Пятница, Апрель 26, 2024
Басты > Жаңалықтар > Рухани жаңғыруға арналған дөңгелек үстел өтті

Рухани жаңғыруға арналған дөңгелек үстел өтті

2017 жылдың 21 қыркүйегінде Жұбанов Университетінің мәжіліс залында Еуразиялық интеграция институты директоры Ғани Нығметов бастаған топ Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы аясында қазақ тілін латын қарпіне көшіру мәселесін талқылауға орай «Модернизация 3.0: Рухани жаңғыру» тақырыбында дөңгелек үстел өткізді.

Дөңгелек үстелге ішкі саясат басқармасы жетекшісінің орынбасары Ермек Тауанов, университеттің оқу ісі жөніндегі проректоры Бибігүл Әбенова және университеттің профессорлық-оқытушылық құрамы мен студенттер қатысты.

Алғаш сөз алған Бибігүл Сейілқызы дөңгелек үстел жұмысына сәттілік тілей отырып, жиналғандарға қатысушыларды таныстырып өтті. Евразиялық интеграция институтының директоры Ғани Нығметов бұл өңірлік дөңгелек үстелдің Павлодар, Өскемен қалаларынан кейін Ақтөбеде өтіп отырған үшінші  жиын екендігін айта келіп, шараның өтуіне қолдау білдірген Жұбанов Университеті басшылығына алғысын айтты. «Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесінің жетекшісі Ермек Тауанов дөңгелек үстел барысында Ақтөбе облысында рухани жаңғыруға орай жүзеге асып жатқан жобаларға тоқталды.

Филология ғылымдарының кандидаты, доцент Нұрбол Сәдуақас жасаған баяндамасында: «Латын графикасы – интернеттің, білімнің, ғылымның, жаңа технологиялардың тілі. Латын қарпіне көшу — заман талап етіп отырған мәселе. Мемлекеттің күшеюі үшін Елбасы осындай сындарлы саясатты қолға алды. Мемлекеттік тілді дамытуға жасалып жатқан-үлкен шара» дей келе, латын әліпбиіне көшудің тиімді тұстарына тоқталып, лингвистикалық талдау жасай отырып, өзінің ұсыныстарын жеткізді. Тарих, этнография және археология орталығының директоры Даулет Абенов қазақ тіліне дер кезінде реформа жасау керектігін, «бір дыбыс-бір әріп» принципіне қолдау танытатындығын тілге тиек етті.

Дөңгелек үстел жұмысы нәтижесінде жиналғандар латын әліпбиіне көшуді қолдайтындықтарын білдіріп, жобаның жүзеге асуы үшін белсенділік танытып, атсалысу керек деген шешімдерін жеткізді.