Пятница, Март 29, 2024
Басты > Жаңалықтар > Мерейтойға арналды

Мерейтойға арналды

Жұбанов университетінің ғылыми  кітапханасы  мен Ақтөбе қаласының кітапханаларының ұйымдастыруымен Ақтөбе қаласының 150 жылдығына арналған және қазақ тіл білімінің ғылыми негізін қалаған тұңғыш лингвист Құдайберген Жұбановтың туғанына 120 жыл толуына орай университет алаңында «Ақтөбе қаласының әдеби көшелері» атты көпшілік шара өтті.

Шараға Ақтөбе қаласының тұрғындары мен қонақтары, профессор-оқытушылар, студенттер, мектеп оқушылары  қатысты.

Ғылыми шара Ақтөбе қаласы бойынша көшелерге берілген қазақстандық және жергілікті ақын жазушылардың есімін анықтау, профессор  Құдайберген Жұбановтың өмірін, шығармашылық жетістіктерін, жарық көрген шығармаларын насихаттау, халықты Ақтөбе жерінің жергілікті авторлар туындысын оқуға шақыру мақсатында ұйымдастырылды.

Аталған шараны алғысөзімен ашқан ҚР Мәдениет қайраткері Еркін Құрманбек жиналғандарды Ақтөбе қаласының 150 жылдық мерейтойымен құттықтап, Ақтөбенің тарихы туралы баяндады.

Шараға қатысқан университеттің «Қазақ әдебиеті» кафедрасының меңгерушісі Нұрбол Сәдуақас: «Ақтөбе қаласының 150 жылдығына байланысты қаламызда жоспарлы түрде көптеген шаралар өткізіліп жатыр. Бүгінгі шара да — осы бағытта атқарылып жатқан кезекті жоспарлы істердің бірі. Әдебиет — ұлттық құндылықтарымыздың бірі болса, жас ұрпақ — еліміздің келешегі. Сондықтан бүгінгі жиынның университет алаңында жастардың ортасында өткізілуінің де маңызы зор деп білемін. Қаламыздың өткен тарихына ой жіберсек, әдеби-ғылыми еңбектерге зер салар болсақ, алдыңғы топта профессор Құдайберген Қуанұлы Жұбанов есімін атаймыз. Құдайберген Жұбанов есімінің қаламыздың тарихында да өзіндік орны бар. Себебі, алғашқы еңбек жолын Ақтөбедегi губерниялық халық aғapту бөлiмiнің инспектор-методисi қызметiнен бастап, облысымызда оқу-ағарту саласының дамуына ерекше үлес қосқан», — деді. Сөз соңында  ол Құдайберген Жұбановтың әр ісі келешек ұрпаққа үлгі-өнеге екенін,  аталмыш шараның тәрбиелік мәнінің  зор екенін тілге тиек етті.

Жиында университеттің мұражай жетекшісі Гүлшара Жаркилова «Жұбанов университетінің Ағайынды Жұбановтар көшесінде орналасуының өзіндік мәні  мен  мазмұны бар деп  ойлаймын. Мұның  өзі  университетімізге  тағылым,  ұлттық  саналылық  әкелді.

 Университеттегі «Жұбановтану» ғылыми-зерттеу орталығы  Құдайберген Жұбановтың шығармашылығын, ғылыми мұраларын зерттеу мақсатында 1991 жылы құрылды. Орталықтың алғашқы  меңгерушісі болып  ғалымның баласы, профессор Есет  Жұбанов  тағайындалған болатын «Жұбановтану» ғылыми-зерттеу орталығы  мен  университет мұражайының  әр бұрышында қазақ тілінің де,  қазақ елінің де тарихы, өмірі,  өткен  белестері  Құдайберген Жұбановпен  бірге көрсетілген.  Жақсы  іс әрқашанда  жалғасын табады.

Сондай-ақ, ғалымның есімін иеленген қасиетті қара шаңырақ Жұбанов университеті еліміздің жоғары оқу орындарының арасында үздік бестікке еніп, төртінші орынға көтерілді. Мұның барлығы университет ұжымының еңбегі деп білемін.  Сондықтан,  университет ұжымының игі істері ұрпақтан ұрпаққа танымдық  қасиетімен жалғасын таба берсін! Бүгінгі Ақтөбе қаласының 150 жылдық мерейтойы құтты болсын!», -деді.  

Шараға қатысушылар Ақтөбе қаласы туралы ойларымен бөлісіп, кітап көрмелерін аралады.