Пятница, Апрель 19, 2024
Басты > БАҚ біз туралы > Университеттің бас ғимаратына Мұхтар Арынның есімі берілді

Университеттің бас ғимаратына Мұхтар Арынның есімі берілді

Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінде қоғам және мемлекет қайраткері, ағартушы ұстаз, ғалым Мұхтар Арынды еске алуға арналған «Мұхтар Арынның мәңгілік асқары» атты шара өтті.

Аталған шараға зиялы қауым өкілдері, ғалыммен бірге қызмет еткен әріптестері, университеттің профессор-оқытушылар құрамы қатысты.

Шара алдымен Мұхтар Арынның атына берілген университеттің бас ғимаратын қонақтарға таныстырумен басталды. Жиналғандарға арнап сөз сөйлеген университет ректоры Бауыржан Ердембеков Мұхтар Арынның оқу орнына басшылық еткен жылдарында жасаған еңбектеріне тоқталып, әр салаға қосқан өлшеусіз үлесін атап өтті.

— Мұхтар Арынның университетке, жалпы Ақтөбеге жасаған еңбегі, үлесі болашақ ұрпақтың жадында қалу керек. Бүгінгі шарада осы мақсатта Мұхтар Арынның есімін ғылыми кеңестің шешімімен бас ғимаратқа беріп отырмыз. Бұған дейін де университеттің ғимараттарына Нұрпейіс Байғанин, Бекежан Сүлейменовтің есімін берген болатынбыз. Бүгін ғалымның туған күні, ол кісі тірі болғанда 83 жасқа толар еді. Сондықтан ғалымның рухы риза болсын деген ниетпен бүгін осы игі шараны өткізіп отырмыз, — деді Б.Ердембеков.

Бұдан кейін ғалыммен бірге қызмет еткен әріптестері мен зиялы қауым өкілдері дөңгелек үстел басына жиналды.

Шарада Мұхтар Арынның жұбайы Райхан Бердіқожақызы, ұлы Ерлан Арын және философия ғылымдарының кандидаты, ардагер-ұстаз Абылай Мұхамбетжан бейнеролик арқылы өз лебіздерін айтып, ғалымның білікті басшы, үлгілі әке болғанын, ұлт жанашыры ретінде елге жасаған игілікті істері туралы айтып берді.

Басқосуда Қазақстанның құрметті журналисі, ардагер Идош Асқар ғалым туралы өз естеліктерімен бөлісті.

— Тағдыр мені осы кісінің қасында жақын жүруге жазды. Мен тағдырыма сол үшін ризамын. Мұхтар Ғалиұлы сегіз қырлы адам еді. Мысалы, сол кезеңде елімізде Ақтөбені «рухани өңір» деп атады. Кеңестік кезеңде көп көріне алмаған қазақтың маңдайалды адамдары Мұхаңның арқасында Ақтөбе жеріне келді. Олардың қатарында өнер, ғылым, мәдениет, саясат қайраткерлері бар.

Жалпы Мұхаң Алаш арыстарының ең соңғы тұяғы еді. Ол кісіге басқа оқу орнында, басқа облыста жұмыс табылатын, бірақ ол кісі Ақтөбені таңдады. Себебі сол жылдары Ақтөбе тұрғындарының 30 пайызы ғана қазақ, ал 70 пайызы өзге ұлт өкілдері болды. Мұхаң Ақтөбе өңіріне келген соң осы жерді қазақтандыруға атсалысты. Бұл жерде ол кісіге қарсы шыққан азаматтар да болды. Алайда халық ол кісіні жақсы көрді, Мұхаң елдің сүйіспеншілігіне бөленді. Алдымызда ғалымның 85 жылдығы келе жатыр. Сондықтан Мұхаңның барлық еңбегін, азаматтық тұлғасын ашу мақсатында ақтөбеліктер болып игі шаралар өткізуіміз керек. Ол кісінің адамгершілік, ғалымдық, ұлттық қасиеттерін, азаматтық тұлғасын ашу үшін «Белгілі адамдардың өмірі» атты серия бойынша жаңа дүниелер жасап шығару керек, — деді И.Асқар.

Бұдан кейін сөз сөйлеген Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің профессоры, филология ғылымының докторы Абат Пангереев ғалымның ұлттық рухты көтеруде, Есет батыр, Көтібар батыр, күйші Қазанғап пен жырау Нұрпейіс Байғанин, атақты тары өсіруші Шығанақ Берсиевті зерттеуде қосқан үлесі туралы айта келіп:

— Мұхаңның арманы Абайдың еліне бару еді. Өкінішке қарай, ол кісі Абайдың 150 жылдығынан кейін экспедицияны бастап жолға шыққанда дүниеден өтті. Біз Мұхаңның сол бастамасының ізімен биыл 1 маусымда Құдайберген Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің бір топ ғалымдары «Киелі жерлер географиясы» бағдарламасы негізінде экспедицияға шыққалы отырмыз. Экспедицияның негізгі бағыты — Абайдың жеріне бару. Осы орайда біз «Ақтөбе — Нұр-Сұлтан — Павлодар — Семей — Жидебай — Қарқаралы — Қарағанды — Баянауыл — Екібастұз — Нұр-Сұлтан — Ақтөбе» маршруты бойынша жолға шығамыз, — деді.

Шарада ардагер журналист Ұзақбай Қауысов, халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы облыстық ұйымы төрағасының орынбасары Жанғабыл Қабақбаев, т.б. Мұхтар Арын туралы өз естеліктерін айтып, лебіздерін жеткізсе, белгілі күйші Жайлау Асылханов Қ.Қожанбаевтың «Арнау» күйін орындап берді.

Сондай-ақ шарада университет ректоры Бауыржан Ердембеков Ақтөбе қаласындағы М.Арын атындағы Қарғалы орта мектебінің 11-сынып оқушысы, талапкер ақын Нұрсерік Тәуекеловке Құдайберген Жұбанов атындағы білім грантын табыстап, білім ордасының басшылары М.Арын атындағы Қарғалы орта мектепте Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің кафедра филиалын ашу туралы екіжақты келісімге қол қойды.

Шара соңында Бауыржан Ердембеков М.Арын атындағы Қарғалы орта мектебінің директоры Жасұлан Жанайдаровқа Алғыс хат табыстап, Нұрсерік Тәуекелов «Мұхтар ағаға» атты арнау өлеңін оқып берді.

Айта кету керек, шара барысында зиялы қауым өкілдері университет мұражайындағы Мұхтар Арын мүйісімен, ғалым туралы жинақталған виртуалды мұражаймен, сондай-ақ М.Арын атындағы кабинетпен танысты.

 Данагүл ҚАЗИХАН

http://www.aktobegazeti.kz/?p=76131