Среда, Апрель 24, 2024
Басты > Жаңалықтар > Ғимаратқа ұлағатты ұстаздың есімі берілді

Ғимаратқа ұлағатты ұстаздың есімі берілді

Қазақ ғылымы мен әдебиетінде өзіндік орны бар белгілі қоғам қайраткері, әрі ғалым Мұхтар Арын тірі болғанда бүгін 83 жасқа толар еді. 

Қоғам және мемлекет қайраткері, ағартушы ғалым, ұстаз Мұхтар Ғалиұлы Арын есімі Ақтөбе жұртшылығына етене жақын есім. Көзі тірісінде ҚазКСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты болған, бірнеше жыл Ақтөбе педагогикалық институтының ректоры қызметін атқарған Мұхтар Ғалиұлының артында қалдырған рухани мұрасы өте көп. Ақтөбе педагогикалық институтының өркендеп дамуына өлшеусіз үлес қосып, артында талай ұрпақ зердесінде өшпестей із қалдыра білген ұлағатты тұлғаның есімі бүгін Жұбанов университетінің бас ғимаратына берілді.Айта кетейік, университет тарихында ойып орын алған тұлғалардың есімдерін жаңғыртып, ғимараттар мен оқу кабинеттеріне беру игі дәстүрге айналған.

Бүгінгі салтанатты жиында университет ректоры Бауыржан Ердембеков  құттықтау сөз сөйледі.  «Біз Ғылыми Кеңестің шешімімен Ақтөбедегі тұлғалардың университет  ғимараттарына  есімін беру мәселесін қарастырған болатынбыз. Өздеріңізге белгілі бұған дейін Гришин көшесіндегі ғимаратқа Нұрпейіс Бағанин есімін берсек, Тургенев көшесіндегі ғимаратқа Бекежан Сүлейменов есімін бердік. Бүгін міне, бас ғимаратты Ақтөбе педагогикалық институтының ректоры қызметін атқарған Мұхтар Арын есімімен атауды жөн көрдік. Алдағы уақытта Мұхтар Арынға арнап конференция өткізуді жоспарлап отырмыз», — деді.   Сөз соңында   Бауыржан Аманкелдіұлы оқу ғимараттарына ат беру үрдісі алда жалғасатынын, себебі бұл жастарға үлгі  екенін ерекше айтып өтті.

Өз кезегінде ардагер-ұстаз Константин Цхай Алаш ағартушысының көпке үлгі боларлық істерін әңгімелеп берді. «Ғалым атындағы ғимараттың ашылуы — нағыз ғылымды дәріптеген ұстаздың бүгінгі студенттерге қалдырған мұрасын насихаттау, еңбектерін таныта отырып, дәріптеу деп білеміз. Білім бұлағынан сусындап, Ақтөбе педагогикалық инстиуттын қалыптастырып, әрбір шәкipттi өзінің баласындай тәрбиелеген ғалым-ұстазға деген құрметпен жасалған дүние. Осында жиналғандар мен өз басым дарынды ғалыммен қызметтес болғанымызды мақтан тұтамыз» , — дей келе, Мұхтар Ғалиұлының есімі мәңгі өшпейтінін тілге тиек етті.

Салтанатты жиынға ғалымның көзін көріп, тәлімін алған шәкірттері мен жолдастары қатысты. Жиналғандар университетте «Мұхтар Арынның мәңгілік асқары» тақырыбындағы дөңгелек үстелде бас қосты.

Мұхтар Арын — Жетісу өңірінің перзенті, ол бұрынғы Талдықорған облысы Ақсу ауданында 1936 жылы дүниеге келген. Ол кеңестік кезеңде жабылып қалған қазақ мектептерін ел тәуелсіздігінің алғашқы жылдарында қайта ашылуына, жер-су атауларының қазақша аталуына үлесін қосты. Сондай-ақ, тарих қойнауында қалған арыстар мен абыздардың еңбектерін зерттеген ғалым. Ол «Бес анық» тәрбие туралы толғамдарының авторы.

Мұхтар Арын  қазақтан шыққан тұңғыш лингвист-ғалым Құдайберген Жұбановтың есімін педагогикалық институтқа беруді ұсынған тұлға.   Ол Тама Есет батырға кесене тұрғызып, тәлім-тәрбиенің тереңі тарихтың қойнауында жатқанын ұғындырды. 1983 жылдан өмірінің соңына дейін Ақтөбе педагогикалық институтының ректоры қызметін атқарды.