Четверг, Апрель 25, 2024
Басты > БАҚ біз туралы > Құдайберген Жұбанов рухына тағзым

Құдайберген Жұбанов рухына тағзым

«Туған жерім – Нұрлы елім» акциясы аясында өткізілген Мұғалжар ауданы күндерінің университетіміз үшін маңыз­дылығы өте зор. Олай дейтініміз, оқу орнының есімін иеленген тұңғыш лингвист-ғалым, ұлт ұстазы Құдайберген Қуанұлы Жұбанов талай сырды қойнауына бүккен осы жердің тумасы.

Аз жасаған саналы ғұмырында ұлттық тіліміздің қадір-қасиетін танытатын тағылымы терең, ғылыми еңбектер жазған ғалымға тағзым ету, Жұбанов ұрпақтарымен кездесу өткізу, ағайынды Жұбановтардың құнды мұраларынан көрме ұйымдастыру сияқты бірқатар шаралар Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінде өткізілді.

Ең алдымен Қ.Жұбанов ескерткішіне Ақтөбе қаласының әкімі Ілияс Испанов бастап, университет ректоры Бауыржан Аманкелдіұлы, философия ғылымдарының докторы, профессор Амангелді Айталы мен Қазақстан қажылар қауымдас­тығының Ақтөбе облысы бойынша әйелдер және қыз балалар жөніндегі төрайымы Мариям Жұмағалиқызы, Мұғалжар ауданы әкімі Ербол Данағұлов, ағайынды Жұбанов­тар ұрпақтары гүл шоқтарын қойып, Құдайберген Қуанұлы ескерткішіне құрметпен тағзым етті.

Гүл шоқтарын қою рәсімінен соң алғаш сөзді қала әкімі Ілияс Сапарбекұлы сөйлеп, ұрпаққа өнеге болатын осындай іс-шараларды ұйымдастырушыларға, университет ректоры Бауыржан Аманкелдіұлына алғысын жеткізді.

Келесі сөз кезегін алған университет ректоры Бауыржан Ердембеков Мұғалжар ауданы мен Жұбанов университеті тығыз қарым-қатынаста екендігін, Ақтөбе аудандары ішінен осы Мұғалжар ауданынан университетімізге білім алуға студенттер көптеп келетіндігін тілге тиек ете отырып, алдағы уақытта «Жұбанов» зерттеу орталығын жаңғырту, «Қ.Жұбанов» атындағы кабинетті «Ақтөбе – құтты мекен» форумы аясында ашу жоспарланып отырғандығын алға тартты.

Мұғалжар ауданы әкімі Ербол Жеткергенұлы өз кезегінде университет ректоры Бауыржан Аманкелдіұлына алғысын білдіріп, Жұбанов білім ордасында оқитын Мұғалжар ауданының үздік студенттерін бір реттік шәкіртақымен марапаттады.

Сондай-ақ, Мұғалжар күндері аясында Жұбанов университетінде Ембі қаласы ағайынды Жұбановтардың мемориалдық музейінің «Туған өлкенің қос жұлдызы» жылжымалы көрмесі, Мұғалжар өлкесінің қылқалам өнер шебері, Қазақстан Суретшілер Одағының мүшесі, өнер кафедрасының доценті Жәнібек Есенқұлдың қылқалам туындыларынан көрме ұйымдастырылып, Жұбанов ұрпақтарымен университет ұжымы, студенттері тағылымды кездесу өткізді.

Жадыра АРЕН,
Қ.Жұбанов атындағы АӨМУ
баспасөз қызметі
Ақтөбе облысы

источник