихын қалыптастырушы ұлт тұлғаларының тағылымын зерделеу, ұғыну арқылы келеді. Алаш зиялылары жазғандай, «өзінің тарихын жоғалтқан жұрт, өзінің тарихын ұмытқан ел қайда жүріп, қайда тұрғандығын, не істеп, не қойғандығын білмейді, келешекте басына қандай күн туатынына көзі жетпейді. Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады».
Әлем халықтарының мәдениеті мен философиясының қалыптасуына қарайтын болсақ, тарихи сана мәселесіне үнемі көңіл бөлгендігін, бұл ұғымға бірінші кезекте көңіл бөлетіндігін байқаймыз. Мәселен, Қытайда осыдан үш жарым мың жыл бұрын, ұлт пен мемлекеттің тарихын жазуды қолға алған. Көне дәуірде грек ғалымдары да өз отанының, әлемнің тарихын зерттей бастаған. ХVІІІ-ХІХғғ француз, неміс ғалымдары тарихи сананың қызметіне ерекше мән берген. Мәселен, француз философы М.А. Вольтер философияға тарих философиясы ұғымын енгізді. Олар француз қоғамын адамзаттық прогресс жолына түсіруде халықтың ұлттық санасын көтеруге ерекше көңіл бөлген. Осының негізінде тарих философиясы ілімін дамытуға күш салған және француздың ағартушы ғалымдары осы уақыттың өзінде алғаш рет өздерінің ұлттық энциклопедиясын жасаған.
Неміс философы Гегель өзінің «тарих философиясы» еңбегінде тарихи сананың пайда болу кезеңіне тоқталған. Оның ойынша тарихи сана жазу, сызу пайда болған дәуірден бастау алады. Гегель тарих философиясын зерттеу арқылы неміс тарихын әлемдік мәдениет пен өркениеттің негізін қалаған ежелгі елдердің тарихымен ұштастырған. Философ ғылым мен білімі, философиясы ілімге айналған елдерді мәдени аймаққа жатқызған. Әрине, Батыс елдерінің ғалымдары тарихи сана, тарих философиясы мәселелеріне бір жақты көңіл бөлді. Тарихи сана феноменін тек қана ғылым мен философиясы ілім ретінде дамыған ортадан іздеді. Тарихи сана құбылысының әрбір аймақтың тарихы мен мәдениетінің негізінде жатқандығы кейінгі өткен ғасырдың басында мойындала бастады. Мәселен, Карл Ясперс, адамзат әлеміне өркениет әкелген екі нәрсе деген, олар жылқының қолға үйретілуі және теңіз қатынастарының пайда болуы. Жылқыны алғаш қолға үйреткен біздің бабаларымыз, осыдан бес мың жылдай уақыт бұрын бүгінгі қазақ топырағында жылқының қолға үйретілгендігі әлемдік ғылымда дәлелденді. Осы жылқы арқылы өркениетін көтеруде, әлемге мәдени өзгеріс әкелудегі көшпелі мәдениет өкілдерінің тарих субьектісіне айналған тұлғасының негізінде тарихи сана феноменінің жатқандығын тарихтан жасыру мүмкін емес.
Тұлғаларымыздың тарихи қызметінен бөлек ұлттық дүние-танымымыздың өрісі тарихи сана феномендеріне толы. Мәселен, атамекен дала төсінде сақталған тарихи жәдігерлер, таңбалы тас-тар, түрлі бұйымдар сол кездің адамының (арғы бабаларымыздың) бойында келешек туралы түсініктің жатқандығын білдіреді. Мәдениеттің өзі тәжірибелерді тасымалдау қызметімен де ерекшеленеді.
Адамзат баласының табиғат-ананың алақанынан ажырап қоғам құру, ел болу, дербес мәдениетті жасаудағы танымының негізінде тарихи сана феномені жатыр. Осы таңбалы тастардағы түрлі дүниетанымдық белгілерден бастап, тастың бетіне қашалып жазылған жырлармен жалғасатын, кейін ойшыл адамдардың ақындық қабілеті, түрлі өнер иелерінің рухани дүниелерімен жалғасып отыратын тарихи әңгімелер, өсиет пен өнеге үлгілері табиғат пен мәдени құндылықтарды сақтаудағы дәстүрлі мәдениет иелерінің философиясының ерекшеліктерін айқындайды. Жоғарыда айтып өткеніміздей, Батыс ғалымдары тарихи сана ғылым мен философия дамыған ортадан бастау алады десе, шын мәнінде одан да ерте кезеңнен бастау алатын дәстүрлі шаруашылық тұрмыстағы халықтардың дүниетанымы, қоғамының мәдени құрылымы тарихи сана қызметінің рухын көрсетеді. Зиялылықтың ең басты шарты адам бойында тарихи сананың болуы. Тарихи сана тарихты білуден, ұлттың болашағын құрметтеуден басталады. Тарихты білген адам алдыменен одан тәжірибе мен тағылымды иеленбек.
Шығыс мәдениетінің феноменіне айналған түркілердің мәдениеті мен болмысында табиғи заңдылықтарға сүйенген өркениетке ұмтылудың дербес дәстүрлі жолы бар. Мыңдаған жылдар бойы пісіп жетіліп отырған тәжірибе, ұлттық бірегейлікте өмір сүрудің қағидалары дамудың және дамудағы мәдени өзгерістердің эволюциялық заңдылықтарына бағынған. Осы бір ұлттық эволюциялық мәдени тұлғалану жолында тарихтан тарихқа ұлттық құндылықтарды (ұрпақ өмірінде) жалғап отырған тарихи сана екендігін тағы да атап өткен жөн. Не себептен ғылым мен техниканы жасау арқылы қоғам дамуының жаңа мүмкіндіктерін иеленуде Батыс елдері тарих философиясы ілімін дамытуды қолға алды? Олар қоғамның өркениетті дамуын және ортасын қалыптастырып, қамтамасыз етіп отыратын интеллектуалдарды тарихи сана негізінде қалыптастыруға көңіл бөлген. Бәрімізге белгілі қоғам ғылымға және ғылымның жаңа мүмкіндіктеріне бет бұрғанда, адам мен қоғамның проблемалары да күрделене бастайды. Осындай жағдайда әлеуметтік философия ғылымының қажеттілігі де туындайды. Қоғам дамуы үшін алдыменен оның мәдениеті мен экономикасы күшті болуы қажет. Бұның жүзеге асуына ықпал ететін ғылым, білім, өнер. Ғылымды дамытатын адам, адамды мемлекет азаматы ретінде қалыптастыратын қоғамдық сана. Қоғамдық сананың негізінде қашан да тарихи сана тұрады. Тарихты білген, оның шындығын ажырата алған адам ғана қоғамдық сана түрлерін иелене алады. Осы себептен Еуропа елдерінде тарих философиясы мен философиялық антропология ілімі қолға алынған. Осы ілімдердің қалыптасуы негізінде әлеуметтік философия дербес ғылым ретінде қалыптасты. Біздің мәдениетімізде керісінше қоғамның дамуы дәстүрлі ұлттың тарихи тәжірибелері мен құндылықтарына бағынды. Қазақ қоғамында, оның арғы негізі болып саналатын түркілік мәдениетте қоғамды біріктіруші қасиет кісілік саналған. Осы тұста Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында қазақ қоғамының эволюциялық дамуының тарихи мәніне қатысты айтқан мына бір сөздері ойымызға оралады: «Біздің кешегі тарихымыз бұлтартпас бір ақиқатқа – эволюциялық даму ғана ұлттың өркендеуіне мүмкіндік беретініне көзімізді жеткізді».
Ұлт, мемлекет, оның мүддесі, мәдениеті бар жерде әлеуметтік философияның мәселелері де қатар жүреді. Ұлттың болашағы әр ұрпақ буынның өмір сүріп отырған уақытындағы қоғам алдында тұрған әлеуметтік проблемаларды философиялық тұрғыда зерделеу, оңтайлы шешіп отыру нәтижесінде жүзеге асып отырмақ. Тарихи сана ұғымын зерделеудің дәстүріне тоқталсақ, оның адамзат әлемінде кез келен халықтың тарихында екі деңгейде (негізде) қалыптасқандығын көреміз. Бірінші, тарихты және мәдениетті, дәстүр мен өнер үлгілерін қалыптастырудағы тарихи сана құбылысы. Бұған жоғарыда айтып өткеніміздей, көне дәуірдегі бастапқы тарихи уақыттан бастап, күні кешеге дейінгі ұрпақты тұлғалыққа тәрбиелеудегі ұлт дәстүріндегі тарихи сана ұғымы жатады. Екінші, соңғы ғасырларда, яғни, ғылым мен техника ғасырында мемлекетті дамыту және оның тұтастығын, дербес дамуын қамтамасыз ету бағытындағы қолға алынған тарихи сана мәселесі, осы бағытта қалыптасқан ағартушылық идеялар. Әрбір жаңа уақыт шеңберіндегі ұлттың болашағына қажетті тәжірибелер тарихтың өрісінде жатады. Әсіресе, бұл бүгінгі жаһандану дәуірінде мемлекет үшін аса қажет. Бүгінгі жаһандану дәуірінде ұлттың тарихын зерделеу, оның тәжірибелерін қоғамға жеткізу (ұсыну) алдыменен қоғамдық ортада (ұрпақтың бойында) тарихи сананың қалыптасуын қажет етеді. Қоғамдық сананың уақыт талабына сай жаңғыруына ықпал ететін интеллектуалдар қоғам алдына шығу үшін ұлттық идеология мен идея қажет. Мемлекеттің рухани өмірінде оның идеологиясын және ұлттық идеяны біріктіріп, адам танымына жеткізіп отыратын тарихи сана. Осы себептен тарихи сана дегеніміз, тарихтың білімі, тарихтың тәжірибесі мен тағылымы арқылы келер уақытқа ұсынылатын идея, кісілік қасиет үлгілері, тарихты жасаушы ұлт пен оның зиялыларының тұтас зердесі болып табылады. Яғни, ұрпақ пен өткен уақыт (тарих) өрісіндегі зерденің үндесуін тарихи сана дейміз.
Әлеуметтік философиялық тұрғыдан зерделейтін болсақ, адамзат мәдениетінің тарихи кеңістігінде тарихи сананың бірнеше құбылысы бар. Бірінші, тарихтан белгілі болғандай, өзінің мемлекетіне қызмет етуші тұлғалардың және зиялыларды шығарған халықтың зердесіндегі тарихи сана құбылысы. Екінші, өркениет жолында өзінің үстемдігін құру мақсатында қалыптасқан тарихи сана. Үшінші, қазіргі адамзат әлеміндегі жаһандану құбылыстарынан мемлекеттің, ұлттың тұтастығын, бірегейлікті сақтап қалуға негізделген зерде. Бұның басты ерекшелігі тарихилық ұстаным болып табылады. Осы үшеуі де қазіргі таңда мемлекеттің рухани өміріне ауадай қажет дүние, рухани құрал болып табылады. Адамның санасы, зейіні тарихқа бет бұрмаса, қоғамда ұлттық бірегейліктен бұрын азаматтық бірегейлік сақталмайды. Бүгінгі уақыттың ерек-шелігі әрбір мемлекетке өзінің тарихи дамуындағы рухани құндылықтарын зерделеуді, ұлттық болмысының рухани тамырын негіздеуді (сақтауды) жүктейді. Сонымен қатар, бүгінгі жаһандануда кез келген мемлекетке қойылатын талап әлемдік өркениеттің іргетасын қалаған мәдениет иелерінің тарихтағы рухани қызметін ескеру болып табылады.

Үмбетқан Сәрсембин,

философия ғылымдарының кандидаты, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің кафедра меңгерушісі