Четверг, Апрель 18, 2024
Басты > БАҚ біз туралы > Саяси қуғын-сүргін: тарихы мен тағылымы

Саяси қуғын-сүргін: тарихы мен тағылымы

31-ші мамыр саяси қуғын-сүргін және ашаршылық  құрбандарын еске алу күні қарсаңында өңірлік университетте «КСРО-дағы саяси қуғын-сүргін: тарихы мен тағылымы» атты  республикалық ғылыми-практикалық конференция өтті. Конференция аясында бірнеше шара ұйымдастырылды. Зұлмат жылдарға арналған кітаптар көрмесі, «Ашаршылық қасіреті» кітабының тұсаукесері болды.

Алдымен шараға келген қонақтар Қ. Жұбанов ескерткішіне гүл шоқтарын қойды. Конференция аясында «Тарих тағылымы ұрпақтар жадында» атты көрме жұмыс жасады. Мемлекеттік архив зұлмат жылдардағы құжаттардың экспозициясын жасақтаған. Құнды құжаттар тарихшы ғалымдар үшін ғана емес, студент  жастар үшін  де маңызды.  Репрессияға ұшыраған бүтін бір ұлт  өкілдерінің біздің өлкеге қоныс аударуы туралы мәліметтер.  Өздері мұқтаж болса да, бауыр тартқан қазақ халқының кеңдігі туралы  сол ұлт өкілдерінің естеліктері сақталған.

Конференция барысында  Қазақ Ұлттық аргарлық университетінің профессоры, тарих ғылымдарының докторы Светлана  Смағұлованың  «Ашаршылық қасіреті» кітабы таныстырылды. Өткен ғасырдың   20-шы жылдардағы ашаршылық нәубетін тартқан халқымыздың ауыр тағдыры әңгімеленеді.

Өткен ғасырдың 30-шы жылдарындағы нәубетте миллион  жарым адам көз жұмды. Яғни, сол кездегі ел халқының төрттен бірі бөлігі. Ашаршылық елдің әлеуметтік, демографиялық ахуалын өзгертті.  Конференцияның пленарлық мәжілісінде ғалымдар Кеңестік саясаттағы қайшылықтар, ашаршылықтың себебі, салдары мен зардабы туралы  кеңінен талқылады.

Жиынға  Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары  Марат Тоқжанов та қатысты.  Тарихшы болған Марат Лұқпанұлы   бұл мәселе әлі де зерттеуді қажет етеді деді.

Конференция түстен кейін де жалғасты. Дөңгелек үстелдер, секциялық жұмыстар ұйымдастырылды. Шараға қатысушылар ертең, Түйетөбе ескерткішіне тағзым етуді жоспарлады.

Венера Серғазы