Вторник, Июнь 2, 2020
Басты > Жаңалықтар > Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алды

Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алды

Жұбанов университетінде ұлттық тарихи сананы қалыптастыру, ұлттық бірлікті нығайту және тарихи жадыны жаңғырту мақсатында ұйымдастырылған «КСРО-дағы саяси қуғын-сүргін: тарихы мен тағылымы» атты республикалық ғылыми-практикалық конференция  өтті. Конференцияға жиналғандар алдымен Құдайберген Жұбанов ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, құрметпен тағзым етті.

Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күніне арналған конференцияда ғылыми әдебиеттер және мұрағат құжаттарының көрмесі ұйымдастырылып, «Зұлмат» деректі фильм көрсетілді. Кітап көрмесінде алаштықтардың кітаптары мен оларды зерттеушілердің еңбектері көпшілік назарына ұсынылды.

Пленарлық отырысқа облыс әкімінің орынбасары Марат Тоқжанов,  сондай-ақ білім беру мекемелерінің қызметкерлері,  қоғам қайраткерлері, тарихшы ғалымдар, профессор-оқытушылар қатысып, конференция тақырыбына қатысты ғылыми тұжырымдарын, тың көзқарастарын ортаға салды.

Ақтөбе облысы әкімінің құттықтауын жеткізген Марат Тоқжанов өткен ғасырдың бірінші жартысында Қазақстанның барлық аймағына келген қайғылы жағдайды Ақтөбе өңірі де толығымен көргенін айтты. Ресми мәліметтерге сәйкес, тек Ақтөбе облысында  қуғын-сүргінге ұшыраған 2 мың адам атылды. Елде жаппай аштықтан 2 миллионға жуық адам құрбан болды.

«Біздің халық сияқты қысқа уақыт аралығында соншама қайғы-қасіретті бастан кешкен халық аз. Он жылдың ішінде біз өз ұлтымыздың жартысын жоғалттық. Біз тарихты онда жазылған қайғылы оқиғалардың қайталануына жол бермеу үшін ұмытпауымыз қажет. Сол үшін елімізде көп дүние жасалып жатыр. Бүгінде біз Елбасымыздың сындарлы саясатының арқасында біртұтас, айрандай ұйып отырған елміз. Бұл біздің басты қасиетіміз. Біздің күшіміз осыда. Сондықтан, біз біртұтас ел ретінде тоталитарлық тәртіп пен ашаршылық құрбаны болған жандарды ұмытпауымыз қажет» — деді облыс әкімінің орынбасары. Сөз соңында Марат Лұқпанұлы ұйымдастырушыларға конференция өткізгендері үшін алғыс айтып, қатысушылардың жұмысына  сәттілік тіледі.

Өз кезегінде Жұбанов университетінің ректоры, профессор Бауыржан Ердембеков бұл атаулы күннің маңызына тоқталды.

Сонымен қатар тарих ғылымдарының докторы, профессор Нұртаза Абдоллаев «ХХ ғасырдың 20-50 жылдары биліктің әкімшіл-әміршіл жүйесінің тарихи мәні» тақырыбында баяндама жасаса, Қазақ ұлттық аграрлық университетінің профессоры  Светлана Смағұлова  «Қазақстандағы ашаршылықтар: себебі, салдары және зардабы» тақырыбын қозғады.

Айта кетейік, конференция кезінде тарих ғылымдарының докторы, профессор Светлана Смағұлованың «Ашаршылық қасіреті» монографиясының тұсауы кесілді. Бұдан басқа, тарихшылар ашаршылықты басынан өткермеген кейбіреулер бұл зұлматты аңыз секілді қабылдағанымен, сұрапыл нәубет халқымыздың бастан кешкен шынайы тағдыры екенін айтып, лагерьлерде ұлтымыздың ар-намысты алға қойған арда азаматтары мыңдап құрбан болғанына тебірене тоқталды.

Конференцияда КСРО-дағы саяси қуғын-сүргіннің ұлттық қырлары, Батыс Сібірдегі қазақ халқы арасындағы саяси қуғын-сүргін, саяси қуғын -сүргінге ұшыраған тұлғалардың беймәлім есімдерін жарыққа шығару, саяси қуғын-сүргін тарихы бойынша жаңа деректерді айқындау және зерттеу мәселелері  талқыланып, ғылыми көзқарастар, тұжырымдар айтылды.

Конференция секциялық мәжілістермен және  «Кеңестік саясаттағы қайшылықтар және оның салдары» тақырыбындағы дөңгелек үстелмен жалғасты. Басқосу барысында ғалымдар саяси қуғын-сүргін мәселелері, ашаршылық, большевиктердің қудалауына ұшыраған қоғам қайраткерлерінің іс-әрекеттері, тоталитарлық әміршіл-әкімшіл жүйенің зардаптарын талқылады.