Пятница, Март 29, 2024
Басты > Білім > Жазушымен әдеби-танымдық кездесу кеші өткізілді

Жазушымен әдеби-танымдық кездесу кеші өткізілді

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында көрсетілген басты мәселелердің бірі – ұлттық код, ұлттық ерекшелік, ұлттық құндылықтар екендігі белгілі.  Бүгінгі күні  ұлттық болмысымыз бен төлтума мәдениетімізді, рухани құндылықтарымызды сақтап, жаһандану үдерісінде бет-бейнемізді жоғалтпай жас ұрпаққа ұлттық құндылықтарымызды сабақтастықпен жеткізу біздің борышымыз. Бұл борышты орындауда қаламын қару еткен жазушыларымыздың орны ерекше. Өйткені олар өз туындыларында бірде қоғамда орын алып жатқан келеңсіздіктерді әшкере етсе, бірде келелі оқиғаларды дүйім жұртқа үлгі ретінде ұсынады. Сондай қаламгерлер қатарында Ақтөбе өңірінен шыққан талантты сатирик Төрежан Мәндібай да бар.

Сатирик-жазушы Т.Мәндібайдың тұлғасын тереңірек танып, шығармашылығын зерделеу мақсатында 2017 жылғы 20 қыркүйекте Жұбанов Университетінде филология факультеті қазақ әдебиеті кафедрасының ұйымдастыруымен «Уытты сөздің ұстасы» атты  әдеби-танымдық кездесу кеші өткізілді. Кеште қазақ әдебиеті кафедрасының меңгерушісі ф.ғ.к., доцент М.Р.Балтымова кіріспе сөзін айтып, жазушыға арнайы сыйлығын ұсынды. Қаламгердің шығармашылық жолы, туындыларының әдебиетке қосқан тың үні мен соны лебі туралы ф.ғ.д., профессор А.М.Мұсаев баяндама жасады. Кездесу барысында Т.Мәндібай өзінің әдебиетке келуі, тырнақ алды туындысының оқырмандардың ыстық ықыласпен қабылдағандығы, сықақ-әңгімелердің өз ойында қалай туындайтындығы туралы сырларымен бөлісіп, мазмұны терең «Әжеме» әңгімесін оқып берді.   Кешке қатысушылар қаламгерге сауалдар қойып, ашық пікір алысу мүмкіндігіне ие болды.  Т.Мәндібайдың  студент жерлестері жазушыға жүректен шыққан  ізгі тілектерін білдірді. Сонымен қатар бейнефильм көрсетілді, факультеттің өнерлі студенттері өз әндерімен кешті көркейте түсті. Әлеуметтік мәселелер және жастар саясаты департаментінің маманы Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің ректоры ф.ғ.д., профессор Б.А.Ердембековтың құттықтау хатын табыстады.

Төрежан Мәндібайдың  шығармашылығына арналған «Уытты сөздің ұстасы» атты әдеби-танымдық кездесу кешіне қатысушылар жазушының өзіндік философиясына бойлап, шығармаларынан рухани азық алды. Қаламгердің өнегесін көңілдеріне тоқып, ұлағатын сіңірген студенттер ұлт мүддесіне қызмет етуге шабыттанды, әдебиеттің қоғам өміріндегі орны мен қару ретіндегі құдіретін таныды.