Суббота, Апрель 20, 2024
Басты > Жаңалықтар > Патриоттық әндер байқауы

Патриоттық әндер байқауы

Жұбанов университетінде 7 мамыр – Отан қорғаушылар күні мен 9 мамыр — Жеңіс күніне  орай «Атамекен» патриоттық әндер байқауы өтті. Байқауға университеттің факультеттері және Жоғары колледжінің оқытушылары мен студенттері қатысты.   

Студенттер сарайында ұйымдастырылған мерекелік шараны университеттің стратегиялық даму жұмыстары жөніндегі проректоры Қуанышбек Шүңкеев ашып, Отан қорғаушылар күнімен және алдағы Ұлы Жеңіс күнімен құттықтады.

Университет проректоры Қазақстан армиясының айбынын асқақтататын күн мен Ұлы Жеңіс күнінің бір-бірімен тығыз байланысты екенін айта келе, ұлық мерекелердің маңыздылығына тоқталды. «Екі мереке де еліміз үшін, халқымыз үшін өте маңызды. Қазақ елін қорғайтын Қарулы Күштеріміздің құрылған күнімен және келе жатқан Жеңіс күнімен шын жүректен құттықтаймын! Атаулы күнмен құттықтай отырып, дендеріңізге саулық, отбасыларыңызға бақ пен береке, еңбектеріңізге табыс тілеймін!», – деді Қуанышбек Шүңкейұлы.

Байқауға сазгер Нұрталап Жүсіпов, әнші, сазгер Дулат Айтжанов, Т.Ахтанов атындағы драма театрының әртісі Майгүл Мұзбаева және  ҚР мәдениет қайраткері, термеші Феруза Нарман қазылық жасады.

Салтанатты шарада оқытушылар мен студенттер  сахналық көрініс көрсетіп, патриоттық, жеңіс туралы әндерді шырқады.

Байқау нәтижесі бойынша бас жүлде мен 50 мың теңге ақшалай сыйлықты кәсіби-шығармашылық факультеті қанжығасына байлады. 1 орын мен 40 мың теңге ақшалай сыйлықты техникалық факультеті иеленді. Ал, 2 дәрежелі диплом мен  30 мың теңге ақшалай сыйлық филология факультетіне бұйырса, 3 дәрежелі диплом мен 20 мың теңге көлемінде сыйлықты экономика және құқық факультеті алды. Сондай-ақ, байқауға қатысушыларға университеттің кәсіподақ ұйымы арнайы сыйлықтар табыстап, алғыс хаттармен марапаттады.