Среда, Май 22, 2019
Басты > Жаңалықтар > Математик-ғалым Исатай Ильясов — 80 жаста

Математик-ғалым Исатай Ильясов — 80 жаста

Жұбанов университетінің  «Математика» кафедрасының доценті, физика-математика ғылымдарының кандидаты Исатай Ильясовтың  80 жасқа толу мерейтойына арналған факультет Кеңесінің кеңейтілген отырысы өтті.

Шараны университеттің стратегиялық даму жұмыстары  жөніндегі Қуанышбек Шүңкеев кіріспе сөзбен ашып, мерейтой иесін құттықтайды. Сөз соңында университет проректоры мерейтой иесіне  «Жұбанов медалі» төсбелгісін табыстады.

Жиында физика-математика ғылымдарының кандидаты, доцент Жеткербай  Қайдасов Исатай Ильясұлының ғылыми-ұстаздық өмір жолы туралы баяндама жасап, ғалымның тұлғалық бейнесіне, ғалымдық деңгейі мен адамгершілік қасиетіне, тоқталды. Сондай-ақ Жеткербай Қойлыбайұлы мерейтой иесінің білімділігі мен адамгершілішігін әркез өзіне үлгі тұтатындығын атап өтті.

Мерейтойлық шараға Нұр-Сұлтан, Орал және Атырау қалаларының ғалымдары, жоғары оқу орындарының және білім беру мекемелерінің оқытушылары, докторанттар, магистранттар, студенттер, ғалымның достары, әріптестері қатысып, оның өмір жолы туралы естеліктерімен бөлісті.

Кеңейтілген отырысқа қатысушылар ғалымдар мен шәкірттері мерейтой иесін құттықтап, ыстық ықыластарын білдірді.

Айта кетейік, доцент, физика-математика ғылымдарының кандидаты  Исатай Ильясұлы өзінің жоғары оқу орнындағы ұстаздық қызметін 1967 жылы Ақтөбе мемлекеттік педагогикалық институтында бастады. Кейін 1975-1985 жылдары Батыс Қазақстан ауылшаруашылық институтында «Жоғары математика» кафедрасының меңгерушісі, 1985-1995 жылдары осы кафедраның доценті қызметін атқарды.  1995-2005 жылдары Ақтөбе қаласындағы «Дүние» университетінде, С.Бәйішев атындағы университетінде, Алматы экономика және статистика институтында проректор, кафедра меңгерушісі, 2005 жылдан Жұбанов университетінің «Іргелі және қолданбалы математика» кафедрасының доценті қызметтерін атқарды.