Среда, Май 22, 2019
Басты > БАҚ біз туралы > 177 студент облыс әкімінің атаулы стипендиясына ие болады

177 студент облыс әкімінің атаулы стипендиясына ие болады

177 ақтөбелік студент облыс әкімінің атаулы стипендиясына ие болады. Биыл бұл мақсатқа қазынадан 25  млн 120 мың теңге бөлінді. Қазіргі таңда өтініш қабылданып жатыр.  Бұл туралы баспасөз мәслихатында мәлім болды. Арнайы шәкіртақы кімдерге бұйырады?

Қандай талаптар қойылады? Гүлдана Абайқызы толығырақ айтып берсін.
Ақылбек Қонысов. Құдайберген Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік Өңірлік Университетінің 4-ші курс студенті. Болашақ заңгер. Өткен жылы облыс әкімінің атаулы шәкіртақысына ие болған үздіктердің  бірі. 160 мың теңге қаржыны алған бетте, бірден оқу ақысының жартысын төлеген. Осылайша, отбасыма айтарлықтай жеңілдік жасадым дейді студент.

Өткен  жылы  Ақылбектен өзге 155  жас  атаулы стипендия алды. Жоғары оқу орындарының студенттері үшін 160 мың, колледж жастарына 80 мың теңге шәкіртақы тағайындалды.  Игі үрдіс биыл да жалғасын тапты.  Облыс әкімінің стипендиясына оқуда озат,  қоғамдық жұмыстарға белсене араласып жүрген жастар үміткер бола алады.

Облыс әкімінің атаулы стипендиясын тағайындау жөнінде арнайы комиссия құрылды.  Қазір мамандар Жоғары, техникалық, кәсіптік оқу орындарынан құжаттар қабылдау үстінде.  Жалпы, биыл бұл мақсатқа қазынадан 25 млн 120 мың теңге қаражат бөлінді. Мамыр айының 177 студентке стипендия салтанатты түрде табысталмақ.

Гүлдана Абайқызы

http://aktobetv.kz/kz/news/society/177-student-oblys-ekiminin-atauly-stipendiyasyna-ie-bolady