Вторник, Апрель 16, 2024
Басты > Жаңалықтар > Танымал ғалымның тағылымды ісі дәріптелді

Танымал ғалымның тағылымды ісі дәріптелді

Белгілі ғалым, профессор Мұхтар Ғалиұлы Арынның туған күніне орай Жұбанов университетінде «Мұхтар Арынның мәңгілік асқары» тақырыбында дөңгелек үстел өтті.

Алдымен шараға жиналғандарға университет мұражайының жетекшісі Гүлшара Жаркилова мұражайда Мұхтар Арынның шығармашылығы, еңбектері және қалдырған мұрасы туралы әңгімеледі.

Дөңгелек үстелде университет ректоры Бауыржан Аманкелдіұлы Мұхтар Арынның  ұлы Абайдың іліміне қызығушылық танытқанын және оны кейінгі ұрпаққа таныту жолында ұланғайыр еңбек еткенін айтып өтті.

Сонымен қатар, бүгінгі шарада Мұхтар Ғалиұлының зайыбы Райхан Бердіқожақызы, ұлы Ерлан Арын мен ардагер-ұстаз Абылай Жортабайұлы  ыстық ілтипаттарын білдіріп, ізгі тілектерін видеоқұттықтау арқылы  жеткізді. Онда Райхан Бердіқожақызы: «Мұхаң өте парасатты, зерделі кісі болатын. Ол үлкенге де, кішіге де тірек бола білді. Ел қамын, ұрпақ туралы ойлайтын. Ақтөбе өңірі жұртшылығына, зиялы қауымына ризамын. Мұхтардың еткен еңбегін елеп, ескеріп, осындай үлкен шаралар ұйымдастырып жатыр. Оның әріптестері мен шәкірттері үлгілі, биіктерден көрініп жүргеніне қуанып отырамын. Мұхаң қазақ жастарының өнерлі, өнегелі, білімді, тәрбиелі азамат болғандығын қалады. Сондықтан жастарымыз сол үрдістен шыға білсе екен деймін», — деді.

Сондай-ақ, Қазақстан журналистер одағының мүшесі Ерлан Мұхтарұлы:  «Ақтөбе өңірінің топырағында, сай-саласы, құмы, суында әкемнің іздері жатыр. Бұл өңірде әкем аттары аталмай жатқан 
арыстарды жарыққа шығаруға күш салды. Оның еңбегінің бәрін санамалап шығу міндет емес, ең бастысы оны халқы біліп, ел-жұрты елеп, еске алып жатыр.  Бүгін Ақтөбедегі  Жұбанов университетінің оқу ғимаратына әкемнің есімі беріліп отыр. Бұл, оның ұрпақтары, біз үшін үлкен мәртебе.  Мені бұл жерде адамды оның еңбегіне қарай бағалайтын жандардың көптігі қуантып тұр. Қарапайым халыққа, жалпы елге еткен еңбектің ескерусіз қалмайтынының дәлелі осы болса керек. Әкеміздің атын ардақтап жатқан Ақтөбе жұртшылығы мен университет ұжымына алғыс айтамын»
— деген тілегін жеткізді.

Дөңгелек үстелге қатысқан ғалымның көзін көріп, тәлімін алған шәкірттері мен жолдастары Мұхтар Ғалиұлы туралы естіліктерімен бөлісіп, қайраткердің сан қырын тебіреніспен еске алды.

Өз кезегінде ардагер журналист Идош Асқар Мұхтар Арын туралы тебіреніп еске алды. Оның Ақтөбе өңіріне сіңірген еңбегі орасан зор екенін, сондықтан ол қалың бұқараның құрметі мен алғысына ие болып, елі сүйген азамат ретінде мәңгі есте қалатынын айтты.

Дөңгелек үстелге жиналғандар қалалық, республикалық, «Абай оқуларының», «Мағжан оқуларының» жүлдегері, облыстық «Жыр алыбы — Жамбыл» жас ақындар айтысының жеңімпазы, «Ақ айдын» жыр жинағына өлеңдері енген жас ақын Нұрсерік Тәуекеловтің «Мұхтар ағаға арнауын» тыңдады.

Шарада университет ректоры Бауыржан Ердембеков М.Арын атындағы Қарғалы орта мектебінің директоры Жасұлан Жанайдаровты алғыс хатпен марапаттаса, М.Арын атындағы Қарғалы орта мектептің 11-сынып оқушысы, жас ақын Нұрсерік Тәуекеловке Құдайберген Жұбанов  атындағы білім грантын табыстады.  Сондай-ақ қос тарап басшылары М.Арын атындағы Қарғалы орта мектепте Жұбанов университетінің кафедра филиалын ашу туралы екіжақты келісімге қол қойды.

Шара соңында қонақтар Мұхтар Арын атындағы кабинетпен танысты.